Рүстем ҚАЙЫРТАЙ: «Қазақ болып та Алланың сүйген құлы болуға болады»
БҚО әкімдігінің қолдауымен 5 наурыз күні өңірде «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жыр аламанына еліміздің әр түкпірінен есімдері елге таныс 20 ақын жиналды. Сөз тарландары айтыстың басты тақырыбы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, «Жастар жылы» аясындағы жарқын болашақты жырларына арқау етті. Айтыстың бас жүлдесін алматылық Рүстем Қайыртай иеленді.
– Бас жүлдеңіз құтты болсын! Бүгінгі айтыс туралы пікіріңіз қандай?
– «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп аты айтып тұрғандай қазақ рухын тірілтетін тақырып. Елбасының өзі де сөйлеген сөздерінде жақсы жаңалықтарды жеткізді. Бөлінетін қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталмақ. Аналардың, жастардың мәселесін шешуге қатысты тапсырмалар берілді. Осы мәселелерді құр сөзбен айтқаннан өлеңге қосса өтімді ғой. Осы орайда облыс басшысы Алтай Сейдірұлы жақсылықты жырласын, кем-кетік болса, оны да қозғасын. Бірақ әділдікті айтсын деп басымызды қосып отыр. Осы айтысты халықтың күні бойы тыңдағаны – айтылған сөздің сенімділігін білдіреді.
– Бүгінгі күні қоғамда күйіп тұрған қандай мәселені айтар едіңіз?
– Әр өңірдің өз мәселесі бар. Ауылға ең керек дүние – жүретін жол, ішетін су, қайнататын қазан. Батыс өңірдегі ауылдардың 100 пайызға жақын газдандырылғаны қуантады. Осыны өзге облыстарға үлгі етіп айтуымыз керек. Ал кем-кетікті ел біледі. Мен бұл айтыста халықтың рухын көтеруге басымдық бердім. Бірақ, айтылуы тиіс жағдайлар да бар. Мәселен, елімізде 130 ұлыс тұрып жатыр. Солар әр түрлі ұйымға бірікпей, бәрі қазақ тілін үйренсе, татулықтың көкесі сол болар еді. Жәннат іздеп, Сирияға бет алғандар қаншама? Аллаға жақындау араб болумен өлшенбейтінін жеткізуге тырыстым. Алла бәрімізге ортақ. Қазақ болып та Алланың сүйген құлы болуға болады.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу