8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
25 Шілде 2017 1551 0
Өзек

№3 21.01.2016 Нәзік жандар ҚАШАНҒЫ ЗӘБІР КӨРМЕК?!

Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық барлық елдерде кездесетін жағдай. Дамыған мемлекеттердің өзі бұл мәселені әлі толық шеше алмай отыр. Әлемде осы жағдайға байланысты жыл сайын бес мың әйел құрбан болады екен. Деректерге сүйенсек, елімізде бес жүз әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Осы орайда Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығы бар.  2013 жылы ашылған аталмыш орталықты 198 отбасы паналаса, соның 80-і нәзік жандар, ал 118-і балалар.  Орталық директоры Ганди Шамкелованың айтуынша, өткен жылы орталыққа келгендердің 70 пайызы күйзеліске ұшырауы себепті, психологтың көмегіне жүгінген көрінеді.   Олар – отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандар.

Орталық жұмысы бірқалыпты
– Орталықта зорлық-зомбылыққа ұшырап, қорғансыз қалған әйелдер уақытша паналап, олардың 18-ге толмаған балаларына әлеуметтік тегін көмек көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Олар өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Алайда бұны түсінетін ер адамдар аз. Осындай ұзақ төзудің соңы әйелдің денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Мәселен, біздің орталыққа әйелдердің басым бөлігі жағдайдың ушығып, бар амалы таусылған сәтінде барып хабарласады. Тіпті күйеуінен  немесе оның туыстарынан қаймығып  қоңырау шалуға қорқатынын, олармен біздің сөйлесуімізді өтінетіндер бар. Кейбір әйелдер ажырасудың жолын сұрайды. Алдымен біз оларға ерімен қайта тіл табысуларын мақұл көріп, әңгіме жүргіземіз. Ал біржола ажырасуға бел байлағандарға заңгерлер көмектеседі, –  деді Ганди Ізтұрғанқызы.
Ал ағымдағы жыл басынан бері мұнда  үш отбасы паналаса, солардың екеуі өз шаңырақтарына қайтып барған. Осы орайда олардың жолдастарымен, енелерімен  түсінік жұмыстары жүргізілген.  Орталықтың негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған адамдардың, оның ішінде әйелдердің құқығын қорғау, қолдау көрсету. Сондықтан ішкі істер департаментімен, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жұмыс жүргізіледі.

Отбасына оралғысы жоқ, бірақ… 

Кейіпкеріміз Армангүлді күйеуі қаңтардың үші күні түнгі сағат үште мас болып келіп, үйінен қуып шыққан. Сықырлаған аязда жеңіл киіммен далаға сүріне-қабына шыққан ол такси тоқтатып, учаскелік полицейді көлікте күткен. Таңғы сағат алтыда аталмыш орталыққа келіп, бір жұмадай осы жерді мекендеген. Армангүл отбасына оралғысы келмейді.  Әйтсе де күйеуі ант-су ішіп, енді тиіспейтінін айтып, үйіне алып кетіпті. Тыңдап отырсаң, 29 жасар келіншектің жас өмірі тозақпен пара-пар.  Армангүлдің өзі сәтсіз отбасында дүниеге келген. Әкесі ішімдікке салынған. Қазір қайда жүргенінен де хабарсыз. Ал анасы екі қызын тастап, өзгемен көңіл жарастырып кете барған. Осылайша онсыз да өмірдің тауқыметін көп тартқан бойжеткеннің тұрмысқа шыққалы күйеуінің таяғы мен тепкісіне амалсыз көніп жүрген жайы бар. «Маған бірдеңе болса, балам кімге қалады? Менің көргенімді ол көрмесе екен» дейді ол. Әзірге жағдайының бірқалыпты екенін айтқанымен, оның жүрегінде ауыр мұңы барын байқадық.

17 жыл бойы шыдап келдім…

Ал күні кеше орталыққа келіп, мұң-наласын тарқатқан Гүлжазира құдай қосқан қосағының қорлығына 17 жыл бойы шыдап келген. Өз шаңырағын күн сайын ішімдіктің ордасына айналдырған отағасы бала-шағасынан сыраны артық көреді. Жұмыс істейін деген құлқы да жоқ көрінеді. Білім беру мекемесінде тәрбиеші болып қызмет ететін азаматша күн сайын «көк ала қойдай» болып жұмысқа баруға ұялып, ақырында, жұмысын тастауға мәжбүр болған. Көзі жасқа шыланған ана ауылдағы бір досының үйін уақытша паналайтынын жеткізді. Психологтың қабылдауында отырған 34 жасар Нұргүл жолдасы ішімдік ішпейтінін, бірақ өзін моральдық жағынан кемсітіп, 12 жасар қызының көзінше неше түрлі лас сөздер айтып, ар-намысын қорлайтынын ашына айтты. Жиі ашуланғандықтан, қазір жүйкесі де сыр беріп жүр. «Кімге айтарымды білмеймін. Балаларымның әкесі деп, шыдап, көніп келдім. Екі рет ауруханаға да түстім» деп көз жасына ерік берген ол осында келгелі жеңілдеп қалғанын жасырмады.

– Адам жаны қатты күйзелгенде не істерін білмейді ғой. Кейбір келіншектер іштеріндегі мұң-шерін кімге айтарын, қайда барарын білмей дал болады. Тағдыр теперішіне ұшыраған осындай әйелдер паналайтын бірден-бір орын – біздің орталық. Әрқайсысының тағдырына жанымыз ауырады, алайда орталықтың өз заңы бар, бір адамды бір айдан артық жатқыза алмаймыз, – дейді Ганди Шамкелова. Оның айтуынша, орталық ашылғалы 500-ден астам әйел психологиялық және заңгерлік көмек алуға келіпті. Айта кету керек, психологтың көмегіне жүгінгендердің басым көбісі – мұғалімдер.  Оларға және басқа да қала тұрғындарына телефон арқылы заңгер, психолог және басқа да мамандар көмек көрсетеді.  Орталыққа келіп көмек алған әйелдер психологтың кеңесінен кейін өз-өздеріне келіп, өздерін бағалау деңгейі артып, отбасымен қайта қосылып жатыр. Сондай-ақ заңгер көмегіне жүгінушілерге құжаттарды рәсімдеу, отбасылық заңдылықтарды түсіндіру, талап пен арызды жазуға, ажырасуды рәсімдеу, мүлікті бөлісу, алиментті талап ету бойынша да көмектер беріледі.

«Тұрмыс құрғаныма он алты жыл болды. Осы жылдар ішінде отбасылық өмірдің тек тауқыметін көріп келе жатырмын. Бір ұл, екі қызым бар. Жолдасым балаларымның көзінше балағаттап, ұрып-соғады. Сәл нәрседен ұрыс шығарып, қолына түскен заттың бәрін лақтырады. Жанұямды сақтап қалу үшін, оған қарсы сөйлемей, үнсіз, шыдап бақтым. Амалсыз екі қызымды ертіп, орталыққа келдім». Бұл өткен жыл соңында осы жерді паналаған Нұргүлдің ұсыныстар мен тілектер журналына жазып қалдырғаны. Мұндағы жазбалардан әйелдердің сан түрлі тағдырын оқып, көңілің түседі. Жәбірленушілер көбіне маскүнемдік және қызғаншақтық салдарынан соққыға жығылады. Зардап шегуші қыз-келіншектердің жас шамасы әр түрлі. Статистикаға қарағанда «тек жас келіншектер соққыға жығылады» деу қате. Өйткені, шағымданушылар қатарында жаңа ғана отбасын құрғандар мен 30 жыл   отасып, немере сүйіп отырғандар кездеседі.

Мемлекеттік қызметкерлер де бар

– Отбасындағы кикілжің тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда орын алады деген түсінік қалыптасқан. Мұны материалдық жағдайдың төмендігімен байланыстырып жатамыз. Әйтсе де біздің тәжірибемізде жылы ұясының шырқын бұзып, әйелі мен баласын үйінен қуып шығатын мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер де кездесті. Олардың қатарында тіптен, қоғамның тыныштығын күзететін учаскелік полицейлер де бар. Тек жұмыссыз жүрген, қоғамға масыл, ащы суға салынған ер азаматтар ғана емес, мемлекеттік қызметте жүріп, өз отбасына зорлық-зомбылық көрсететін жандардың көбейіп келе жатқаны өкінішті, – дейді Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығының директоры Ганди Шамкелова.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
ТҮЙІН: Иә, қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды. Біреулер тырнақ астынан кір іздейді де тұрады, ал біреулер тек өзінікі дұрыс дегеннен жаңылмайды. Қайткен күнде де отбасы тыныштығын ойлап, көз жасын орамалмен сүртумен шектелген нәзік жандардың құқығы қорғалғаны жөн. Жанұя тыныштығы – қоғам бақылауында болуы керек. Бүгінде өз баласынан безінген безбүйрек аналардың көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Кейде өзегін жарып шыққан бейкүнә сәбиінен бас тартуына олардың шарасыз тағдыры себеп пе деп ойлайсың. Ал Сіз не дейсіз, оқырман? 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
83 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
346 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
605 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
845 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
881 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
1034 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1228 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1463 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1548 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1658 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1666 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1696 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1702 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1805 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
2026 0
Қалалықтар қаперіне
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады
06 Сәуір 2024
2333 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»