КӨПШІЛІКТІҢ КӨЗДЕГЕНІ – ЖАҢА КӨПІР
Орал қаласының орталық бөлігін «Шаған» өзені арқылы кесіп өтіп, жаңа «Ақжайық» шағынауданымен байланыстыратын көпір салу мәселесі халық арасында екіжақты пікір тудырғаны мәлім. Бүгінде халқының саны 60 мыңнан асқан Зашаған кенті мен күн санап тұрғындары көбейіп келе жатқан Деркөл тұрғындары қалаға қатынау үшін көпірдің аса қажет екенін айтса, қалалық мәдениет және демалыс саябағы маңында тұратын тұрғындар көпір тұрғызу қала экологиясына зиян деген пікірлерін білдіруде. Әйтсе де, бүгін үшінші мәрте өткізілген қоғамдық тыңдауда тұрғындардың басым бөлігі жаңа көпірдің салынуы қажет деген байламға тоқталып, бұл жобаның тиімділігін жарыса жеткізді. Қаладағы жоғары аграрлық техникалық колледжінің мәжіліс залында өткен қоғамдық тыңдауда аталмыш жобаның жетекшісі «Алматыдорстрой» жобалау ұйымының өкілі Захар Павлушин көпір құрылысының сызбасын егжей-тегжейлі түсіндіріп, көпшіліктің көкейіндегі күпті ойды сейілтті.

Оның айтуынша, жаңа жобаға сай көпір құрылысы мәдениет және демалыс саябағынан қашық орналасқан және жасыл-желектер толықтай жойылмайды. Жабайы 700-дей тал-терек кесілгенімен, орнына жас теректер отырғызылады. Ал қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаевтың мәлімдеуінше, бұл мәселе қоғамдық кеңестің отырысында бүге-шігесіне дейін талқыланған.
– Көпірдің салынуына тек қаланың орталық бөлігінде тұратын бірлі-жарым тұрғындар ғана қарсылық білдірді. Ал Зашаған, Деркөл ауылдарында тұратын халықтың пікірімен санассақ, таңғы және кешкі мезгілде көлік кептелісі болмасы үшін жаңа көпір салынуы тиіс. Аталған аудандарда халық саны 80 мыңнан асты. Сол себепті олардың ойымен санасуымыз керек, – дейді Бақытжан Нұрбаев. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов қалада тұратындар кент тұрғындарының жай-күйін түсінбейтінін тілге тиек етіп, дамып келе жатқан шағынауданмен екі аралықты жалғайтын көпір керек екенін алға тартты. Жиында Зашаған кентіне қарасты Брусиловский көшесінің Аслан есімді тұрғыны күн сайын қалаға жұмысқа кептелісте тұрып, титықтап қатынайтынын айтып, көпір салуға кедергі болғандарға ренішін білдірді. – 2000-шы жылдан бері Зашағанда тұрамын. Алғашқы жылдары бұл аудан құлазыған орманды алқап болды.Міне, 19 жылдан бері көз алдымызда иен даладан келбеті келіскен, дамыған ауданға айналды. Күн сайын ала таңнан қаланың 4-ші шағынауданына жұмысқа келемін. Қызым да қалада оқиды. Кептеліске ілікпеу үшін бозала таңда шығамыз үйден. Бізді орталықта тұратындар қайдан түсінсін, – деп налыды ол. Ауылдасының пікірін қоштаушылар көп болды бұл жиында. Бірі кенттегі Азербайжанский көшесінің өзінде кептеліс орын алатынын, халық саны күн санып көбейіп жатқанын айтып: «Көпір сіздерге керек болмағанымен, бізге қажет» деп дабыл қақса, енді бір тұрғын «Онда қарсылық танытқандар Зашағанға көшіңдер. Сонда көпір қажеттігін сезінесіңдер. Біздер қалаға жақындайық» деп ауылдастарының жанайқайын жеткізді. Осылайша әр тарап өз пікірлерін ортаға салып тарқасты. Айта кету керек, Шаған өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы 2020 жылы басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жоба құны шамамен 11 млрд. теңгені құрайды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА


Соңғы жаңалықтар
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ШТАБЫ ЖӘНІБЕК ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу