ОРАЛДА «OMEGA SPORTS» СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Бүгін Оралда «Omega sports» спорт кешені ашылды. Мұндағы ФИФА стандартына сай жасанды көгалмен жабылған алаңда қысы-жазы футболдан жаттығу өткізуге мүмкіндік бар. Жаңа кешеннің ашылуына спорт саласы өкілдерімен қатар облыс әкімі Ғали Есқалиев пен қала басшысы Абат Шыныбеков арнайы қатысты.

Х.Есенжанов көшесінің 32Б/2 мекенжайында бой көтерген қос қабатты кешеннің жалпы аумағы 3000 шаршы метр. Жасанды көгалмен жабылған футбол алаңының аумағы 24х48 өлшемді. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бассейн залдары, сауна, душ кабинеттері, электронды құлыптары бар жеке шкафтар орналасқан киім ауыстыру бөлмелері жабдықталған. Екінші қабатта аэробты зал және тамақтану орны ұйымдастырылған. Алдағы уақытта ересектер үшін жаттығу залы жұмысын бастайды. Кешенде бір уақытта 100 шақты адам жаттығу жасай алады.
Жаңа нысанмен танысқан облыс басшысы Ғали Есқалиев кешендегі бассейн залдарының үлгісінде қаланың басқа аумақтарында бассейн залдарын ұйымдастыруға болатынын атап өтті. Әсіресе қазіргі уақытта бизнестері тұралап тұрған кафе-мейрамхана иелері ғимараттарын осындай мақсатта пайдаланса құба-құп.
– Қандай салада болмасын жетістікке жеткен азаматтарды өсіру, салауатты ұлтты тәрбиелеуде спорттың маңыздылығы өте зор. Өңірімізде кейінгі жылдары жақсы үрдіс пайда болды. Жеке кәсіпкерлер спорт нысандарын салуға көңіл бөлуде. Аталмыш кешеннің құрылтайшылары Дамир мен Данияр да спорт ардагерлерінің тәрбиесін алған азаматтар. Өз азаматтық ұстанымдарымен тұрғындардың саулығы үшін өз бастамаларын жүзеге асыруда. Бұл – игі іс. Ірі қалалардағы кешендерден еш кем емес, шетелдік стандарттарға сай жасалды. Кәсіпкер-жерлестерімізді осындай жобаларды жалғастыруға, дені сау ұрпақты қалыптастыруда үлес қосуға шақырамын. Жақсы бастамаларға мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетіледі, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Кешеннің құрылтайшылары – Дамир Кәкімов пен Данияр Ғабдуллин. Нысан құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд. теңге шамасында қаржы жұмсалған.
– Стандартты өлшем – 20х40 метрлік. Бірақ, балалардың 6х6, 7х7, 8х8 ойыншымен ойнауларына мүмкіндік жасау үшін көгал аумағын мүмкіндігінше үлкен еттік. Одан басқа балаларды жүзуге үйретуге арналған бассейн залдары бар. Екі айлық бүлдіршіндерден бастап 12 жасқа дейінгі балалар жүзуді үйренуге жазыла алады. Сонымен қатар дамуында ерекшелігі бар балалар назарымызда. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары кешенде тегін жаттығады, – дейді Данияр Ғабдуллин.
Қазір спорттық нысанда «Юниор» балалар футбол мектебінің тәрбиеленушілері жаттығу жүргізуде. Алдағы уақытта «Спартак» Мәскеу Академиясының филиалы ашылады. Данияр Ғабдуллиннің сөзінше, өткен жылы мәскеулік жетекші футбол клуб – «Спартакпен» келісім жасаған. Келісімге сәйкес «Спартактықтар» жылына үш мәрте өңіріміздегі жаттықтырушы-мамандарды оқытады. Сондай-ақ жас футболшылар Мәскеудегі «Спартакқа» жаттығуға жіберілетін болады.
Жаңа кешенде 40 шақты адам жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, кейінгі жылдары өңірде жеке инвестиция есебінен ашылған спорттық нысандар көбеюде. Өткен жылы кәсіпкерлердің бастамасымен облыс орталығында жеті нысан ашылған. Аудандарда да жүзеге асуда. Сондай-ақ жуырда ғана өңірлік инвесторлар кеңесінде балалар футболын дамыту мақсатындағы инвестициялық жоба мақұлданды.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz


Соңғы жаңалықтар
Құрылтай сайлауы: сайлау учаскеңізді Telegram-бот арқылы оңай анықтаңыз
Партиялар бір күнде білім беру, экология, тарихи жады және еңбек тақырыптарын қалай тоғыстырды?
Оралда қоғамдық көліктерде жолақы төлеу тәртібіне мониторинг жүргізілді
Қазақстанда Құрылтай сайлауына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды: кімді сайлаймыз?
Өңір басшысы әлемдік рекорд орнатқан өнертапқыш өрендерді қабылдады
Сайлауалды науқан: Qarmet-тен бизнес-форумға дейін – партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді
Экспериментальная база НЯЦ РК помогает совершенствовать безопасность современных АЭС
Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай?
Бір мінбер, жеті партия: сайлауалды науқандағы алғашқы саяси тартыс нені көрсетті?
Үгіт науқаны басталған соң партиялардың электоралды рейтингісі өзгерді
Сайлау науқаны кезеңінде дипфейктер жиілеуі мүмкін: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ескертеді
Құрылтай сайлауы: «Ақ жол» Respublica-ға жауап берсе, Қазақстан Халық партиясы ЖСДП сынына ашық үн қатты
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда.

Кіру
Пікір үстеу