ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (1997 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
11 қаңтар. 1996 жылдың қорытындысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облыстағы тілшісі Темір Құсайын басылымның ең үздік журналисі атағына ие болды.
19 ақпан. Орал қаласына Орынбор облысының вице-губернаторы А.Зеленцов пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары В.Леммле бастаған делегация келді. Олар Батыс Қазақстан облысымен өзара ынтымақтастық орнату жөніндегі келісімшарт жасасты.
5 сәуір. Орал қаласында мүгедек және ақыл-ойы кеміс балаларды оңалту жөніндегі «Спейшиал олимпикс» қайырымдылық ұйымының облыстық филиалы құрылды. Филиал директоры, соңғы олимпиаданың күміс жүлдегері Қ.Хасанов бұл бағытта үлкен бағдарлама жасалғанын айтты.
12 маусым. ҚР Президентінің 1997 жылғы 22 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында құқық қорғау органдарын одан әрі реформалау шаралары туралы» Жарлығына сәйкес облыс прокуратурасында құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Қазақстан Рес- публикасы Бас прокурорының бұйрығымен Батыс Қазақстан прокуратурасы жанындағы ҚСжА орталығының бастығы болып облыс прокурорының орынбасары, әділет майоры Сұлу Ғаббасова тағайындалды.
12 шілде. Орал мемлекеттік тәжірибе станциясына Саратов облысының Озинки ауданынан делегация келді. Құрамында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 26 директоры мен бас агрономдары бар көршілер мал азығын дайындау өндірісімен танысты. Олар станцияда 8 мың гектардан астам жерге мал азығы шөптері егілетінін көріп таңғалды. Себебі бұл көрсеткіш оларда екі есе аз. Озинкилықтар станциядан дәнді дақылдар тұқымын және асыл тұқымды мал сатып алатын болды.
19 шілде. «Металл бұйымдары зауыты» АҚ ұжымы Халықаралық маркетинг ұйымының президенті, доктор Б.Дрогсет қол қойған жеделхат алды. Онда оралдық өндіріс орны әлемге танымал «Аэтэк Күнтізбесі» наградасына ие болғаны хабарланған. Бұл награда өзінің өндірісінде жаңа технологиялар мен сервистік қызмет көрсетуді ойдағыдай пайдаланған компанияларға беріледі. Марапатталғандар арасында Жапония, Аргентина, Испания, Марокко, Израиль, Франция және тағы басқа елдердің компаниялары бар.
7-8 қыркүйек. Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Президент әуежайдан тікелей Зеленов ауданындағы «Асан» агрофирмасына барды. Ол осындағы жаңа технологиямен жұмыс істейтін ет өңдеу цехы, диірмен және басқа да цехтарда болып, жұмысшылармен сұхбаттасты. Осы фирмада «ЕділЖайық» қазақ және Орал казактары қоғамдары мүшелерімен кездесті. Содан кейін Жайық өзені арқылы салынған жаңа көпірмен өтіп, Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпірдің алқызыл лентасын қиды. Артынан Қарашығанақ кен орнына барып, «Конденсат» АҚ-ның шағын зауыты жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы тұңғыш салынатын «Спектр» ЖШСның жеке электр станциясының іргетасын қалап, капсул салды. Келесі күні Президент Орда ауданына келді. Мұнда Нарын құмындағы Хан ордасында болып, Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанатына қатысты.
29 қазан-1 қараша. Орал мешітінің 100 жылдығын атап өтуге Қазақстан мұсылман діни басқармасының бас муфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлы келді. Ол Тасқала ауылындағы мешітте болып, Орал қаласында медресенің ашылуына, 1 қараша күні Ақсай қаласындағы жаңа мешіттің ашылуына қатысты.
Жалғасы бар.Версия для печати
Пікір үстеу