ОРАЛДАҒЫ ДОСТЫҚ-ДРУЖБА ДАҢҒЫЛЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ДАҢҒЫЛЫ БОЛЫП ӨЗГЕРДІ
Бүгін Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХ сессиясының күн тәртібіне сай депутаттар 2019 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей эфирдегі ұсынысына және қала әкімдігінің ұсынысына сәйкес қаладағы Достық-Дружба даңғылын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімді қолдап, бірауыздан бекітті.
Сессия жұмысына қала әкімі Мұрат Мұқаев, құрылымдық бөлімше басшылары және депутаттар қатысты. Сессия төрағасы қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеровтың мәлімдеуінше, бұл ұсыныс алдымен қалалық мәслихаттың нормативтік құқықтық мәселелер және жұртшылықпен байланыс жөніндегі тұрақты комиссия отырысында кеңінен талқыланып, тұрғындар тарапынан қолдау тапқан.
Қалалық мәслихаттың нормативтік құқықтық мәселелер және жұртшылықпен байланыс жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Амангелді Ермекқалиев Нұрсұлтан Әбішұлының елі үшін сіңірген толассыз еңбегін айта келіп, бүгін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да өткен жиында шаһардағы басты көшенің атауын кемеңгер тұлғаның атына өзгерту туралы ұсынысты оқу орнының оқытушылары мен студенттері, қала тұрғындары жаппай қолдап, жылы пікірлерін білдіргенін жеткізді. Жиында сөз алған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаев, қалалық мәслихат депутаттары Валентина Михно, Әнуар Мұқатаев Тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі татулық пен тұрақтылықтың негізі болған Достық-Дружба даңғылына әбден лайық екенін айтты.
– Өздеріңізге белгілі, кеше, 19 наурыз күні Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатқан болатын. Әрине, бұл баршамыз үшін күтпеген жағдай болды. Конституцияға сәйкес, қазіргі таңдағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысында қалалардағы, облыс орталықтарындағы ең көлемді даңғылдарға Тұңғыш Президент атын беру туралы ұсынысын жариялаған болатын. Сол ұсынысты біз қолдай отырып, қалалық қоғамдық кеңеспен, қалалық мәслихат депутаттарымен, аталмыш көше тұрғындарымен бірлескен жиын өткіздік. Бұл ұсынысты тұрғындар толық құптады. Тұңғыш Президентіміздің елі үшін еңсерген еселі істерін, қазақ елін әлемнің 50 дамыған мемлекетінің қатарына қосу жолындағы орасан зор еңбегін білесіздер. Сондықтан Достық-Дружба даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атауды ұсынып отырмыз, –деді сессия отырысын қорытындылаған қала әкімі Мұрат Мұқаев.
Депутаттар жиында талқыланған мәселені толық құптап, бекітті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу