8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
15 Қараша 2018 5250 0
Жалын

«Болашақ» түлегі Әлібек МОЛДАНИЯЗОВ: «ӘЛЕМНІҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ҮЙРЕТТІ»

        «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы қаулысымен құрылды. Бағдарламаның құрылуына уақыт талабы ықпал еткені мәлім. Ел тәуелсіздігін алып, экономикамыз еркін нарықтық қатынастар жолына шықты, жаңа реформалар пайда болды. Жаңа реформаларды жүзеге асыру үшін қабілетті білікті кадрлар қажет еді. Сол себепті де кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында алғашқы болып, дарынды жастарға толықтай мемлекет есебінен шетелде білім алуға мүмкіндік берілді. 1994 жылдан бастап жүзеге асқан бұл бағдарлама бойынша білікті жастарымыз әлемнің 13 елінде білім алды. «Болашақ» бағдарламасын бітірген түлектердің дені мемлекеттік қызметте, халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдарда жауапты қызметтер атқарып келеді. Олар осылайша мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда. Міне,  «Болашақ» халықаралық стипендиясына биыл ­– 25 жыл толды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында 15 мыңға жуық қазақстандық әлемнің озық университеттерінде білім алса,  144 «Болашақ»  түлегі біздің өңіріміздің әр саласында еңбек етіп жүр. Солардың бірі таяуда ғана Ұлыбританияның  Брайтон қаласындағы Сассекс университетінде білім алып қайтқан  Әлібек Молданиязов пен Айнұр Базарова. Түрлі қиындықтарға қарамастан білім қуып шет мемлекетке отбасыларымен барып оқыған ерлі-зайыптылармен аталмыш бағдарламаның тиімділігі жайлы ой бөліскен едік.

        –  Әлібек Елеусінұлы, жалпы, шет мемлекеттен өзіңе қажет сала бойынша біліміңді жетілдірудің пайдасы ұшан-теңіз екенін білеміз. Сіздің түйген пікіріңіз қандай?  «Болашақ» бағдарламасы сіз үшін қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге септігін тигізді?

–   Меніңше, шет мемлекетте білім алу арқылы ағылшын тілін білу деңгейің көтеріледі, шетелдік дипломмен жақсы жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді, тіпті, әртүрлі ұлттармен тиімді қарым-қатынас жасаудың жолын үйретеді. Бұдан бөлек, тың ойлана білу, түрлі идеялар ашуға мүмкіндік береді. Ал «Болашақ» бағдарламасы осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге септігін тигізетін бірегей бағдарлама деп ойлаймын. «Оқимын» деген жастың бетінен қақпай, белін бууға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, шет мемлекет университеттерінен кез келген жағдайда «critical thinking» – сыни ойлануды үйренуге болады. Кез келген дүниені зерттеу жұмысы, тәсілдері тіптен керемет. 2015 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер ретінде жолдасым Айнұр Базарова екеуміз құжаттарымызды тапсырған едік. Сол жылдың күзінде емтихан қорытындысы бойынша халықаралық стипендия тағайындалды. 2016 жылы Астана қаласында ағылшын тілін меңгеру бойынша 6 ай тілдік курстан өттік. Содан соң тағы 6 ай Ұлыбритания мемлекетіндегі университет жанындағы ағылшын тілін үйрету курсына жіберді. Оған дейін ағылшын мемлекетін таңдағаннан кейін өзіміз ақылы, ақысыз курстарға қатысып, олардың тілін меңгердік.  Жалпы стандартқа сай 6,5 балды жинап, мемлекеттік басқару, саясаттану, оның ішінде «Сыбайлас жемқорлық және Үкімет» мамандығына қабылдандым, ал жолдасым Айнұр халықаралық журналистиканы таңдады. Отбасымызбен барғаннан кейін біз таңдаған 5 университеттің ішінде біріміз таңдаған мамандық болса, біріміздікі табылмады. Соңында Ұлыбританияның Брайтон қаласындағы Сассекс университетіне баруды ұйғардық. Мұнда бағдарлама бойынша 1 жылдық магистратураны оқып бітірдік. 2017 жылы қыркүйекте оқуымыз басталып, ағымдағы жылдың қыркүйегінде тәмамдадық. Бір жылда 6-7 пәннен оқып, магистр деген дәрежені алып шықтық. Менің ойымша, Еуропаның, Ұлыбританияның жоғары оқу орындары бізге бүкіл әлемдегі ең озық тәжірибелерді үйретті.  Мамандық бойынша қарасақ,  «Жемқорлық және Үкімет» деген мамандықты басқа университеттерден таппадым. Әлемнің түкпір-түкпірінен білім қуып келгендер көп болғандықтан, уақытқа шектеу қойылмаған. Кітапханалары күндіз-түні ашық, яғни 24 сағат жұмыс жасайды. Бұл біздерге өте ыңғайлы болды. Ол жерде білімің эссе жазумен бағаланады, емтиханның түрі аз. Белгілі бір үлгіге сай эссе дайындауда пайдаланылған кітаптардың библиографиясын көрсету  қатаң талап етіледі. Мысалы біздің факультетте Гарворд үлгісімен бір-екі аптада 100 кітапты оқып шығып, сол бойынша не түсінгеніңді жазып келу тапсырылды. 50 балдан жоғары жинасаң өттің деген сөз, 50-60 балл аралығы 3 деген баға, 60-70 аралығы 4 бағасымен сәйкес. Біз ағылшындар жоғары көрсеткіш көрсетеді деген пікірде болған едік, бірақ тілді аз уақытта меңгеріп келіп-ақ жоғары көрсеткіш көрсетуге болатынына көз жеткіздік.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы, өзім қызмет еткен Орал қалалық ішкі саясат бөлімі және өзім үшжақты келісімге қол қойдық. Келісімшарт бойынша шетелде қалып қоймай, 45 күннің ішінде шекарадан өтіп, 6 айдың ішінде мемлекеттік қызметіме кірісуім керек. Ең үлкен қиындық, шетелге кетер кезде кепілге жылжымайтын мүлікті қою. Біз бұл мәселеде аздап қиналдық, себебі жалға берілген үйді кепілге қабылдамайды, Әупірімдеп берілген 90 күн мерзімнің соңғы сәтінде үлгердік. Себебі біз бір үйден екі адам болдық.   Шетелге барғанда студенттердің оқуын қаржыландыру бойынша екі жақты келісімнен бөлек, жүріп-тұру шығындарымызды өтейтін шәкіртақы төледі. Бұл теңгемен шаққанда доллардың курсына байланысты шамамен  бір адамға 600 мың теңгені құрайды. Оның 500 мыңын ай сайынғы пәтерімізге төлейміз.  Қалғаны сол айдағы тамағымыз, жолақымыз, коммуналдық төлемге жұмсалады. Мәселен, жолақысы теңгемен есептегенде 1000 теңге болса, нан бағасы 500-1000 теңге аралығында.

      –  Шет мемлекеттердің, ағылшындардың мәдениеті жоғары екенін жиі тілге тиек етеді. Сіздерді өзге орта жатырқамады ма? Нендей айырмашылықтарды байқадыңыздар?

–  Бұл мемлекеттің мәдениеті расымен таңдай қаққызды. Әу баста, өзге мемлекеттен барған соң бізге таңырқап қарайды-ау деген қорқыныш болды. Бірақ ағылшынша сөйлесіп жүрміз ме, болды, киім киісімізге, жүріс-тұрысымызға ешкім назар аудармады. Көше мәдениеті өте жоғары. Оларда кезекке тұру деген жоқ, қызметтің бәрі электронды түрде. Мысалы, мен коммуналдық мәселемен қалалық әкімдікке бардым. Мен сізді қабылдай алмаймын дейді. Себебін сұрасам, күніне стандартқа сай 6 адамнан артық қабылдай алмайтынын айтып, кешірім сұрады. Әлі сағат 10 екен екенін айтсам, сағат үшке дейін 6 адамның мәселесі қаралатынын, ертең сағат 9-ға жазылуымды өтінді. Сөйтсем, онда жай мәселемен ешкім жүгінбейді, әр сауал нәтижелі шешіледі екен. Әр ағылшындық заңды жатқа біледі, себебі ежелгі заңдары әлі күшінде. Тіптен, 1900-шы жылы шыққан заңдар бар. Біздердегі жағдай өзгеше. Мекемелерде бір есіктен кірсеңіз, шығатын есігіңіз басқа болуы мүмкін, бұл ешкімге кедергі келтірмеу мақсатында жасалған. Қоғамдық көліктегі мәдениет мүлдем өзгеше, көліктің терезесі үнемі ашық болуы, стандартқа сай автобус жермен бірдей болуы керек. Аялдамаға тоқтаған кезде арнайы түймені басу арқылы автобус төменге түсіп, жолаушылар кедергісіз мінеді. Біздегідей автобусқа жолаушыларды лықа толтыру деген түсінік қалыптаспаған. Алғашында аялдамада екіқабатты автобусқа міну үшін кезекке тұрып жатқандарды көргенде таңырқадым. Жолаушылар алдымен жүргізушіге амандасып, хал-жағдайын сұрайды, кейінгілер оны тапжылмай күтіп, тәртіп сақтайды. Қоғамдық көлікке таласа, тармаса мінуге үйреніп қалған мен кірген соң және адамдармен бір метр арақашықтық белгіленгенін байқадым. Басында сұрақтар көп туындады. Кейін үйренген соң бұл қалаға шеттен келгендерді іс-әрекетіне қарап, лезде аңғаратын болдық.

Көшеде жүру мәдениеті заңды бекітілген, ешкім ол ережені бұзбайды. Қала қонақтары да сол ережені сақтауы тиіс. Көшедегі жеңіл көліктер дабылдарын тек төтенше жағдайда ғана басады. Біздің елдегі психологиялық ахуал бойынша дабылқаққыштарын әр жүргізуші кез келген жағдайда, тіптен жай амандасу үшін де баса бермей ме? Шетелге барған соң үйден университетке қатынау үшін арнайы велосипед сатып алдым. Күніне 10 шақырымды осы көлікпен өтемін. Арнайы шақырымды өлшейтін құрылғыны тағып аламын. Себебі Брайтон қаласының барлық көшелерінде  велосипед жолы бар.

         – Ұлыбритания мемлекетінде отбасыларыңыздың саны көбейгенін естіп қуанып қалдық. Өзге елде жас нәрестенің күтімі студенттерге қиын болмады ма? Арнайы жеңілдіктер қарастырылған ба? Одан өзге кішкентайларыңыздың да сол елде уақытша білім алуына тура келді. Оларға шет тілін меңгеру қиынға соқпады ма?

–    Иә, өткен жылдың 28 қарашасында кенжеміз Айзия шетелде дүниеге келді. Олардың заңына сай, жас босанған ана 6 сағаттан кейін денсаулығы жақсы болса, ауруханадан шыға беруіне болады. Айнұр бір күн қонуға рұхсат сұрап, келесі күні қайта тексеріліп, үйге шықты. Баламызға осы кезеңде  өзге елдің студенті ретінде белгіленген жеңілдікті пайдаландық. Ал басқалай жеңілдік қарастырылмаған. Тек қана балалардың құқығын қорғау халықаралық конвенциясының шешімі бойынша 16 жасқа толғаннан кейін «Мен Ұлыбританияда тудым, осы елдің құжатын беруіңізді сұраймын» деп тек өз қалауымен шетелдің азаматтығын ала алады. Әрине, өзіміз студент бола жүріп, бала күтімімен айналысу оңайға соқпады. Күніне 1-2 сағат ұйқымен жүрген күніміз көп болды. Кезектесіп үйге келіп бала қараймыз, Айнұр сабақта болғанда оқу орнының ғимаратында арнайы жасақталған балалар бөлмесінде сәбиді жұбатып отырамын. Бір жақсысы, баламен сабаққа, кітапханаға кіруге де рұқсат етіледі және бар жағдай жасалған. Ондай жағдайда, баланы бәрі бірге бағысады.

Бізден гөрі шет мемлекетте алтыншы сыныпты оқыған Азизам мен үшінші сыныпты оқыған Әлиханым ағылшын тілін тез меңгерді. Бір байқағанымыз, оқушыларға мектепте көп салмақ түсірмейді. 7 сыныпқа дейін оларда бастауыш сынып саналады. Барлық пән ағылшын тілінде өткен соң елге келгенде қазақ тілі мен орыс тілінен аздап қиналды. Бірақ ағылшын тіліне жетік. Қазір кешкісін бәріміз жиналғанда бір-бірімізбен тек ағылшын тілінде тілдесеміз. Теледидардан, радиодан ағылшынша каналдарды қосамыз. Сондай-ақ ағылшынша кітап, журналдарды алып жүрміз. Бұл ағылшын тілін балаларымыз ұмытып қалмасын, білімімізді жетілдірейік деген ой. Болашақта балаларымызды ағылшын тілі курстарына апару жоспарда бар.  Күні бүгінде Әлихан дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде оқып жүрсе, Азиза қаладағы №47 мектептің үздік оқушысы.

–  Өзге елде бір жыл тұрғандықтан, сол елдің заңына бағынуларыңызға тура келді. Күрмеуі қиын мәселелерге тап келдіңіздер ме?

–     Әрине, уақытша қиындықтар болды. Брайтон қаласына студенттерден бөлек, туристер де көп келеді. Сол себепті пәтер бағасы қымбат, әрі бір жылға алдын ала төлем талап етті. Екі бөлмелі пәтерге 500 000 теңгеден бір жылға 6 млн. теңге төлеуіміз керек болды. Бұл біз үшін үлкен қаржы. Бір ай сенделіп жүрдік, кітапханаға түнеген күндеріміз де болды. «Үкімет стипендия төлейді, ай сайын уақытылы түсіп тұрады» дегенімді пәтерін бергендер құлағына ілмеді. Сөйтіп, елшілікке хабарласып, алты айлық стипендиямызды аудартып, бұл мәселені шештік. Артынша тағы бір мәселе алдымыздан шықты. Біз жалдаған үйде бұрын бір компанияның басшысы тұрған екен. Коммуналдық төлемдерін де компания атынан әлі күнге аударып тұрған. Көгілдір отын мен электр қуатына төлем жасай алмаймын, сенің бережағың жоқ деп қайтарады. Агенттік менің құжаттарымды барлық мекемеге автоматты түрде жібереді. Мен құжат бойынша коммуналдық төлем жасамаған болам. Үйіме басқа біреу төлем жасап отыр. Бірақ өз квитанциям болмаған соң, заң алдында жауап берем, қомақты айыппұл төлеймін. Осы мәселемен 8 ай айналыстым, көптеген мекеменің табалдырығын тоздырдым, адвокаттардың көмегіне жүгіндім. Кейін қателіктер шешілді, бірақ сабақтан кейінгі бүкіл уақытым осы мәселеге алаңдаумен кетті.

–   Бүгінде елге оралып, шетелдік тәжірибені әріптестеріңізбен бөлісіп жүрсіз бе?

–   «Болашақпен» білім алып келгендер келісімшарт бойынша өз саласы бойынша міндетті түрде үш жыл қызмет атқаруы керек. Жолдасым Айнұр БҚАТУ-дан барған еді, бірақ бұл жағдайда бала күтімі бойынша еңбек демалысы есепке алынады. Ал өзім бүгінгі таңда бұрынғы жұмысыма қайта кірістім, яғни Орал қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келемін. Иә, Ұлыбритания мемлекетінің жетістіктерін үнемі әңгімелеп, тәжірибелермен бөлісе жүремін.  Жаңашылдығы көп, дамыған ел. Сол себепті, шетелде оқимын деген жастарды көбірек қолдау керек деп есептеймін. Дамыған елдердің білім ордаларынан білім алғаннан еш ұтылмаймыз.

 

Сұқбаттасқан Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

 

 

 

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
44 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
159 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
411 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
674 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
912 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
946 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
1100 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1294 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1527 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1614 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1724 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1733 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1761 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1766 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1870 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
2091 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»