ПАРАСАТТЫЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТИІМДІ ТӘСІЛ
Өңірге жұмыс сапарымен келген республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы Сәдібек Түгел және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева бүгін, 18 наурыз күні БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен бірге Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы «Парасат жолы» орталығының жұмысымен танысып, Ақжайықтың ақ шағаласы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева бастаған жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз» екендігін айтқан болатын. Міне, осы үштағанның аясында үлкен миссиямен Ақ Жайық өңіріне келген меймандар, қош келдіңіздер. Әділдікті, парасаттылықты, сенімді негіз еткен «Парасат жолы» – жас жоба болса да жаңашылдығы мол. Ертеңіміздің негізін қалау жолындағы жобаға сәттілік тілейміз, – деді басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
«Парасат жолы» жобасы – осы жылдың ақпан айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен қолға алынған бастама. Парасатты адам жемқорлыққа бармайды, құқықбұзушылық жасамайды. Жобаға зиялы қауымды, ғалымдарды біріктіру мақсат етілген. Әр өңірдегі қоғамның құрметіне ие топ жобаны жүзеге асыруға атсалысады. Осы орайда қоғамда парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған жобаға ҚР Жазушылар Одағы қолдау білдіріп отырғанын атап өту керек. Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел мәлім еткендей, 1-сәуірге дейін еліміздегі барлық кітапханаларда аталмыш орталықтар жұмысын бастамақ.
– Елімізде 12 500 кітапхана бар. Жоба осы кітапханалардың негізінде жүзеге асады. Біздің Тәуелсіз ел тарихында мұндай жоба болмаған. Тұңғыш рет қолға алынды. Жобаны 800-ден аса ақын-жазушыны біріктірген Жазушылар Одағы қолдап отыр. Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет алғашқы жиынға қатысып, қолдайтынын білдірді. Одақтың әр өңірдегі филиалдары да белсенді атсалысуда. Нақты жұмыс – зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, қарапайым халықпен кездесіп, парасаттылық идеологиясының мән-мазмұнын түсіндіру. Бұл – біріншіден, халықты жемқорлыққа төзбеушілікке дайындау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Екіншіден, балаларымызды, жастарды жеті басты айдаһар іспетті кеселден жиіркендіруіміз керек. Менің түйгенім: жемқорлық дегеніміз – қарапайым халықты қанау, ұлтты тонау, сатқындық. Отанды сату осы жемқорлықтан басталады. Туған Отанымыз – Қазақстанның қарыштап дамуы үшін аяғына тұсау болып тұрған жемқорлық. Бұдан ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, халықпен бірге құтыламыз. Бұл әр адамның парызы, ешкім де тыс қалуға тиіс емес. Сонда ғана жемқорлық жойылады, – деді қоғам қайраткері Сәдібек Түгел.
Ақ Жайықтың ардақтысы Ақұштап Бақтыгереева жемқорлықпен күрестің көптің көкейінде жүрген мәселе екенін және осы ретте «Парасат жолының» республикалық деңгейде құрылуы, орталықтардың кітапханаларда ашылуы, Антикор мен кітапхананың бір-бірімен қарым-қатынасты жолға қоюы парасатты бастама екенін және сауаттылық, парасаттылық кітап оқу арқылы қалыптасатынын атап өтті. Еңбек ардагері, өлкетанушы, Мәдениет саласының үздігі Жайсаң Ақбай жемқорлық қылмысын жасағандарға жазаны қатаңдату – өзгелерге сабақ боларын айтты. Адалдықты ту еткен ардагер жобаның негізгі мақсатын жұртшылыққа жеткізуге үлес қосуға дайын екенін білдірді. Ал ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген медицина, білім салаларындағы түйткілді мәселелерді ортаға салса, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы «Парасат жолы» өңірлік орталығының жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі, ақын Үзілдік Елеубаева өңірде жобаны жүзеге асырудың жоспары жасалғанын мәлім етті. Жазушы, қалалық «Жайық үні» ЖШС газеті редакциясының директор-редакторы Мира Шүйіншәлиева жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды әр адам өзінен бастауы тиістігін жеткізді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жақсылыққызының сөзінше, жоба аясындағы орталықтарды кітапханаларда ашудың тағы бір маңызы – жалпы қоғам мүшелерінің, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кітапанаға бет бұруына ықпал ету.
– Антикор мен кітапхананың байланысуы жаңа бастамаларға жол ашады. Бұл орталықтарда шаралар, тікелей эфирлер ұйымдастыру жоспарланды. Оған шақырылған мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде келеді деп ойлаймын. Қоғам өкілдері жұртшылықтың мәселесін көтеріп, бірлескен түрде мәселені шешудің жолдарын үйлестіруіміз керек. Біздің жобамызға қолдауларын көрсетіп жатқан зиялы қауымға ризашылығымды білдіремін, – деді Жазира Жылқышиева.
Агенттік өкілінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылған «Адалдық алаңы» жобасы енді жалпыұлттық жобаға айналмақ. Бұл жобаның да мақсаты – халыққа жақын болу, қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс жасау арқылы қоғамдық бақылау орнату. Бұл мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 100-ден аса қылмыстық іс ашылған.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу