ОРАЗ ИСАЕВТЫҢ РУХЫН АЙТЫСПЕН ЖАҢҒЫРТТЫ
Мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдығына орай Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында «Ел ұмытпас ерлерін» атты ақындар айтысы өтті. Айтыстың ұйымдастырылуына аудан әкімдігі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйтқы болды.
Айтысқа 12 ақын қатысты. Олардың қатарында облыстық, республикалық айтыс аламандарында жүлдегер атанып жүргендер де, айтысқа енді аяқ басқан өнерпаздар да болды. Жыр додасында жүлделі орындар тағайындалмағанымен, ақындарға айрықша аталымдар беріліп, жүлдеге тігілген 600 мың теңге тең бөлінді. Сондай-ақ өнерсүйер азаматтар ақындарға қаржылай демеушілік жасады.
Шараны ашқан Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла Жамбыл Жабаев, суретші Әбілхан Қастеевтей тұлғалардың әлемге танылуына ықпал еткен Ораз Жанұзақұлы тарихтан өз бағасын әлі толық алмағынан атады. Осы орайда, ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған сөз додасына шыққан алты жұп солақай саясаттың құрбаны болған қайраткер Ораз Исаевтың ел үшін еткен еңбегін жырларына арқау етті. Жыр бәйгесін ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізді.
Алдымен сөз жарысына Ақжайықтың ақын ұлы Бекболат Қаленов пен сырымдық Бауыржан Ширмеденұлы шақырылды. Айтыскерлер әдемі сөз орамдарымен көпшіліктің көзайымы болды.
«Ораз атам жайында мен айтайын,
Ондай бізде қазақтың ұлы қанша?!
Ауылдың писсары боп алғашында
Өмірдегі басталды сыны қанша
Жымпитыда жемісті еңбек етті
Сәкендей арыстардан тұғыр алса.
Одан кейін қаншама қызмет етті
Ол кезде қызметтің құны қанша?
Үкіметке келеді одан кейін
Жанының байқасаңдар сірі қанша
Тоғыз жылда түлетіп, туған жерді
Жасады жұмыстарды ірі қанша?!
Голощекин дегенмен қасарысып,
Тиді екен Сталинге тілі қанша?!
Қызметтен кетсе де ол атамыз
Қасқайып тұрған екен ұлыларша.
Сол кезде Мәскеу жаққа бара жатып,
Атылды ұзақ болмай ғұмыры онша.
Қанға бөгіп жатпап па ед қайран ерім,
Қайраткер азаматтың құны болса
КСРО-ны басқарып кетер ме еді,
Кремльге сол кезде тірі барса», – деп Ораз Исаевтың өмірі туралы тарихты қозғаған Бекболат Қаленовтың сөзін «Оразға көше берген елден – Ораздың өзін туған елге келдім» деп жалғаған Бауыржан Ширмеденұлы:
«Исаев сөзге шешен болған дейді,
Сөйлегенде әр сөзін саралапты.
Исаев сөйлегенде елге қарап,
Қағазға, ештеңеге қарамапты.
Білмейтін Исаевтай өр баласын,
Қоғамға қарап тұрып қорланасың», – дей келе қоғамды тарихты танып-білуге, ана тілінде мінсіз сөйлеуге шақырды. Ақындар Ораз Жанұзақұлының жазушылардың шығармашылықтарын жинақтауларына көмектескенін, зиялыларға жасаған жақсы істерін айтып, Исаевтың ұлтқа мақтан ұлы тұлға болып тарихта қаларын сөз байламдарына қосты.
Жаңақаланың жүйрігі Орынбек Меңдіқұлов пен облыстық ақындар айтысына жаңадан қосылып, өнер көрсетіп жүрген оралдық жас ақын, мектеп оқушысы Әділ Ахметовтың сөз жарысы аға мен іні арасындағы айтыс болды. Көрерменді сүйсінткен жас айтыскерлер бір-бірін сөзбен түйреп, ұйқастарын әзілмен өрді. Ұлы тұлғаны дүниеге әкелген Көнеккеткен еліне де жылы лебіздерін, ақ тілектерін әдемі сөзбен арнай білді.
Ақжайық ауданының қос ақыны Абылайхан Мақсұтов пен Санат Мұхаметжанов жұбындағы айтыста ел ішіндегі ауызбірліктің сақталуы, ауыл халқының тыныс-тіршілігі, көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек тақырыбы сөз болды.
Ақжайық ауданының тумасы Айнабек Бисенғалиев теректілік Эльдар Ихсановпен сөз додасына түсті. Теректінің ақыны Эльдар Ихсанов Көнеккеткен ауылдық окургінің бұған дейін Теректі ауданына қарасты ауыл болғанын айтып сөз бастады. Сондай-ақ осы ауылға 33 жыл басшылық етіп, ауылды гүлдендіруде ерекше ізін қалдырған Шұға Әбдірахманованың еңбегін атады. Қос ақын да Ораз Исаев туралы тереңнен толғады.
Эльдар: «Оразды туған жердің бағы қалың
Таласа қояр дейсің бағына кім?
Ауылда тұрған кезде болған екен
Біреуі қарапайым шаруаның.
Қарадан ханға дейін көтерілген
Ораздай текті туған қабыланың.
Биікке көтерген сол Исаев қой
Қастеев, Жабаевтай танымалын.
Қазақтың нанын емес қамын жеген,
Сәйгүлік сақа туған саңлағың.
Қазір Ораздың орнында от(ырғ)қан жандар
Жеп жатыр ұлтымыздың нанын, бәрін
Соның оны бір Оразға татымайды…», – десе,
Айнабек Бисенғалиев:
«Ұлықтап Ораз деген данышпанды,
Әруағына құраның бағышталды.
Біз білеміз есімін бала кезден
Тарихтың төріндегі таныс жанды.
Біздерге кесір қоғам көрсетті ғой
Солардың кеудесінен жанышқанды.
Көр соқыр адамдардың кесірінен
Көзі ашық адамдардың бәрі ұсталды.
Ажалдың аузына айдап салған
Азуы алты қарыс арыстанды.
Азулы арыстанның ұрпағымдай
Ешкімге тапталмайтын намыс қалды.
Ораздардың салып кеткен ізі емес пе?
Бүгінде бағындырса табыстарды
Ардақтап жүруіміз артық емес.
Азаттық шамын жаққан арыстарды», – деп іліп әкетті. Қадыр Мырза Әли атындағы орталықта бірге қызмет етіп жүрген ақындар жұрт алдында жан-жақты ой айтып, әдемі айтысты. Оларға ауылдық ағайынның қошеметі де айрықша болды.
Жыр бәйгесінде ауылдың мұң-мұқтажы да тілге тиек етілді. Көгілдір отын тартылып, таза ауыз су үй-үйге кіріп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Жуырда ауыл ортасында жасанды жабынмен спорттық алаң пайдалануға берілген. Алайда, ауылда мәдениет үйі жоқ, облыс орталығымен байланыстыратын жолдың жағдайы да көңіл көншітпейді. Ақындардың қай-қайсысы да осы мәселелерге басымдық берді. Мәселен, Айнабек Бисенғалиев бұл туралы:
«Баяғыда қалаға барған кезде
Алдын ала дайындық қылатынбыз
Арғы бет дегеніңді білмейтінбіз
Бағытты бергі бетке бұратынбыз
Өзіміз москвичке мініп алып,
Керемет көлік қой деп ұғатынбыз.
Армансыз терезесін ашып қойып,
Көліктің көк шаңдарын қуатынбыз
Ащының көпірінен өткеннен соң,
Радиатор тесіліп, сынатынбыз.
Әрең деп Ақжайыққа жеткеннен соң,
Алла деп асфальтқа шығатынбыз.
Өмірі ондай нәрсе көрген жоқпыз.
Таң қалып трассаға тұратынбыз.
Өмірдің үлкен жолын көру үшін
Жолыңмен жүріп өткен бір ақынбыз», – деп жырлады.
Жұртшылықтың көңілін серпілткен ерекше айтыстардың бірін Ақжайық ауданы Өлеңті ауылынан келген Мейірман Шәкенов пен Бөрлі ауданынан келген Жарқынбек Шынтаев жасады. Есімі бұрын көп естілмегенімен бұл айтыста Жұбан елінің тумасы Мейірман Шәкенов жалынды сөз, отты мақамымен қошеметке бөленді.
«Исаев Ораздарың армандар ғой
Орындалмай кете барған армандары
Өнердің онкүндігі өткен кезде
Москваға елді бастап барған жан ғой.
Жиырма минут қағазсыз орысшалап сөйлегенде
Москваның орыстары таң қалған ғой.
Ораздайын ұлдарың нар сияқты,
Елі үшін туылған жан сияқты,
Төтенше жағдайларды жасағанымен,
Қарапайым халықпен дос болыпты,
Бұйрық беріп қана отырмай аң сияқты.
Оразды өлді деп мен айта алмаймын,
Жүректерде мекендеген жан сияқты,
Біреулер бар болса да жоқ сияқты
Ораздар жоқ болса да бар сияқты», – деп Ораз Исаев туралы жырлаған Мейірман әр шәкіртін тұғырға көтеріп жүрген О.Исаев мектебінің ұстаздарына да сөз арнады. Сондай-ақ ақынның Көнеккеткен ауылының атпал азаматтары туралы айтқаны халыққа ұзақ қол соқтырды.
«Ауыл екі болғанымен жолымыз бір,
Қыс болса біздің жаққа қиындау келеді
Жіберген тракторы қыстыгүні,
Тек қана Қызылжарға дейін аршиды екен
Бермен қарай уақытын қимай келеді.
Ұлдаштар шығады сосын күрек ұстап,
Бір күні қалмаса екен жүрегі ұстап.
Қайта қожалықтарға көп рахмет,
Нұрқаштар аянбай, суымай келеді
Қыз баласын сыйлаған біздің қазақ
Жол ашымай кеткендер де сыйлау керек.
Көнеккеткен ауылына асыл арман
Арманға жете алмай жүр, сол қайғы екен.
Исаевқа ауыл атын берсек дейді
Жоғарыға ұсыныс жолдай ма екен?!
Бұл сөзімді халқымыз қолдай ма екен?!
Жалында, жастық, жалында
Бірақ ешкімге жалынба.
Мекен болған атырап,
Ораздайын тау ұлға.
Кең пейілдігіңненнен айналдым,
Кен де емессің ғой дарынға.
Мәдениетің өлмейді
Ортасында Оралдың
Мұратжан, Арай барында,
Клубым жоқ деп мұңайма
Бір клуб та салынар
Әлжаның менен Ержаның
Дүркіреп тұрған шағыңда,
Сеттерің нашар болғанымен
Ниеттеріңнен айналдым
Тектілік бар-ау қаныңда.
Нұргүлмен жастар нұрлансын
Арысың бар да арында,
Қамыстыкөлден айналдым,
Екі көшенің тұрғыны
Айналып кеткен бауырға.
Сөз соңында айтарым
Маңдай тер болсын наныңда
Береке болсын таңыңда
Ораздың аты бұйырсын,
Ұлдаш басқарған ауылға…
…Нұрекең басқаратын мектебің бар,
Көзіңнің ағы менен қарасындай.
Ал енді медпункттің хәлі мүшкіл
Қотырдың қасып кеткен жарасындай.
Кипрде көрме өткізген Қайырың бар,
Бір өзі бір бейнелеу саласындай.
Нұрлан, Серік пенен Әлібилер
«Аңсарыңды» басқарған Арманың бар.
Ауылын сүйетұғын анасындай
Артылғанын ауылға береді екен.
Бұл елдің жігіттері бар осындай
Ащыға шабақ салған «Әліп» деген
Шаруа қожалығы бар осындай,
Осындай азаматтар аман болсын
Туған елін түлетер дарасындай
Әйтпесе осы күні бай көбейді,
Сұрасаң сатып берер қара суды-ай.
Тапқанын жамбасына баса бермей,
Болса екен жігіттердің бәрі осындай», – деп ел мерейін өсірді.
Кемеңгер тұлғаны ұлықтауға арналған айтысты жәнібектік Мұрадым Мирланов пен Ақжайықтың ақыны Әсет Бисенғалиевтің жұбы аяқтады. Мұрадым өз сөзінде айтысқа арнайы шақырған ауыл әкімі Ұлдаш Зайдағалиқызына рахметін айтып, Жайық өзені үстінен қалқымалы көпірдің салынуына ықпал еткен Дәулетжан Әбдірахманұлына халықтың ризашылығын жеткізді.
Айта кету керек, ақын сөзіне қосқан Ақжайық ауданының ардагері Дәулетжан Әбдірахманұлының айтуынша, жуырда ғана пайдалануға берілген қалқымалы көпір жыл бойына халыққа қызмет ететін болады. Халық үшін жағымды жаңалық – биылғы сәуір айында үлкен көпірдің жобалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Оның құны – 35 млрд. теңгеге жобаланған. Еңбек ардагері атап өткендей, үш жыл ішінде көпірдің құрылысы үшін респбуликалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуы керек. Осы уақыт ішінде қазынадан қаржы қаралуы тиіс.
Ауыл халқын сүйсінткен айтыстың қорытындысында ақын Әсет Бисенғалиевке «Науша батыр атындағы жүлде», ақын Абылайхан Мақсұтовқа «Мектеп Досқалиев атындағы жүлде», ақын Бауыржан Ширмеденұлына «Жиембет жырау атындағы жүлде», ақын Санат Мұхамбетжановқа «Тұңғыш облыстық ақындар айтысының жеңімпазы Хамит Әбілов атындағы жүлде», ақын Айнабек Бисенғалиевке «Қазтуған жырау атындағы жүлде», ақын Эльдар Ихсановқа «Сағынғали Сейітов атындағы жүлде», ақын Жарқынбек Шынтаевқа «Байбарақ батыр атындағы жүлде», жәнібектің жүйрігі Мұрадым Мирлановқа «Жұбан Молдағалиев атындағы жүлде», ақын Бекболат Қаленовке «Михаил Абдолов атындағы жүлде», Жаңақаланың ақыны Орынбек Меңдіқұловқа «Тұрақ Бектұрғанов атындағы жүлде», болашағынан зор үміт күтірер жас ақын Әділ Ахметовке «Қанаш Иманбаев атындағы жүлде» берілді. Ал той иесі Ораз Исаев атындағы жүлдемен Мейірман Шәкенов марапатталды.
Бұдан бөлек ауылдың атымтай жомарт кәсіпкерлері Арман Абдолов пен Нұрлан Қадырғалиев айтыскерлер Орынбек Меңдіқұлов пен Мейірман Шәкеновке ақшалай сый ұсынды.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Пікір үстеу