ОРАЛДА ЕЛЕУСІНОВТІҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТУДЕ
Оралдағы оқушылар сарайында ХХХІ жазғы олимпиаданың чемпионы Данияр Елеусіновтің жүлдесіне арналған ересектер арасында халықаралық турнир өтуде. Еліміздің әр түкпірінен және Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларының былғары қолғап шеберлері қатысып жатқан дода наурыздың 29-ы күні мәреге жетеді.
Жерлесіміз Данияр Елеусіновтың жүлдесіне арналған турнир облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен осымен екінші мәрте өтуде. 26 наурыз күні салтанатты түрде ашылған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов және арнайы шақырылған олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ермахан Ыбрайымов пен Мұхтархан Ділдәбеков қатысты. Құрметті меймандар спортшыларға сәттілік тілеп, Данияр шыққан топырақтан болашақта еліміздің көк Туын әлемдік додаларда биікке көтеретін ізбасарларының көбірек шығарына сенім білдірді.
Ашық турнирге Нұр-Сұлтан қаласының, Маңғыстау, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының және Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының командалары бойынша 76 боксшы жиналған. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңда баптары мен бақтарын сынға салуда.
Өзбекстан Республикасы Самарқан облысының аға бапкері Икром Ходжаев бұл турнирге 14 шәкіртін алып келіпті.
– Біздің елде бокс жақсы дамыған. Ел чемпионаттарына 300-400-дей спортшы қатысады. Бәсекелестік жоғары. Оралға бірінші мәрте келуіміз. Туринирдің алғашқы екі күні жақсы өтті. Спортшыларымыздың арасында жеңгендер де, жеңілгендері де бар. Жүлдеден үміттіміз, – дейді И.Ходжаев.
Былғары қолғап бәсекесіне халықаралық дәрежедегі АИВА төрешілері төрелік етуде. Бас төреші – «Қазақстандық бокс федерациясы» қауымдастығының үйлестірушісі, Азияның үздік супервайзері атанған Аслан Игубаев.
– Турнирдің деңгейі өсіп келеді. Қатысушылардың былтырғы жылға қарағанда екі есеге өскенін атап өту керек. Әрі бұған дейін олимпиада ойындарына, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысқан тәжірибелі боксшылар бар, – деді бас төрешінің орынбасары Нұрсұлтан Қонарбаев.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Сағындық МОЛДАШЕВ, Батыс Қазақстан облысының спортшысы, спорт шебері:
–Турнир тартысты өтуде. Өзім 56 келі салмақ дәрежесі бойынша шығудамын. Алғашқы күні Қырғызстан боксшысын жеңдім. Ол да тәжірибелі боксшы. Жақсы мектептен өткені байқалады. Сондықтан қиындау болғаны рас. Ширек финалда ақтөбелік қарсыласымды ұпай санымен ұттым. Алда жартылай финал. Бокс – адамды шыдамдылыққа, батылдыққа, бірінші кезекте тәртіпке үйретеді. Жаттықтырушым Саттар Сұлтанғалиевтің бізге айтатыны – осы. Қазіргі уақытта өзім де шәкірттер тәрбиелеудемін.
Версия для печати
Пікір үстеу