ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ – ЖОЛ
Жедел жәрдем көлігі шақырылған жерге 15 минутта жетуі керек. Бірақ көлік кептелісі мен жүргізушілердің жол бермеуі кесірінен алғашқы көмек көрсетушілер жарты сағатқа дейін кешігеді екен. Жедел жәрдем көлігін тізгіндеген жүргізушілер болса, жол ережесін бұзып, қарсы бетпен жүретін кездер жиі болады дейді. Осы орайда бүгін «Ақжайық адалдық алаңы» жобасы аясында жобалық кеңсе, полиция департаменті, медицина қызметкерлері қала көшелеріне дәрігерлерге жол бермейтін жүргізушілерді анықтау мақсатында рейдке шықты.
«Жол бер – өміріңді сақта» тақырыбымен өткен рейд барысында жедел жәрдем көлігі қала көшелерін дабыл белгісімен жүріп өтті. Артында келе жатқан жедел жәрдем көлігін байқамаған, дабылын естімеген жүргізушілер кездеспеді.
– Соңғы кезде жүргізушілердің жедел жәрдем көлігіне жол бермейтіні жөнінде шағымдар жиі түседі. Науқастың өміріне араша түсуге асыққан дәрігердің әр секунды қымбат. Рейдтің басты мақсаты – өрт сөндіру және жедел жәрдем көлігінің адам өмірі үшін маңызды екенін түсіндіру. Сөйтсе де олар кездейсоқ жағдайларға жиі ұшырайды. Көлік жүргізушілері арнайы мақсаттағы техникалардың діттеген жерге уақытында жетуіне жолдағы қозғалыстың тікелей маңызды екенін түсінулері қажет. Сондықтан мұндай тексеріс шараларының маңызы зор, – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Әлия Сәлиева.
– Жеті жылдан бері Жедел жәрдемнің 31 бригадасында еңбек етемін. Жалпы еңбек өтілім – 15 жыл. Күніне 15-16 шақыртуға барамыз. Соңғы уақытта жедел жәрдем көлігіне жол бермейтіндер көбейіп кетті. Мысалы, алдымымызда кетіп бара жатқан көліктен жол сұрап, дабыл берсек те байқамаған секілді жол бермей жүре береді. Содан кейін жол ережесін бұзып қарсы бетпен жүруге тура келеді. Жедел жәрдем көлігін көрген кезде адамның өмірін ойлау керек, – дейді жедел жәрдем фельдшері Арман Ижанов.
Сақшылардың айтуынша, егер жүргізушілер жедел және арнайы көліктер дыбыс дабылын қосып келе жатқан жағдайда жол қозғалысына кедергі келтірсе, онда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтін болады.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу