ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНДАРЫ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ
Жақында әлеуметтік желіде «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісінің Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың атына жіберген бейнежолдауы тарап, қоғамда түрлі пікірлер тудырған болатын. Онда жатақханада ешқандай жағдай жоқтығы, әкімшілік қызметкерлері ешқандай көмек бермейтіні туралы айтылып, жатақхананың бүгінгі бейнесі түсірілген. Бұл мәселе «Nur Otan» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің назарына іліккен. Дереу бұл мәселені қолға алған партияның облыстық филиалының өкілдері құзырлы мекемелердің басын қосып, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне партиялық бақылау жүргізді.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Өмірбай Қалымбетовтың айтуынша, қазір мұнда 112 жетімдер үйінің түлегі тұрып жатыр. Оның 35-і жұп құрғандар, 15-і жалғызбасты ана, 84-і бала. 35 бала мектепке барса, бесеуі балабақшада. Көпбалалы төрт отбасы бар. 106 адамға арналған 74 бөлменің 50-і бір кісіге лайықталса, 25-і екі орынға арналған. Күні бүгінде бір орындық бөлмеде 3-4 адамнан тұрады. Мұнда жағдай қиын. Ал екі-үш кісілік бөлмелердің санитарлық жағдайы талапқа сай. Ыстық-салқын су келіп тұр. Жуынатын бөлмесі бар. Жатақханада заң шеңберінде тек 23 жасқа дейінгі балалар ғана тұруы тиіс. Бірақ қазір жасы 23-тен асқан 102 адамның мекеніне айналған. Өйткені жергілікті атқарушы орган оларға тиесілі тұрғын үйді уақытылы бере алмай отыр. Барлығы дерлік баспана кезегінде тұр. Талапқа сай, жыл сайын мемлекеттен берілетін баспананың 20 пайызы жетім балаларға беріледі. Былтыр дәл осы санаттағы 35 бала баспанаға қол жеткізсе, соның 4-еуі ғана «Шаңырақ» тұрғыны екен.
Жатақхана тұрғыны Бақтыгүл Адаюшкина тоғыз жылдан бері осында тұрады. Бұған дейін облыстық прокуратурада еңбек еткен. Қазір бала күтімі демалысында екен.
– Баспана кезегінде 2009 жылдан бері тұрамын. Алғашында ағам, інім үшеумізді бір кезекке тіркеді. Кейін, түсініксіз жағдайда бізді бөлді де, әпкеме үй берілді. Бізді 2011 жылдан бастап кері кезекке қойды. Мұнда жолдасым екеуміз тұрамыз. Ол да балалар үйінің тәрбиеленушісі. Екі баламыз бар. Жатақхана болған соң жағдай жоқ мұнда. Бірақ балаларымыз үшін өз жағдайымызды жасап алдық. Әйтсе де ағаш терезеден ызғырық жел гулеп тұр. Қанша бітесек те, болмай тұр. Қабырғалары жарылған, жыл сайын өзіміз жөндеп аламыз, – дейді.
Ал 36 жасар Рауза Көшалиева 2010 жылдың қарашасынан осында тұрады. Екі баланың анасы. 2011 жылы тұрғын үй кезегіне 983-інші болып тіркелген. Қазір 640-ыншы болып тұр. Тоғыз жылдан бері «Ақ тілек» бөбекжайында музыка жетекшісі болып еңбек етіп жүр. Раузаның айтуынша, мұнда жарық жиі сөнеді. Су болмай қалады. Жаңбыр жауса төбеден су білінеді. – Бізде тәртіп сақталмайды. Тазалыққа ешкім мән берген емес. Түні бойы ішімдік ішкендердің шуынан жата алмаймыз. Қиналып кеттік. Төбелес жиі болады. Тіптен, дүкенге керегімізді алып келудің өзі мұң. Өйткені, балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Темір есік орнатып алдық, – дейді ол.
Көршілерінің пікірін Айнагүл Өтебалиева да растайды. 32 жасар азаматша үй кезегінде 279-шы тізімде. – Жатақханада тыныштық жоқ. Түнімен ішімдік ішкендер өзгелеріне маза бермейді. Төбелес жиі болады. Темір тордан шыққандар көп. Есігімізді құлыптап, қорқынышпен өмір сүрудеміз, – деген ол баспана берілсе бүгін-ақ көшуге дайын екенін жеткізді.
Бұл мәселені жатақхана меңгерушісі «бес саусақтай» біледі. – Жатақханада тұратын 17 адам бұрын сотталған болса, 24-і дін жолында жүргендер. Олармен кешенді жұмыстар жасап отырамыз. Мәселе көп. Бес саусақ бірдей емес. Қалада пәтер жалдап жүргеннен осында тұрғандары қолайлы емес пе? Бір тиын шығын жұмсамайды. Коммуналдық төлемдер ақысыз. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 17 миллион теңге қаржы бағытталған. Суы бар, жылуы бар. Оларды қашанғы Үкімет 30-40 жасқа дейін асырауы тиіс. Кем дегенде әрқайсысы 100 мыңнан жалақы алады. Әрине тағдырлары сан қилы. Өзіміздің балалар болған соң өзектен теппей, көмектесуге тырысамыз. Әрбірінің жағдайын ескереміз, – дейді Өмірбай Рыспайұлы бұл турасында.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанованың айтуынша, мұндағы негізгі мәселе баспанаға қол жеткізу. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау бар. Мәселен «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғындары 2015 жылы – 12, 2016 жылы – 12, 2017 жылы – 8, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 3 пәтер алған. Жасөспірімдер үйіндегі тұрғындардың көптігіне байланысты соңғы жылдары бәріне бірдей тұрғын жай беру мүмкіндігі болмай отыр. «Шаңырақты» жекенің меншігіне беру де күн тәртібінде тұр. Бұл күні қаперге алынған мәселелер бойынша партия тарапынан тиісті шаралар қабылданып, нақты жұмыстар жасалмақ.



Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Астанада 6-9 тамыз аралығында Орталық Азиядағы ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 өтеді
ОСК Құрылтай сайлауына арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісін көрсетті
Құрылтай сайлауы: сайлау учаскеңізді Telegram-бот арқылы оңай анықтаңыз
Партиялар бір күнде білім беру, экология, тарихи жады және еңбек тақырыптарын қалай тоғыстырды?
Оралда қоғамдық көліктерде жолақы төлеу тәртібіне мониторинг жүргізілді
Қазақстанда Құрылтай сайлауына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды: кімді сайлаймыз?
Өңір басшысы әлемдік рекорд орнатқан өнертапқыш өрендерді қабылдады
Сайлауалды науқан: Qarmet-тен бизнес-форумға дейін – партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді
Экспериментальная база НЯЦ РК помогает совершенствовать безопасность современных АЭС
Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай?
Бір мінбер, жеті партия: сайлауалды науқандағы алғашқы саяси тартыс нені көрсетті?
Үгіт науқаны басталған соң партиялардың электоралды рейтингісі өзгерді
Сайлау науқаны кезеңінде дипфейктер жиілеуі мүмкін: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ескертеді
Құрылтай сайлауы: «Ақ жол» Respublica-ға жауап берсе, Қазақстан Халық партиясы ЖСДП сынына ашық үн қатты

Кіру
Пікір үстеу