ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2000 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
14-15 ақпан. Орал қаласына «Бөбек» қорының президенті, Қазақстанның бірінші ханымы Сара
Назарбаева жұмыс сапарымен келді. Сара Алпысқызы облыстық «Балдырған» қоры жанындағы қамқорлық кеңесінің отырысына қатысты. Онда қор төрайымы Баян Жақыпова атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ «Жас дәурен» балалар кешенінде, №1 балалар үйінде болып, ондағы тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты. Ол С.Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернатына жаңа компьютерлік сынып жабдықтарын сыйға тартты.
24 ақпан. Орал қаласындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты, ауыл шаруашылығы институты және Дәулеткерей атындағы өнер институты біріктіріліп, Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл ісшараларды түсіндіру мақсатында облысқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры А.Әбжапаров келді. Ол Орал қаласындағы жоғары оқу орындары оқытушылары және студенттерімен кездесіп, қайта құруға байланысты олардың сұрақтарына жауап берді. Жаңа оқу орнының ректоры болып Б.Дмитов тағайындалды.
30 маусым. ҰОС-да қаза болған және хабарсыз кеткен 37 мың жерлесіміздің аты-жөні енгізілген «Зерде» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа кітапқа материалдар жинауға РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты үлкен көмек көрсетті. 21900 данамен шыққан алты томдық кітап мектептерге, мұражайларға, кітапханаларға таратылады.
5-7 қазан. Ақын Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдығына арналған шараларға орай ақынның зайыбы Софья Мәлікқызы мен балалары және туыстары Ақ Жайық өңіріне келді. Олармен бірге жерлес ақындарымыз Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, ақын Т.Меңдетбеков, жазушы М.Еслямғалиев, сазгер және музыкатанушы И.Жақанов, сондай-ақ Мәскеу Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Т.Кузовлева келді. Орал қаласында мерейтойлық шара ақынның ескерткішін ашудан басталды. Облыстық әмбебап кітапханаға ҚР Үкіметінің шешімімен Жұбан Молдағалиевтің есімі берілді. Соның құрметіне орай кітапханада өткен шара барысында жергілікті «Дастан» баспаханасында шығарылған ақынның екі томдық жинағының тұсаукесері өтті. Өткен ғасырдың 30-жылдары Жұбан ағамыз оқыған ауыл шаруашылығы техникумы болған қазіргі №38 қазақ лицей-мектебі ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.
18-19 желтоқсан. ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Қырымбек Көшербаев тағайындалды. Соған орай Үкімет басшысы Қасымжомарт Тоқаев Оралға келіп, облыс активінің жиналысына қатысып, Қабиболла Жақыпов ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары болып тағайындалғанын хабарлады.
жалғасы бар.Версия для печати
Пікір үстеу