ЖЫЛЫЖАЙ ІСІН ЖОЛҒА ҚОЙҒАН
Бүгінде қаламызда жылыжайлар саны жылдан-жылға жиілеп жатыр. Жылыжайлар санының артуы алыс-жақын шетелдерден жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін тұтынатын жергілікті тұрғындар үшін пайдалы. Жақында шаһарға қарасты Серебряков ауылы маңында орналасқан «КАТ-2» жылыжайында болып, қияр мен қызанақ баптаудың қиын тірлігімен жете танысқан едік.
Жылыжай салу, ол жерде өсірілген өнімдерді халыққа тарату қыруар жұмысты талап етері сөзсіз. Бақша өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген қарапайым шаруа Нұрлан Сағынаев осыдан үш жыл бұрын осы мақсатқа жер телімін сатып алыпты. Жылыжайға барғанымызда қайнаған қызу жұмыстың үстінен түстік. 5500 шаршы метр аумақты қамтитын алқапта бес бірдей жылыжай жұмыс істеп тұр. Күніне 300 килограмнан тоннаға дейін өнім беретін жұмыс орнында 15 адам еңбек етіп жүр. Жылыжайдың тыныс-тіршілігімен кәсіпкер Нұрлан Қайырманұлы өзі таныстырды.
Оның айтуынша, жылыжайдан жиналған өнімдер ешқандай алыпсатар мен делдалдарсыз базарға тікелей жеткізіледі. Кәсіпкер сөзіне сенер болсақ, сұраныс мол. Себебі, бұл жерде өсірілген өнімдер автоматтандырылған қондырғысыз, ешқандай химиялық қоспасыз, тек күннің қуатымен, қара топырақтың құнарымен мерзімінде пісіп жетіледі. Шаһардың шалғай шетіндегі жылыжайда израильдік тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Алқапты суару үшін күнара 45 тонна су жұмсалады екен. Биыл алғашқы көкөністерді мамыр айының аяғында сатылымға шығаруды жоспарланыпты. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда сәл кешірек болмақ. Бұл келеңсіздікке ауа райының күндіз жылы, ал түнде едәуір суық болуы себеп көрінеді.
Жер-Ананың ризығын көріп отырған бағбан Нұрлан Қайырманұлы осыдан 26 жыл бұрын Ақжайық ауданына қарасты Алмалы ауылында қарбыз егумен айналысқан. Кейін орталық базарда жеміс-жидек сатып жүріпті. Бірақ әркез ойға алған ісін жүзеге асырмай қоймайтын еңбекқор жан 2016 жылы жылыжай ашу ісін қолға алады. Ерте көктемнен егінге қамданған ол қызанақ көшетін есік алдындағы жылыжайда өсіріп, дайындап алыпты. Алғашқы жылдары бұл жерге шалғай жерден тонналап топырақ тасу, көкөністі мелдектете суару бастапқыда ауырға соққанымен, ерінбей еңбек етуінің еш еместігін, қарекетінің халыққа қажеттігін ұғып, өз қаражатына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, талмай талаптанады. Бүгінде сол табан ақы, маңдай терінің жемісін жеп жатқан жайы бар. «Мұнда негізінен Голландиядан әкелінген қызанақтың «Бобкат» атты ерекше түрі, «Меринда» сортты қияр өсірілуде. Қызанақтың ерекше түрі үш айда 2 метрге дейін өсіп, әр түптен 6-7 килограмм өнім береді. Үздіксіз өнім алу науқанын ойластырып жатырмыз. Осы кәсіптің көзін тапқан шаруалармен жиі кездесіп, пікірлестім, ой бөлістім. Жалпы осы сала жақын болды. Әрине, бірден істі бастау қиынға соғады. Бірақ, адам алдына мақсат қойып, оған жетудің жолын ақылмен шешсе, міндетті түрде іске асырды. Ойлана келе осы жылыжайды бастап кеттім. Жан-жаққа барып, мамандармен тәжірибе алмастым. Солардан көп нәрсе үйрендім» дейді Нұрлан Қайырманұлы. «Аталмыш жобаға мемлекеттің қатысы бар ма?» деген сұрағымызға ол «Жоқ. Жобаға 16 млн. теңге мөлшерінде жеке қаржы құйылды», – деген жауап қайырды. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен несие алуды көздегенімен, айлап құжат жинау мәселесі шаршатыпты. Зашаған кентіне қарасты Сарытау шағынауданындағы, Деркөл ауылындағы үйлері кепілге жарамсыз болған. Осылайша алдынан шыға берген түрлі кедергілер кәсіпкерді әбден титықтатып, несие алу туралы ойынан айныпты. Бірақ, болашақта барынша бейілді жұмыс істеу үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе, ойластырған шаруаларының алға басатынына бек сенімді екенін де жасырмады. Кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында Үкіметтен көмек болса, табиғи газ тартып, жылыжай аумағын кеңейту ойда бар.
– Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, қызанақ пен қияр өсіру қып-қызыл еңбек. Күтімі мен бабын білеміз. Әр түптен 6-7 келіге жуық өнім алуға болады. Қазір ынталанған адамға ырыс табудың көзі бар. Тек еңбектену керек. Бір өкініштісі, мемлекеттен берілетін субсидияны уақытында алу мүмкін емес. Бұрын жылына екі мәрте субсидия алсақ, қазір бір рет қана беріледі. Оның өзі әлі жоқ. Бұл мәселе қарапайым шаруаларға қиындық тудырады, – деп қынжылды кейіпкеріміз. Осылайша төрт баласының несібесін адал еңбектен іздеген Нұрлан Қайырманұлы мемлекеттің қамқорлығын тиісінше сезіне алмай отыр.
Еліміздегі көкөніс нарығының көш басында жүретін қызанақ пен қияр бүгінде көптеп өсіріле бастады. Әсіресе суық мезгілдерде жылыжайларда өсіру қолға алынғалы бері көкөністің бұл түріне қарық болып қалмағанымызбен, әйтеуір қысы-жазы үзілмейтін болды. Бірақ қолда өсіріліп жатқан қызанақтарымыз әлі де ішкі нарықты толық өтеуге қауқарсыз. Дихан қауымның ала жаздайғы еңбегін өтемейді. Қыс бойы алыс-жақыннан алыпсатарлар арқылы жеткізілетін жеміс-жидек пен көкөніс бағасы көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселе. Біздің айтпағымыз, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, жергілікті шаруалардың өнімді еңбегінің жемісін тұтынсақ нұр үстіне болар еді. Ол үшін қарапайым шаруаларға қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты көмектер көрсетілсе дейміз.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу