8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
13 Маусым 2018 4561 0
Өзек

ЛОМБАРДТА «АДАЛ АЛТЫНДАР» БАР МА?

Франциядан бастау алған

         Ғаламтор бетіндегі мәліметке сүйенсек, ломбард  – жеке тұлғаларға жылжымалы мүлік беретін кепілдігімен қысқа мерзімді қарыз беруші  мекеме. Тұңғыш рет мұны Францияда он бесінші ғасырда Ломбардиядан шыққан италиялық көпестер құрған. Ломбардқа заттарды (асыл металдан, асыл тастардан жасалған бұйымдарды, кілем, сәндік әшекейлерді, т.б.) кепілге салу туралы шарт ломбардтың кепілзат билетін беруімен рәсімделеді. Ломбард кепілге салынған заттарды бағасының толық сомасында сақтандыруға  міндетті.  Ломбард  қызметкерлері кепілге  салынған заттардың жоғалғаны мен бүлінгені үшін жауапқа тартылады. Әрі кепілге салынған заттарды пайдалануға, иеленуге құқы жоқ. Кепілзатпен қамтамасыз етілген несие сомасы ломбардқа уақытында қайтарылмаған жағдайда ол нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде кепіл затты сата алады.

«М – Ломбард», бұл қай ломбард?

«Заманына қарай адамы» демекші, қазіргі уақытта ломбардтардың да түр-түрі бар. Мәселен, «М-Ломбард» компаниясының филиалдары еліміздің түкпір-түкпірінде қанатын жайған. Яғни, ақша үшін барлық жағдай жасалған. Өз мүлкіңізді тапсыру үшін көше кезіп ломбардты іздемей саудаласуға да болады. – Ол үшін үйден шықпай-ақ ломбардтың барлық артықшылықтарына ие болуға толық мүмкіндігіңіз  бар. Қарызыңыздың уақытын ұзартып, бұйымдарыңыз туралы толық ақпаратты өзіңізге ыңғайлы кез келген жерден алуға да болады, – дейді ломбардтың қызметкері.

Сақина саудасы

Сақина демекші, жалпы бұл бұйым біреудің көзі, һәм біреудің сыйлығы немесе өзіміз бәлен жыл бойы ақшамызды жинап сатып алған «қадірлі» бұйымның бірі. Ал осындай жолмен келген бұйымды қалай ғана саудаға саламыз? Бірде дос қызымның  неке жүзігі туралы әңгімесін  естідім.  Ақшадан қиналған сәтте  ломбардқа тапсырып жіберіпті. Пайызы өсіп кетіп, содан ала алмай қалыпты.  Күйеуінің таққан жүзігінен ақшаға бола айырылып қалыпты. Мұндай   мысалдарды  тілге тиек еткен кейбір кейіпкерлер аты-жөнін жазуымызды жөн  көрмеді. Жалпы осы тақырып аясында әңгімелескендер  суретке түсуден, шын атын айтудан бас тартты. Біз сөзге тартқан  Ару есімді келіншек:

– Отбасымда тек жолдасым ғана жұмыс жасайды. Оның еңбекақысы мардымсыз. Сол себепті қаржы жетіспейді. Өзім балаларды бағып үйде отырамын. Әке-шешемнің сыйға тартқан асыл бұйымдарын амалсыздан ломбардқа өткізіп тұрамын. Бұрын алтынның 1 грамын азғантай бағаға алатын еді. Қазіргі таңда алтынның 1 грамм салмағы 7000-8000 теңгені құрайды. Бұл біз үшін өте жақсы. Себебі, алтындарымды өткізіп, қаржысын керек-жарағыма жұмсаймын. Кейін үстіне пайызын қосып, ақшаны кері қайтарып, алтындарымды өзіме қайтарып та аламын. Уақытында ақшам болмай, пайызы өсіп кетіп асыл тастарымнан айрылып қалған да кездерім болды, –дейді.

Орталық базар маңындағы ломбардқа келушілердің бірін сөзге тартып көрдік.  Ол кісінің айтуынша, қазір ломбард қызметкерлеріне мүлдем  сенуге  болмайды. Себебі көбісі сауда-саттықта лас істермен айналысады.

– Мысалы, біздер қаржыдан қысылып, амал жоқтан алтынымызды тақпай  осында әкелеміз ғой. Сөйтсек, ломбардта бірнеше күнге қалған алтындарымызды сатушылар талан-таражға салады. Қолы шебер зергерлермен бірлесіп неше түрлі қитұрқы әрекетке барады. Олар жылтыраған көздері жоқ алтындарымыздың  белгілі бір бөлігін кесіп алады да, сосын түк болмағандай орнына қоя салатын көрінеді.  Өзі жетіспей жүрген ақшаға ақша қосып, ештеңені де байқамай әлгі алтындарымызды аламыз да кетеміз. Бір сөзбен айтқанда, біз ақша үшін қиналып келгенде, олар біздің алтынымызды шетінен жымқырып, өздері үсті-үстіне пайда табады. Құдай бар дегенді ұмытып, адалдық қасиеттен аттайды. Тіпті, бір танысымның ұлы ноутбукты тапсырған екен, кейін қайтып аларда оның ұсталып, әбден тозғанын байқапты. Осыларды ойласам ішім удай ашиды. Өткенде таза алтын сақинамды тапсырып едім,  өзіңіз көргендей, ақшасын кері төлеп, алып барамын. Енді бұл жерге келмеймін, – дейді көңілсіз күймен жауап қатқан Нұргүл апай.

Біреулер  ломбардқа алтындарын амалсыз  тапсырып жіберіп, кеткен бұйымның «қысқа жіпті күрмеуге» келмейтін ақшасын жеп қойып, қиналып жүреді.  Ол ақша  «бір жыртықты жамар», ал одан  кейінгі жыртықты немен жамайды? Ломбардқа сырға-сақинасын  «алып­-салып» байып кетіпті дегенді ешбір қыз-келіншектің аузынан естімеппін. Өзінің болмаса біреуден ұрлаған алтындарының қамымен арпалысып жүргенше, қаржы жетіспеушілігін басқа да жолдармен шешуге тырысайық.  Әйтеуір ломбардта жатпасын жүзігіңіз.

Кей тұрғындардың ақшасы болмағандықтан, заттары алынбай қалады. Ал келушілердің бұл бұйымдарын ломбард қызметкерлері не істейді? Әрине, өздерінің пайдасына жаратып, қайтадан халыққа саттыққа шығарады. Сақина саудасы деген осылайша жалғаса береді.

Ұрылар үшін «таптырмайтын жер!»

Жалпы, бұл  мәселе  хақында  сауалдарымызға жауап іздеп, қалада орналасқан сауда орындарына, саны шектеусіз ломбардтарға кіріп шықтық. Алайда, ломбард басшысынан бастап қызметкерлеріне дейін сұхбаттан бастарын ала қашты. Қаржы бизнесін кәсіп еткен бұл ұйымдардың кейбірінің ғимаратында Әділет департаментінің рұқсат қағаздары болса-дағы, біздің сұрағымызға  жауап беруден жалтарды. Ломбардтағы құжат-қағаздардың бәрі дерлік  дұрыс болса, неге қашқақтайды? Түсініксіз жәйт.  «Бәрінің астарында бір шикілік жатыр ма?» деген ой мазалайды.  Шикілік демекші, біреудің мүлкін «олжалап» әкететін ұры-қарылар үшін ломбардтың таптырмайтын орын екені рас. Себебі, олар өздерінің қылмыстық жолмен тапқандарын осы жерге өткізіп, ақша табады.Сөздің шыны керек,  ломбардтағылар ұрылардың біреуді жылатып-еңіретіп, қан-қақсатып әкелген алтындарын  сатып отыр емес пе? Ал мұны тексеріп, ақ-қарасын анықтап жатырған кімдер бар?! Жалпы ломбард туралы Ережені кімдер бекітеді?

Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық Ішкі  істер  департаментіне хабарласқан болатынбыз. Аталмыш департамент бастығының орынбасары Б.Әбуовтен  жауап та келді.

« Ломбард туралы Ережені әр ЖШС директорлары өздері бекітетінін хабарлаймыз.

Ағымдағы жылғы пәтер ұрлығы бойынша ұрланған алтын бұйымдарды сезікті тұлғалар Орал қаласында орналасқан «М-Ломбард» ЖШС және «Астра Ломбард» орындарына тапсырғаны анықталды.

Басқалай қылмыстық істер бойынша ұрлық заттарды ломбардқа тапсыру фактілері анықталған жоқ.

Батыс Қазақстан облысы аумағында қазіргі таңда бұйымдармен айналысатын 110 ломбард іс-қимыл жасауда» делінген хатта.

Ломбардтағылардың жеке куәліктен басқа құжат сұратпай, тіпті, кепілге қоятын дүние-мүліктің құжатын да қарамайтындығы ұрылар үшін «таптырмайтын жер!»

– Сіздерге ешқандай ақпарат бере алмаймын. Өйткені, бізбен клиенттің арасындағы жәйтті жайып тастауға болмайды. Келушілердің құқығын таптағаным болып есептеледі. Сосын олардың тапсырған асыл тастарын, иә болмаса басқа да заттарының ұрланған-ұрланбағанын біз тексермейміз. Бір сөзбен айтқанда, олар әкелді, біз алдық, – дейді қорқа-соқтап тіл қатқан қараторы, жасы отыз бестердегі ломбард  қызметкері.

P.S. Иә, өздеріңіз көріп жүргендей, біздің Орал қаласында  қаптаған ломбард. Оның қайсысы заңды-заңсыз?! Ломбардтарда кімдердің ұрланған алтындары жатыр? Қайсысы ақшадан қысылып, өз алтынын уақытша тапсырды? Қолды болған заттарды  әкеліп  ұрылар жүр ломбардтардың айналасында тайраңдап. Өз үйінен  немесе жұмыста сөмкесінен алтындарын  ұрлатып  алып, ұрыны таба алмай жүрген  қаракөздеріміздің қатары  соңғы кезде көбейіп барады. Ал, ломбардтағылар үн-түнсіз. Мысалы, шет елдердегі ломбардтың қызметіне қатысты қатаң талап бар. Сол секілді біздің де ломбардтардың  қызметіне  қатысты  заңдылық  талап, белгілі бір тәртіп болса?  Бұл туралы пікірлеріңізді күтеміз, оқырман қауым!

Айшабибі МӘМЕТ

zhaik­_ yni @mail.ru

    Болған оқиға ізімен…                                         

Ойда­-жоқта өз үйімнен алтындарым жоғалды­, – деп бастады әңгімесін Айша апай.  Келін-баламнан, тіпті отыз жыл отасқан күйеуімнен, үйге жиі келетін ағайындарымнан  көріп, күнәға бата жаздадым. Ақшаға бола, ломбардқа тапсырған боларсыңдар деп жағаларына жармастым. Полицияға да хабарластық. Нәтиже шықпады. Арада бір жылдай уақыт өтті.   Үйдегілер де, ағайындар мен  көршілерім де  «жоғалған алтындарың бойыңдағы барлық ауру-сырқауды алып кеткен шығар. Еш жерің ауырмайтындай өзіңді  жеңіл сезіне бастадың. Бұрын дәрігерден шықпаушы едің» деп айта бастады.  Сөздерінің жаны бар еді. Шынымен де бүкіл ауруым жоғалған алтындарыммен бірге кеткендей болды.

Күзге қарай баламның мектепте бірге оқыған досы  аяқ астынан ауырып қалды. Әке-шешесі, тумалары Самараға, Алматыға апарып, қаратты. Бала жүдеп-жадап, қара су ішуден қалды. Ешқандай емшілер мен дәрігерлер ауруының бетін қайтара алмады. Жиырма жеті жастағы шауып жүрген жігітке не болғанын білмедік. Тамағынан ас өтпейтін жаман ауруға шалдығып, облыстық онкологиялық ауруханада айлар бойы жатты.

Содан бір күні балам қасыма келіп, «мама сенімен Айдос сөйлескісі келеді. Бір нәрсе айтқысы келеді. Ауруханаға аяқтай баршы» деді. Келістім. Ойымда түк жоқ. Палатада шешесі екеуі көңілсіз отыр екен. Өз баламдай Айдостың ұсқынын көріп, шошып кеттім. Денесінде бір сылым ет қалмапты.  Сәлден соң шешесі бізді оңаша қалдырып,  өзі жылап  палатадан шығып кетті. Мен әлі еш нәрсеге түсінер емеспін. Бетінің бері қарамайтынын сезіп,  қоштасуға шақырған шығар деп ойладым. Көзіме тіке қарай алмаған Айдос сыбырлап қана сөзге келді. «Апа, кешіріңіз мені. Сіздің алтындарыңызды мен ұрладым. Балаңыздың сеніміне кіріп, кілтті де алдын-ала қолға түсірген едім. Тапсырысты мен бергіздім. Ломбардтарға бүкіл алтыныңызды апарып, ақша таптым. Бірақ маған алтындарыңыз жақпады. Ұрлық жасағаным ойымнан еш кеткен жоқ. Кейде өз қолыңызға немесе Берікке қайтадан алтындарды апарып бергім келетін. Қазір қатты өкінемін. Сол кезде  сізден кешірім сұрап, қателігімді мойындағанымда дәл бұлай жатпас едім. Ұрлығымды Алла тағала желкемнен шығарды. Жаңа ғана сол оқиғаны апама айтып бердім. Мен бір жағына шыққан соң  әкем екеуі сізге алтыныңыздың ақшасын тауып берер. Ал мен… Уақытымның аз  қалғанын сезіп, сізді әдейі шақырттым. Мені кешіре алсаңыз, кешіріңіз. Анау жаққа күнә арқалап кеткім келмейді» деп Айдос өксіп қоя берді. Өзімнің де көзімнен жас шығып кетті. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей есімді жия алмадым.  Қанша дегенмен ақ адал заттарымды кім алды, не үшін алды?! Табалдырығымнан аттап кіріп, дұшпандық ойлаған кім деп уайымдаған күндерім көп болды ғой.

Айтайын дегенім, «Ұрлық түбі ­– қорлық!» Біреудің ала жібін аттаған адам түбі оңбайды. Сол кезде Айдос үйіме келіп істеген ісін мойындағанда кешіретін едім. Қателеспейтін адам болмайды.  Өзі айтқандай, алтындарым оған жаққан жоқ.  Жасаған  ұрлығынан бойына ас батпай, ақыры қылтамақ ауруына шалдықты. Жастай өмірден озды. Біреудің көз жасы, біреуге жақсылық әкелмейтінін ұмытпауымыз керек. Кезінде ломбардта жұмыс жасаған бір келіншектің қазір ауруға шалдыққанын  білемін. Пендешілікпен бәрі шалыс басады. Кінәләрін кеш түсінеді. Қазір алтын ұрлап, біреудің қымбат әшекейлерін ақшаға саудалап, күнелтіп жүргендер түнде тыныш ұйықтайды, күндіз уайымсыз тамақ ішеді  деп ойламаймын. Ешқашан  алтын мен ақшаға құнықпаған жөн. Дәл осы оқиғадан соң сары темірге қарамайтын  болдым. Айдос өмірден өткен соң анасы құлағындағы сырға-сақинасын шешіп, жылап-сықтап аяғыма жығылды. «Осыларды ала тұр. Жетпегенін ақшамен төлейміз» деді. Әрине  қыздарыма, жеке басыма қажет болып тұрса да  кеткен зат кетті, басымнан садақа  болсын  деп  алмадым. «Алтын жүрген жерде шайтан жүреді» деген сөзге көбірек сенемін. Алла бәрін өзі реттейтініне көзім жетті. Сол оқиғадан бері басым аман, отбасым тыныш болғанына шүкіршілік етемін.

***

Гүлайым, қала тұрғыны:

«Ешкім жазасыз қалмайды»

– Екі үйдің бірі болып араласып-құраласып отырған құрбым, әрі жұмыстасым  маған қастандық жасайды деп мүлдем ойламаппын. Бір күні шкафта тұрған алтын сағатымды ұрлап, ломбардқа салып жіберді.  Іздеп-іздеп таппай қойдық. Ұры алыстан келмейді екен. Біздің жұмысқа қашан барып-келетінімізді біліп алған ол үйімнің кілтін ұрлап, көшірмесін жасатқан. Кілт қолында болған соң ақша, алтындарыма қол салған. Бұл істің жақсылыққа апармайтынын білген К. ешкімге тіс жармай іштей тынып, ішімдікке салынып кетті. Тіпті, одан күйеуі, ұл – қыздары да бас тартты. Осындай жаман жолдың жетегіне жармасқан құрбымнан «Неге осыншама лас тірлікке бардың?» дегенімде, ол «Сенің өмірің керемет еді. Тұрмысың күйлі. Бәрі жақсы. Осыны көріп жүрген мен бәрін қызғандым» деп күйінішін білдірді. Ұрлауын ұрлап алған оның кейін өкініп бармағын тістеп, ішкілікке салынып кеткен себебі осында екен. Қатесін мойындаған оны Алла алдында іштей кешірдім. Қазіргі таңда үй-күйі жоқ, әр жерден қалдық жеп кезбелердің қатарында қаңғып жүр. Жасаған ісіне әлі күнге дейін өкінумен жүр.

Мәселен, мен мұны неге айтып отырмын? Себебі басқа да адамдар осыны оқып, ойланса екен деймін. Біреудің асыл бұйымдарын ұрлап, ломбардқа тапсырғаннан түк те пайда жоқ. Ұрлықтың аты ұрлық. «Ұрлық жасап, байып кетемін» деген адамның өмірі «гүлденіп» кетпейді. Жақсылыққа  жетелемейтінін әр адам біліп жүрсе игі. Бәрібір ешкім жазасыз қалмайды.

Н.ХАСЕН

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
95 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
211 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
460 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
720 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
960 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
994 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
1146 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1342 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1573 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1661 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1771 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1780 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1810 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1813 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1918 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
2136 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»