Мүсірбек АЙТАШЕВ: «КІТАП – МЕНІҢ ТӨРТІНШІ ПЕРЗЕНТІМ»
Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі, «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы, қырық жылдай қаламды серік еткен журналист Мүсірбек Айташевтың «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты тырнақалды кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесу рәсімі аудандық мәдениет үйінде өтіп, шараға Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Халиолла, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының орынбасары Ғайса-Ғали Сейтақ, аудандық газет «Қызыл ту» атауымен жарық көрген кезде бірге қызметтес болған әріптестері Қуанышқали Ғұсманов, Махамбет Ерниязов, Энгельс Шыңғали, Махмет Қажиахметов, Дана Қыдырғалиева, журналистің жары Күләш Ғазезқызы, әпкелері Күміс Әлібекқызы мен Гүлсім Әлібекқызы, іні-келіндері қатысты.
Кітаптың тұсау кесу рәсімін Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Халиолла, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының орынбасары Ғайса-Ғали Сейтақ жасады.
Бауыржан Халиолла Мүсірбек Айташевтың әңгімелер мен мақалалар топтамасы Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының қолдауымен, филиал жанынан ашылған жаңа баспахананың да алғашқы өнімі екенін айтты. Ғайса-Ғали Сейтақ «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының алғыс хатын табыстады.
Шара шығармашылық кеш ретінде жалғасты. Кешті айтыскер ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Сырым елі» газетінің бас директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы жүргізді. Мүсірбек Әлібекұлының «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» кітабы елдің сүйікті әңгімесіне айналған қызықты «Аттестация» оқиғасына ішек-сілең қата күлуден басталып, «Аққуан», «Аққудың киесі» секілді мұңды әңгімелермен аяқталады. Алғашқы жинағын Мүсірбек Әлібекұлы өмірден еш қызық көрмей өткен қарапайым жандар, өмірден ерте аттанып, келін түсіру, немере сүю бақытына ие бола алмаған – әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек пен анасы Жәнекештің рухына арнайтынын айтты.
«Жанкешті мысық», «Ақтөс», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Жабайы үйректің тосын қылығы», «Қасқыр соққан келіншек», «Алып жылан», тағы да басқа жан-жануарларға, табиғатқа арналған әңгімелері туралы:
– Мен табиғатты жанымдай сүйемін. Қарлығашты сәбидей жақсы көремін. Қыркүйектің жиырмасында жылы жаққа ұшатын күнін есептеп, жақынымдай қимай шығарып салып, мамыр айында асыға күтемін. Бұл әңгімелерімнің барлығы өмірден алынған дүниелер. Ақтөс те қазір өмірде бар ит. Ол бүгінде індетке байланысты бетперде тағып жүр,- дейді автор.
Отбасы туралы әңгімелей келе: «Журналист – даланың, түздің адамы. Оның жары іссапардан шаршап келгенде, жарқылдай қарсы алып, шай-суын әзірлеп отыратын, төзімді, жазуына кедергі келтірмей, үй-ішіндегі тыныштықты сақтауға мүдделі болуы керек. Әрдайым көңілімді таба білген жарым Күләш Ғазезқызына ризамын»,- деді.
– Мен қалам ұстаған қолыммен балға-шеге ұстап көрген емеспін. Қаққан шегем орнына бармайды, майысып қалады. Болмаса, саусағымды жарақаттап аламын. Тек шелектеп, бақша суаруға ғана шебермін. Кейде жеңгелерің «ағашты шірітіп жібердің» деп кейиді. Ағашқа көп су құйсаң да, бәле екен,- деп, қаламгер залдағы көрерменді ду күлдірді.
Алғашқы кітабын Мүсірбек Әлібекұлы «Кітап – менің үш ұлымнан кейінгі төртінші перзентім» деп атап, жары тағы да ұл тапқандай қуанғанын айтты.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының әдеби қызметкері Бекболат Қаленов Әлібектің Мүсірбегіне:
– Жақсы адамдар шықпайды жаман жерден,
Мақтанам Мүсірбектей ағаммен мен.
Бар ғұмырын газетке арнаған жан,
Еңбегін ел-халыққа адал берген.
Қаратөбе, Чапаев, Жымпитының,
Газетіне талмастан хабар берген.
Ардагер-журналисті құрметтейік,
Алпыс жасқа бүгінде аман келген.
Мүсірбек Айташевты кем көрмеймін
Мүсірепов Ғабиттей қаламгерден,- деп жыр арнады.
Шараға қатысқан қонақтар сахнаға көтеріліп, құттықтауларын жеткізді.
Оқырмандар атынан Отарбай Сарғозыұлы сөз алып, әдемі лебізін білдірді.
Қорытынды сөзінде Мүсірбек Айташев Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалына, филиал жанындағы баспаханаға, «Жайық Пресс» медиахолдингіне, Сырым ауданы әкімдігіне, демеушілік еткен мәрт азаматтар Төлеген Әбілхайыров, Наурызғали Оспанов, Бекболат Құзайыров, Ернар Байдашевқа, «Сырым елі» газетінің редакциясы ұжымына, кеш қонақтарына алғысын жеткізді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Версия для печати
Пікір үстеу