Көңіл айтамын!
Бүгін, қиын-қыстау шақтарда ақ жаулығы желбіреп жүріп, алты баласын аялап өсірген, Рейстахқа ту тіккен Ұлы Отан соғысының ардагері Шамақ Нуповқа адал жар болған, шаңырағының шаттығы, ұрпақтарының ғазиз анасы
Нупова Гүлдірайһан Абдолқызы мынау бес күндік фәни жалғаннан озды. Бұл қайғылы қазаны естіп, Жайық жұртымен бірге менің де көңілім толқыды. 🍂
Мен, Нуповтар жанұясымен 2004 жылдан бері жақсы таныспын. 2004 жылы сәуірде алғаш рет Шамақ атаның қара шаңырағын ұстап, шамын жарқырата жаққан Гүлдірайһан апаны редакция тапсырмасымен үйіне іздеп бардым. (Бәрі Райса апа деп атайтын.) Әңгімеміз Шамах атаның сұрапыл соғыстағы өшпес ерлігімен өрбіді.
« – Не бары он жеті жасында өзі сұранып соғысқа аттанған Шамақ жаудың өртін әбден сөндіріп, 7 жыл өткен соң елге оралды. Берлинді жаудан біржолата азат етіп, Рейхстагқа ту тікті. Солдаттармен бірге сол маңдағы қабырғаға «Нұпов» деп жазды. Алайда, Ұлы Жеңістің 60 – 65 жылдығын көре алмады. Әулетімнің діңгегі 75 бес жасында дүниеден озды. Өзі Ресейде туса да, ел-жұртын, атамекенін аңсап өсті. Ақыры, 1973 жылы біз алты баланы жетектеп, Тасқалаға көшіп келдік. Кейін Оралға қоныс тептік,» – деп Райса әжей сыр тиегін ағытып еді, сонда.
Сөйтіп, Шамах Нупов туралы «РЕЙХСТАГҚА АТЫН ЖАЗЫП ҚАЛДЫРҒАН» атты мақалам көп ұзамай облыстық «Орал өңірі» газетінде жарық көрді.
Гүлдірайһан анамыздың қыз кезіндегі ата-тегі Абдолова. Абдол – Нарын құмдағы атақты Тапал қажының бес баласының ортаншысы. Дәурені жүріп тұрғанда қажылыққа барып, мешіт пен медресе салып, жомарттығын ұлт руханиятына жұмсаған адам. Сол секілді туған атасы Тапал да тектінің тұқымы. Осындай әулеттен тараған апамыз туған елге келген соң Тасқаладағы «ПМК-5» құрылыс мекемесінде сылақшы болып зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді. Күш-қайратын елінің өсуіне жұмсап, бірнеше төсбелгіні кеудесіне тақты. Шамақ ата екеуі ауылда қарапайым тірлік кешіп, ұл-қыздарын қанаттандырды.
🍁Иә, «Өтпейтін өмір жоқ. Сынбайтын темір жоқ» дейді дана халқымыз.
Сондықтан, Гүлдірайһан анамыздың өмірден өтуіне байланысты ел азаматы Құндыз Шамахұлына және барша Нуповтар отбасына, ағайын-бауырларына қайғырып көңіл айтамын.
Ақ Жайықтың аяулы анасы, асыл әжесі бола білген Гүлдірайһан Абдолқызының жаны жәннәттә болсын. Фәни ғұмырындағы игі-істері, ел-жұртқа жасаған жақсылықтары бақи өмірінде сауабына жазылсын. 🙏
Бақұл болыңыз, Райса әже!🥀
Мира Хамзақызы
Соңғы жаңалықтар
ӨЗ САЙЛАУ УЧАСКЕҢІЗДІ ҚАЛАЙ ОҢАЙ ТАБУҒА БОЛАДЫ? ОНЛАЙН-СЕРВИС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
БҚО-да жол қозғалысы ережесін сақтамаған жүргізуші жауапқа тартылды
160 мың мұғалімге ChatGPT Edu: теледебаттың басты тақырыбы – білім мен жасанды интеллект
Әдеп жөніндегі кеңесте білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды
Экология, өндіріс және медицина: партиялардың сайлау науқанында көтерген басты тақырыбы қандай?
Теректі ауданында «Адал еңбек – адал табыс» атты экологиялық акция өтті
Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында тимбилдинг іс-шарасы өтті
Шағырлой ауылында «Әділдік пен адалдық – өмірлік ұстаным» атты таным сағаты өтті
«Сайлау-2026: жаңа саяси конфигурациядағы өңірлер» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сарапшылық алаңының отырысы өтті
Ең төменгі жалақы, алимент, экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?

Кіру