ӘР ҚАЗАҚ ДОМБЫРАНЫ ШЕРТЕ БІЛСЕ
Ұлттық аспапты ұлықтаудағы игі үрдісті жалғаған Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйтқы болуымен Қайрат Байғұтты есімді оралдық жас осы жылдың басында ұлттық аспапты тегін үйрету курсын бастады.
«Еріктілер жылы» қаламыздың жастары сан түрлі бағытта волонтерлік қызметтерін жүзеге асыруда. Қайрат Байғұтты «Асыл мұра» бағыты бойынша халқымыздың мәдени-тарихи мұрасының сақталуына үлес қосу мақсатымен өз замандастарына домбыра аспабын үйретуге бел буған.
– Ресурстық орталық басшылығы менің ұсынысымды қолдап, домбыра курсын ашуға ықпалдарын тигізді. Осылайша, өз бойымдағы өнерді өзгелерге үйрете бастадым. Менің мақсатым – жастарымызды домбыра аспабын ең болмағанда шерте білуге үйрету. Өйткені бүгінде заман ағымына сай замандастарымыздың көбі техникаға бейім, одан қалды батыстың әуендеріне елітіп, ұлттық өнерді елең қылмайтындай жағдайға келе жатырғаны жасырын емес. Қазақ дегенде ең бірінші есімізге домбыра аспабы түседі. Әр қазақтың үйінде домбыра ілулі тұруы керек деп айтып жүргеніміздей, сол үйдің иелері домбырада бір шығарманы болса да шерте білетіндей деңгейде болса екен деп ойлаймын, – дейді ерікті.
Қайрат Байғұтты Қаратөбенің Шөптікөл ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген. Бүгінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетінде дәстүрлі музыкалық өнер мамандығы бойынша білім алуда. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әрітісі. Әкесі – Абай, ағасы – Самғат та қасиетті аспапты жандарына серік еткен жандар екен. Әр күні домбыраның қоңыр үнімен басталатын шаңырақта өскен Қайраттың да екі ішекті аспапқа махаббаты ерте оянып, бес жасынан-ақ қолына алған. Қолы шебер ағасы өз қолымен домбыра жасап беріп, бауырын ұлттық өнерге бағыттаған. Ағасының үйретуімен алғаш рет күй анасы Динаның «Тойбастарын» ойнауды үйренген. Ес біліп, бастауыш мектепті аяқтаған соң, аудан орталығындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы саз мектебіндегі домбыра үйірмесіне қабылданды. Ол жерде домбырадан сабақ берген ұстазы Самат Акимов – Қайраттың өнердегі әкесіне айналған жан. Осы кісінің жетелеуімен аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, шеберлігін танытты. Оған «Әлем Талант Stars» байқауынан бас жүлде алып, Грузия мен Түркия мемлекеттеріне жолдама алуы, Алматыда өткен «Күншуақ» байқауынан, халықаралық «Дала сазы», Қазақ радиосының 55 жылдығына орай өткен «Тай жарыстан» гран-при иеленулері дәлел бола алады.
– 15 жылдан бері қара домбырамды жаныма серік етіп келемін. Домбыраның арқасында өнердегі өз жолымды ерте бастадым, – дейді Қайраттың өзі.
Ерікті домбырашы-ұстаз өз курсына 10 жастан 29, 30 жасқа дейінгі өнерге ықыласы бар жандарды қабылдаған. Дегенмен, үйренуге ниеті мен құлшынысы болса ересектерге де домбырада ойнаудың әдіс-тәсілдерінен дәріс беруге дайын. Алғашқы сабақтарында курс қатысушыларына домбыраның құрылысын таныстырудан бастап, аспаптың тарихы, сан жыл сарабынан өтіп, сыны кетпеген домбыра өнерінің бүгінге дейін сақталуына сүбелі үлесі мол Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Мәмен, Қали Жантілеуов сынды саңлақ күйшілердің өшпес іздері туралы мағлұмат берілді.
– Адамға буын сүйектері қатып үлгермеген жас кезінен домбыраны үйренуді бастағаны дұрысырақ. Дегенмен, орта жасқа келіп те қос ішекті еркін меңгеріп, керемет ойнап жүрген азаматтар бар. Сондықтан аспапты меңгеруде жас ерекшелігі аса кедергі емес. Ең бастысы – ықылыстың болуы. Алдыма келген үйренушілерге пернені дұрыс басу, білезік буындарын ырғақты қимылдатуды үйретуден бастап, өз бойымдағы бар біліміммен бөліссем деймін, – дейді Қайрат.
Өнермен қанаттанған жас ұлттың рухына теңелетін, руханилық байлықтың бастауы – домбыраның жастардың санасында ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі туралы сөз етіп, «Әр иісі қазақ бұл жәдігерді ұлттық құндылықтың бірегейі ретінде қастерлеуі парыз. Әр қазақтың ұланы Құрманғазының «Адайын», Нұрғисаның «Әлқиссасын», Дәулеткерейдің «Көроғлысын» ойнауды білсе нұр үстіне нұр болар еді» деген ойын жеткізді.
Эльмира НҰҒМАНОВА
«Жайық үні» газетінен алынды
Версия для печати
Пікір үстеу