ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРМЕН ЖҰМЫС ЖАНДАНАДЫ
Орал қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында аталмыш комиссияның үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылы талқыланды.

Зашағандағы №5 кітапхана базасында өткен комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов төрағалық етті. Алдымен маусым-тамыз айлары аралығында «Назар аударыңыз: демалыс!» акциясының ұйымдастырылуына белсене қатысқандар марапатталды. Бақытжан Хаберұлының мәліметінше, акция аясында үш айда 77 шара ұйымдастырылып, 50 мыңнан астам бала мен ата-ана қамтылған.
Комиссия төрағасы Бақытжан Нарымбетов комиссия жұмысында үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесімен бірлесе жұмыстанудың маңыздылығына тоқталды. Мәселен, 2012 жылы елімізде «Ана үйі» қоғамдық қоры жұмысын бастаған болатын. Қор алғашқы жобасын аналардың өз балаларынан бас тартуының алдын алудан бастаған болса, 2016 жылы екінші жоба қолға алынды. Бұл – бала асырап алуды қолдау орталығының ашылуы. Биыл VIII азаматтық қоғам форумында «Аналар үйі» қоғамдық қорының басшысы Айдын Рахымбаев бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру туралы ұсыныс беріп, бұл ұсынысты Елбасы қолдап, тиісінше тапсырма берді. Комиссия отырысында облысымыздағы «Ана үйі» бала асырап алуды қолдау орталығы қоғамдық қорының үйлестірушісі Рима Көбейсінова жаңадан құрылған бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің жетімдіктің алдын алу және балалардың құқықтарын қамтамасыз ету тетігінің құрамдас бөлігі екенін атады.

– Біздің мақсатымыз – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Біріншіден, балалары бар дағдарыс жағдайына тап болған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсету. Жұмысымыздың екінші бағыты – отбасына бала қабылдауға ниеттенген жанұяларға құқықтық, психологиялық қолдау беру. Биыл орталығымызға 57 үміткер өтініш беріп, оның 38-і психологиялық көмекпен қатар орталықтың қызметін алды. Психологиялық көмек отбасының баланы қабылдауға дайындығын анықтауға септігін тигізеді. Егер отбасы дайын болмай, баланы қабылдаған болса, баланың екінші мәрте жетімдікке тап болуына әкелуі мүмкін. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар кездесуде, – дейді Рима Кәкенқызы.
Бүгінде орталықта «Асырап алушы ата-ана мектебі» жұмыс жасайды. Енді қажеттілікке орай толық отбасындағы ата-аналарға заңгерлік және психологиялық көмек көрсету курстарын ашу жоспарлануда.
Кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу да өзекті күйде. Еліміз егемендік алған жылдар ішінде 106 мың қазақстандық өздерін өлімге қиған екен. Жүргізілген зерттеулер адамдардың өздерін жалғыз сезінгендіктен, суицидке баратынын көрсеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, өзін өлімге қиятындардың көпшілігі 15-29 жастағылар болып отыр. Биылғы жылдың алты айында облыста 23 суицид жағдайы орын алып тіркеліп үлгерген екен. Оның сегізі суицидке оқталу болса, 15 жағдай өліммен аяқталған. Бұл мәселеге қатысты өңірімізде айналысып отырған «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Есқалиева жоба аясында жасөспірімдермен және ата-аналармен жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып, ата-аналардың өз балаларына ұдайы көңіл бөліп, бақылауда ұстауы қажеттілігін жеткізді.
Сондай-ақ педагогикалық еңбек ардагері, комиссия мүшесі Александр Мазжухин «Жас отбасы» жобасының өңірде жүзеге асуы туралы баяндады. Аталмыш жоба болашақ отбасылар мен жас отауларға көмек көрсетуге бағытталған. Ол кеңес беру, оқыту, осы санаттағы адамдардың бос уақыттарын ұйымдастыру арқылы жүзеге аспақ. Жобаға кәсіби психологтар, медицина мамандары, заңгерлер және медиаторлар тартылған. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Анаргүл Сисенованың айтуынша, қазіргі уақытта АХАЖ бөлімі мен №2 қалалық соты некеге тұруға өтініш берген жұптармен профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Әр сейсенбі мен бейсенбі күндері кездесулер ұйымдастырылып, семинар-тренингтер өткізіліп келеді. Отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған тұлғаларды қоғамдық өмірге тарту, жас отбасын қалыптастыру мектебі сынды жобалар да сәтті жүзеге асып келеді. Бұдан бөлек комиссия отырысында қалалық «ұлттық мектеп лигасы» туралы баяндалды.

Елмұра Асхатқызы
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Экология, өндіріс және медицина: партиялардың сайлау науқанында көтерген басты тақырыбы қандай?
Теректі ауданында «Адал еңбек – адал табыс» атты экологиялық акция өтті
Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында тимбилдинг іс-шарасы өтті
Шағырлой ауылында «Әділдік пен адалдық – өмірлік ұстаным» атты таным сағаты өтті
Ең төменгі жалақы, алимент, экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?
Елімізде жаз басталғалы бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы ашылды
Оралда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды
Жүгіру, пікірталас және еркін форматтағы әңгіме: Қазақстандағы сайлауалды дода қалай өтіп жатыр?
Астанада 6-9 тамыз аралығында Орталық Азиядағы ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 өтеді
ОСК Құрылтай сайлауына арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісін көрсетті
БҚО-да ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесі талқыланды

Кіру
Пікір үстеу