8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
07 Қыркүйек 2019 3918 0
Қоғам

ОРАЛДА ИСАТАЙ МЕН МАХАМБЕТКЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

«Ұлт-азаттық көтерілістің саяси көсемі – Исатай, рухани көсемі – Махамбет»

 

Бүгін Оралда Исатай мен Махамбет ескерткіші салтанатты түрде ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған атты композицияның ашылуы «Қала күні» мерекесімен тұспа-тұс ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ғали Есқалиев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері, қала тұрғындары және «Қала күні» мерекесіне орай көршілес облыстардан келген делегаттар қатысып, тарихи сәтке куә болды.

 

Ел үшін ер боп туған батырларға арналған ескерткіштің биіктігі – 13 метр. 5 жарым метрлік мүсіндік композиция қоладан құйылып, 7,5 метрлік тұғырнамасы граниттен жасалған. Даңқты батырлар Исатай мен Махамбеттің қайсарлығы мен батырлық бейнесін толық ашып, ескерткішті көркемдік тұрғыдан құраған Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбет рөлінен көрініс көрсетіп, әжелер шашу шашты.

– Бүгін баршамыз үшін ерекше тарихи күн. Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлына арналған еңселі ескерткіш киелі Ақ Жайық өңірінде бой көтерді. Көптен күткен қуанышымыз құтты болсын, – деп бастады құттықтау сөзін облыс әкімі Ғали Есқалиев, – Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны болып табылатын Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге септігін тигізуде. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларды қастерлеу қасиетті борышымыз. Таяуда «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихты, тарихи тұлғаларды бағалай білу баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды мақтанышын туғызады» деген сөзі өміршең екені рас. Ал азаткер ақынның «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске…» деген жыр жолдарын рухтанбай оқу мүмкін емес. Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады. Алаш ардақтысы Исатайды батыр, қолбасшы ғана емес, айбынды азамат, ақылы асқан жауынгер ретінде де өте жоғары бағалап, ерекше құрметтеген. «Жетімдерге жем бердім, жесірлерге жер бердім. Сырлы зерен аяқпен – Бал ұрттаған ер едім» деп, Исатай батырдың қайтпас қайсар қайратты ер, халық қамқоршысы образын жасады. Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбеттің есімдерін ел ардақтайды, құрмет тұтады. Темірден жонылып, тастан қашалып жасалған ескерткіш көпшіліктің, соның ішінде жас ұрпақтың рухын оятып, ұлы мұраттарға жетелейді, отаншылдыққа, елжандылыққа үндейді. Бұл жер қастерлі де қасиетті орынға айналары хақ. Тәуелсіз мемлекеттіміздің «Мәңгілік ел» болу жолындағы мәртебесін әрдайым асқақтата түседі. Қазақтың батыр да айбынды халық екендігін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын ескерткіш еңсемізді биіктетіп, рухымызды көтеруге қызмет етері сөзсіз. Сондықтан батыр бабалар рухы бәрімізді әрдайым жебеп жүрсін, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева қос батырдың ескерткішіне тәу етіп, жиналғандарды Махамбеттің жырын оқуға шақырды.

– Ғасырлар бойы өлмей келген халқымның екі қара баласының есімі – Исатай, Махамбет. Егемендік жылдарында да әр жүректе жазылды. Осылар айтқан еркіндікті аңсаған халық қашанда соны армандап балаларына Исатай, Махамбет деп ат қойып, үміттенді. Ұлтының, ұрпағының, туған даласының тағдыры үшін, еркіндігі үшін, бүгінгі болашақтың бақыты үшін біреуі жанын қиды, біреуі басын кескізді. Яғни, туған елге, Отанға, өз ұлтына қалай қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, ұлттың да, халықтың да ұмытуға хақы жоқ. Бүгін біз соған куәміз. Дәл қазір біздер тұрған жерде Махамбет ақынның аяғының ізі жатыр. «Еділ мен Жайық екі өзен, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім…» деген еді. Сол аңсаған еркіндіктің ақ ордасы бар бүгін. Ендеше, әр ата-ана соларға лайық еңкеймей кіретін, намысты, рухты етіп өз ұлын өсіруі керек.  Әрбір адам «бабалар алдындағы, рух алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, әлде жоқ па?» деп ойлануы керек. Бұл әркімнің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Намыстарыңыз қалғыған кезде осы жерге келіңіздер, жандарыңыз қиналса да осында келіңіздер. Рухы жоқ ұлтты кім көрінген мазақ етеді, кім көрінгеннің аяғында жатады. Сол рухты көтеру үшін осы ескерткіш қойылып отыр. Егемендіктің туын көтерген кезде, соларға қосылып осы екі есім көтеріледі. Ұлы даланың топырағы тегін емес. Ұлт тексіз болмайды. Ұлттың бір-бірінен артық-кемі болмайды. Ендеше, осындай батырды туған  ұлттың ешқайсысынан кем болатын жөні жоқ. Әділдік аңсасаңыздар, Махамбеттің өлеңін оқыңыздар, – деген Ақұштап Бақтыгерейқызы рухпен өмір сүрген елдің бірлігі бекем болатынын жеткізді.

Сондай-ақ ҚР Білім беру ісінің үздігі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев  Исатай мен Махамбет көтерілісі туралы тарихты қозғап, тәуелсіздігімізді мәңгі сақтау – баршаның мұраты екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік қазаққа көктен түскен құдыреттің сыйы емес. Азаттық жолы қашанда азапты. Тәуелсіздік үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шаһид кетті, итжеккенге айдалды, түрмеге тоғытылды, атылды, асылды. Осы ретте біз Исатай мен Махамбет тарихын қазақ даласындағы 300-ге жуық ұлт-азаттық күрес тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Қазақ оқымыстыларының ішінде ең алғаш Исатай мен Махамбет тарихы туралы тірнектеп жинап, мұқият зерделеп, жүрегінен өткізген ғалым, энциклопедист, Күнбатыс Алашорданың көсемі Халел Досмұхамедов. Ол өз еңбегінде «Кіші жүздің Ресейге қосылғанынан кейінгі 150 жылдық тарихы – қанмен жазылған тарих» деп келтіреді. Жоғарыда айтқан 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің дені осы Қазақстанның батыс өңірінде өткенін зерттеушілер тарихи еңбектерінде растайды. Қазақта «Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» дейді немесе Майқы би: «Бектен туған Алшын-ды, Біз үшін қанға малшынды. Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза қамшыңды» десе,Сүйінбай Аронұлы Қатағанмен айтысында  «…Алшын ата баласы – Сұлтансиық, Бақсиық, Хан қызы екен анасы, Қаннан кеуіп көрген жоқ, Найзасының сағасы, Он екі ата – Байұлы, Жеті аталы Жетіру, Әлім менен Шөмекей, Халқымның еді жағасы» деген. Мұның барлығы кешегі  Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған Ұлттық кеңесте қаралып жатқан қазақтың ұлттық рухын жоғары дәрежеге көтеретін уақыттың келгенін көрсетеді. Исатай мен Махамбет шын мәнінде арқалаған қоғамдық жүгімен және азаматтық, адамгершілік үлгісімен кейінгі ұрпаққа ұлы өнеге қалдырған тұлғалар. Осыдан  он екі жыл бұрын Оралда өткен Сырым Датұлының конференциясында Әбіш Кекілбаев: «Көшбасшыны ана тумайды, Көшбасшыны халық туады, Көшбасшыны тарих туады, Көшбасшыны уақыт туады. Егер ана баланы тоғыз ай, тоғыз күн толғатса, Көшбасшыны халық пен тарих ғасырлар бойы толғатады» деген болатын. Мұны Сырымға байланысты айтты. Дәл осындай сөздер Исатай мен Махамбетке де қатысты. Қазіргі уақытта кәсіби тарихшылар «ұлт-азаттық көтерілістің саяси көсемі – Исатай десе, рухани көсемі – Махамбет» деп танып отыр. Жасқұста үш мың жарым әскермен хан ордасын қоршаған Исатай Жәңгірге қылыш сермеген жоқ. Махамбеттің атынан айтылатын Исатайдың «Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған,
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады – ай,
«Жанымды қой» деп сұрады – ай.
Ақкөңіл аңқау жүректен,
Беремін деп мен тұрдым.
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың,
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды…» деп келетін монологы бар. Мұның өзін сезіне білген адамға сол заманның көрінісі келеді. Сол сапарында Әбіш ағамыз «Сырым Датұлынан басталған азаматтық күрес әлі тоқтаған жоқ» деген еді. Ал Елбасы: «Біз Тәуелсіздік алғанға дейін былай ойладық: егер тәуелсіздік алсақ, қоғамдағы мәселе өзінен өзі шешіледі. Ал Тәуелсіздікті алғаннан кейін Тәуелсіздікті сақтап тұру – тәуелсіздікті алғаннан бетер қиын екенін түсіндік. Бізден де кейін тарих сахнасына толқын-толқын қазақ даласы көтеріледі. Кейінгі ұрпақ бәрін кешіреді. Бірақ,тәуелсіздіктен айырылып қалсақ кейінгі ұрпақ бізді кешірмейді» деген болатын. Осы реттен келгенде Тәуелсіздік ежелгі және мәңгілік құндылық. Тәуелсіздік үшін күрескен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының бүгінгі тойы құтты болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деді Жаңабек Жақсығалиұлы.

Ұлт мұратын ту еткен ерлердің ескерткішіне облыс басшысы Ғали Есқалиев, қала әкімі Абат Шыныбеков, ақын Ақұштап Бақтыгереева және тарихшы Жаңабек Жақсығалиев  бастап, ескерткіштің ашылуына жиналған қалың жұртшылық гүл шоқтарын қойды.

Өр жүректі батырларға арналған ескерткіштің ашылу шарасы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Бабамыздың өршіл рухы өшпейді» ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Конференциядан соң жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Эльмира НҰҒМАНОВА,

автордың суреттері

 

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
95 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
210 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
459 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
720 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
959 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
993 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
1146 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1342 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1573 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1660 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1771 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1779 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1810 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1812 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1917 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
2136 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»