8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
24 Маусым 2026 69 0
Өңір жаңалықтары

БҚО ЭКОНОМИКАСЫНА 235 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Батыс Қазақстан облысында инвестициялық белсенділік артып келеді. Өңірге тартылған қаржы көлемі ұлғайып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалуда.

Бұл мәселелер облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен инвестиция тарту және өңірдің биылғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңесте талқыланды.

Жиынға облыстық басқарма басшылары, Орал қаласы мен аудан әкімдері қатысып, әр саладағы жұмыс нәтижелері сараланды. Кеңесте өңірдің экономикалық өсіміне әсер ететін негізгі көрсеткіштер мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралды.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның айтуынша, есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып, құрылыс, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы салаларында тұрақты өсім қалыптасқан. Сонымен қатар кейбір бағыттар бойынша көрсеткіштердің төмендеу себептері талданып, оларды жақсартудың нақты жолдары ұсынылды.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі алты индикаторы бойынша жоспарлы межелерге толық қол жеткізген Сырым ауданы өңірде үздік нәтиже көрсетіп отыр. Бұл ауданның экономикалық әлеуетті тиімді пайдаланып, белгіленген міндеттерді жүйелі орындағанын көрсетеді.

Кеңесте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев өңірге тартылған инвестициялар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында облыс экономикасына 235 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,9 пайыздық өсім тіркелген. Тартылған қаражаттың 94,3 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасқан.

Инвестициялардың басым бөлігі құрылыс, көлік-логистика және өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталған. Бұл салалардағы жоғары белсенділік өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Биыл облысқа жалпы көлемі 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған.

Өңір басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы әр кезеңнің маңыздылығына тоқталып, жоспарланған жұмыстардың уақытылы орындалуы жыл соңындағы көрсеткіштердің орындалуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты инвестициялық штаб тапсырмаларын орындау қарқыны төмен құрылымдар мен аудан әкімдеріне бақылауды күшейтіп, жұмысты жандандыру міндеті жүктелді.

Кеңес барысында облыстық басқарма басшылары өз салалары бойынша кемінде 2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жөніндегі тапсырманың орындалу барысы туралы есеп берді. Әрбір жоба бойынша туындаған мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өндірістік жобаларға басымдық беріп, жаңа инвесторларды тарту бағытындағы жұмысты күшейту қажет.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Без рубрики
Мемлекеттік қызметтегі меритократия
23 Маусым 2026
74 0
Тағылым
Бүгін – Әкелер күні
21 Маусым 2026
135 0
Әлем жаңалықтары
В ОАЭ запретили соцсети для детей младше 15 лет
19 Маусым 2026
211 0
Білім
Педагогтерді қолдап отыр
17 Маусым 2026
279 0
Мәдениет
400 мыңнан астам кітап қоры бар
16 Маусым 2026
333 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»