8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
19 Шілде 2018 3196 0
Өзек

ЖАРТЫЛАЙ ЖАЛАҢАШПЫЗ…

«Қыздар сұлу көрінер…» демекші, жаз басталса болғаны қыз-келіншектердің жартылай жалаңаштанып, денелерін көрсетуге құмар келетін әдеті. Мұндайда ұят дегеннің ауылы алыстап кеткелі қашан?!  Қазір үлкені бар, кішісі бар әйел затының бәрі  аптап ыстықта жеңіл киінеміз деп жартылай шешіне бастады…  

Мен отырған  көлік жасыл шам жанғанда кілт тоқтап, жаяу жүргіншілерді өткізді. Жолақ жолдың бойымен   ұзын сирақ, қысқа сирақ, толық, тіптен  арық сирақтар өтіп жатты, өтіп жатты. Олардың арасынан жеті-сегіз жастағы шортик киген  қыз балаларды да байқадым. Бәрі дерлік шеттерінен сән модасына шыққандай балтырлары ақ сазандай жарқырап  күнге шағылысып барады. Киген көйлектері мен шортиларын кішкене тізеге қарай сәл түсірсе болмас па дейсің.  Ал көлік жүргізушінің екі көзі жалаңаш сирақтарда… Тіпті аузының сілекейі шұбырып кетті ме қызыл шам жанғанын бір сәтке есінен тарс шығарды.  Иін тірескен көліктің бірі сигналын пепілдетіп, екіншісі «әй, інішек жүрсеңші, саған не болды?» дегенде барып есін жиды. Оның бұл қылығына мырс етіп күліп жібердім.

– ­Мына құрғырлардың киім-киісі, жүріс-тұрысы көңілдеріңді аулап… Жаз шықса әдемі аяқтарды қызықтайсыңдар, – дегеніме ол да әзіл-шыны аралас тіл қатты.

– Өзіңіз көріп отырсыз ғой.  Қалай қарамаймыз? Көшеге шауып шыққанда көзіңе оттай басылады.  Әттең,  біздерде осылай қысқа шортикпен жүрсек қой.   Бірақ та   сирақтары  сидиған  еркектерден гөрі,  бөкселері бүлкілдеген қарындастар тартымды  ғой,­ – деп күле жауап қатты жүргізуші жігіт.

Иә, қазір бес-алты оқитын қыз балалардан бастап, орта жастағы апайларға дейін ашық-шашық киінуді әдетке айналдырды. Қалада өз алдына, ауылдық жерлерде шортикті киіп алып, сиыр сауудан қашқақтап қаншама  бикеш жүр. Тағы бір мысал айтайын. Өткенде бесіктен  белі кеше шыққан бүлдіршін  қыз балалар аулада отыр ұялы телефондарын шұқылап. Дәл сол маңайда   ұсқындары қорқынышты, киімдері алба-жұлба екі-үш ер адам жүр тышқан аңдыған мысықтай болып. Соңғы жылдары педофильдердің құтырып әрі көбейіп кеткенін жақсы білеміз. Тізелерін жарқыратып, бөкселерін ашқан  балауса қыздарды тасаға желкесінен бүріп әкетіп, айуандықпен ойларын жүзеге асырса қайтеміз?! Айнала толы қуыс-мүйіс ескі сарайлар. Өз тірлігін күйттеп кіріп-шығып жатқан бөгде адамдардың оқушы қыздармен де, аузы-басы жүн-жүн ер адамдармен де ісі жоқ. Қыз баласын қалай-солай киіндіріп әрі бақылаусыз қалдырғандықтан, төбе шашың тік тұрардай  зорлық-зомбылық  мәселесі бүгінгі қоғамда белең алып жатқан жоқ па?! Бұған  ата-аналар да  кінәлі. Себебі, бәйшешектей бүр жарып келе жатқан қыздарын қараусыз қалдырады. Тыртиған футболка мен балтырдан да жоғары шортиді  кигізіп, аула жаққа немесе саябаққа ойнауға жібереді. Лагерьлерде, аулаларда, саябақтарда  тыртиып  киініп алған өрімдей  қыздар. Олардың айналасында  есейіп қалған ер балалар  толып жүр. Бәрі бір-бірімен алысып-жұлысып, тебісіп ойнайды. Доп қуады. «Сырт көз сыншы» екен демейді бүгінгінің жастары. Еркіндік белең алған  заманда оларға бәрі орынды, дұрыс көрінеді. Біздің қасиетті халқымызда  «буыршын көзін сүзбесе»  деген мақал бар.  «Қызды қырық үйден тыю» деп те бекер айтпаған шығар ата – әжелеріміз. Сайып келгенде әйел затының киім-кию мәдениетіне де көп жайттың қатысы бар-ау деген ойға тірелесің.  Әрине, дәл осы мақаланы оқитын оқырман қауым «осы аптап ыстықта қызымызды бүркеп, көрпеге орап қоямыз ба» деп ашуға булығар. Десек те  халқымыз о бастан ұл мен қызын ұяңдыққа, ибалыққа, сабырлы мінез бен  салмақты ойға тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген. Ал қазір еркін өмір сүрудің бағыт-бағдары осы деп киім кигенде қызақайлыққа салынып, ашық-шашық,  әдептен тыс киінетін болдық.

Мұғалімдерге де форма қажет!

Бұлай деуіме мысал мен себеп көп… Баяғыда оқушы біткен ұл мен қыз мұғалім апайларына  аса құрметпен, сыйластықпен қараушы еді.  Ол кездегі мұғалім мен қазіргі мұғалімді білім жағынан да, киім жағынан да, адамгершілік тұрғысынан да кей жағдайда салыстыруға келмес.  Арасы жер мен көктей жәйттер көп десем қазіргінің  ұстаздар қауымы  өкпелей қоймас! Неге? Себебі, бұрын  мұғалім апайлар әдепті  әрі  қарапайым  болатын.  Сондықтан да олардың әрқайсысы  танымал тұлғаға, биік адамгершілік иесіне, ел-жұрт, ауыл-аймақ  үлгі аларлықтай тамаша жанға  айналды.   Олар  бриллиант көзді алтын сырғаларын құлақтарына салбыратып тағып келмейтін. Мойындарына алтын алқа салмайтын.  Бармақтай балдақтарымен сабақ білмеген баланың басынан соғып, төбесін ойып қоймайтын. Қаланың аты-шулы бір мектебінде мұндай да оқиғаның болғаны есімізде қалған.  Киім бәсекелесіне салынбай, балаға дұрыс бағытта сабақ беретін.  Ол кездегі мұғалім атаулы  қысты күні жауырындарына үлпілдеген ақ, қара, сұр шәлі жамылса, жазда жібектей жұқа әрі әдемі  шарфтармен төстерін үндінің киносындағы актрисалардай бүркемелеп  жауып қоятын. Үстерінде тізеден төмен етек пен көйлек, костюм, кеңдеу сарафан болатын. Дүкендегі ең қымбаттау «Красный Москва» деген әтірдің иісі аңқып, киім кию жағынан мәдениеттілік пен әдептілік басым түсетін.  Балағы бір метр  кала-кала шалбарды да жас мұғалім қыздар кешкісін клубтағы кино мен концерттерге ғана киетін. Ал қазір…  Ол кезде ешкім ақырзаманның  перзенті болған жоқ.  Ол кезде де дәл қазіргідей қысқа етек, көйлек шалбар мен сарафандар, барқыт маталы құнды  көйлектер, әшекейлер сәннен түспеді. Тіпті, қазіргі сән бір кездегі әйелдердің  ақ жағалы көйлегін, шаш үлгілерін қайталау үстінде.

Ал қазіргі мұғалімдер ше?! Ұят болса да шындығын ашық айтайық. Тізелерін шодырайтып  қысқа етек пен көйлек киеді. Болмаса тыртитып шалбар киеді. Кеуделеріне жабыстырып жұқа кофтаны іледі. Оның әр жағынан «ішкі гарнитурлары» айдан анық көрініп тұрады. Тақтаның  алдында омыраулары тырсиып оқушыларға тіке қарайды. Еңкеймей-ақ «декольтесі» көрініп тұрады.  Теріс айналса, шалбардың әр жағынан бөкселері бұлтиып, денелері бүлк-бүлк етеді. Төменгі жағы қазандай болып шалбар киетін орта жастағы мұғалімдер дене бітіміне қандай киімнің жарасып, жараспайтынын  ойланбайды. Айтпақшы, былтыр қыста менің көзімше көршімнің қызы анасына келіп ренішін айтты. Сақылдаған сары аязда тоңып қалмасын, мектептің ауласындағы әжетханаға жүгіре бермесін деп  шалбар кигізіп жіберген ғой. (Әлі күнге дейін кейбір мектептердің әжетханасы сырт жақта тұр).  «Мама, апайыма  шалбар киіп келуге болады. Біздерге неге болмайды? Директор ұстаздарға рұқсат етеді. Ал біздерге неге рұқсат етпейді» дейді. Расында да кейбір мұғалім азаматшалардың сабаққа шалбарланып киініп келетініні өтірік емес. Сөйте тұра оқушыларға ұрсып, тәртіпке шақырып, жиналысқа салатынын қайтерсің?! Ал  жаз шықса мектеп формасын үстінен тастамайтын оқушылардан бұрын  ұстаз атаулының «майлары» ериді. Алдымен өздері  сылап, терлеп-тепшиді. Сәуір мен мамыр басталса болды жеңі жоқ, қолтығы алты қарыс ашық жібек көйлекпен мектепке келеді желбіреп. Матасы жұп-жұқа көйлектің әр жағынан  сидиған екі аяқтың  арасы, дене бітімі  көрініп тұрады. Ішінен  арнайы етек киіп алуды әсте ойламайды. Айта берсек әңгіме көп. Басқа өңірлерді білмеймін, біздің оралдық ұстаздар қауымының күнделікті жұмыста киім кию мәдениеті өте төмен деуге болады. Сондықтан мұғалім апайларға арнап бір түсті киім тіктірту керек-ау  деп ойлаймын. Неге оқушылар мектеп формасымен жүруі тиіс?! Неге оқушылар денесін көрсетпей қымтанып, әдеп сақтауы тиіс. Неге шәкірттерге білім мен қоса тәлім-тәрбие беретін «ұстаз апайлар» күн сайын «мода» көрсетіп түрленуі тиіс?! «Балық басынан» демекші, алдымен мұғалім біткен шаштарын желбіретпей төбелеріне түйіп алып, кеудесі мен бөксесін жабатын ұзындау костюм мен қолайлы жакетті, тізеден төменірек көйлек немесе етекті киіп алып, тып-тиянақты, жинақы  жүрмейді?! Сонда ғана шәкірт атаулы оларға қарап бойларын түзер еді.  Мәселен, дәрігерлер  үстерінен ақ халаттарын тастамаса, заң қызметкерлері мен поштаның,  банктің айналасындағы қыз-келіншектер арнайы киім формасымен жүреді жылан жалағандай болып. Өзіңіз ойлап көріңізші, осыншалық мамандық иелеріне білім беретін, оларды өмірдің түзу жолына жетелейтін ұстаздар қауымының әр мектепте арнайы жұмыс формасы неге болмасқа?! «Ғалым да, шахтер де бас иетін» мамандық иелерінің соңғы жылдары бағасы мен беделі төмендеп кетуінің бір себебі, әлепес-әлепес болып киініп, үстеріне нені болса соны іліп алатын ғадеттерінде жатқан сыңайлы. Биылғы жаңа оқу жылына әлі бір айдан аса уақыт бар. Оқушылардың мектеп формасы секілді мұғалім апайларды да тыңқитып киіндіріп қоятын кез келген секілді. Демек мұғалім апайларға арнайы форма қажет.

Кеудемізді ашып садақаға барамыз

Қазір көшеде болсын, той-домалақта мейлі, тіпті автобустарда омырауын орта тұсына дейін ашып, томпиған төсінің  екі ортасындағы сызықты көрсетуге құмар апайлар көбейді. Жақында даңғыл бойында жасы алпысты алқымдаған қараторы апай үстіне киген жұқа көйлегінен төсі жартылай жарқырап  кетіп барады. Қарсы бетте келе жатқан менің көзім бейтаныс  кісінің төсіне бірден түсті. Ерсі әрине. Үлкендер жағы төстерін ашып, ашық-шашық киінгенде жас қыздар қайтпек?! Үйде сол көйлекті киіп тұрып айнаға қарамайды емес, қарайды ғой. Кез-келген түйреуішті тағып шығуына болмас па?! Жалпы байқағанымыз, соңғы кезде «декольтесін» оқыған-тоқыған адамдар болсын, басқасы болсын ашып жүруді әдетке айналдырған. Өздеріне мүмкін байқалмайтын шығар, көрер көзге ерсілеу, ұяттау, оғаш көрінеді.

«Декольте» демекші, соңғы жылдары қаралы жиындарға, садақаға ашық-шашық  киінетінді шығардық. Тіпті, Құран оқылатын кезде «орамалды ұмытып кеттік деген желеумен» дастарханның шетінде тұрған немесе тағамдардың бетін жапқан қағаз салфетканы басымызға  желбірете  салатын болдық. Тіпті бір қаралы жиында аты да, заты да дырдай, өзі білім саласында қызмет жасайтын орта жастағы келіншектің шашын жайып жіберіп, қақ ортада көлбеңдеп жүргенін көрдік.  Жалғыз ол емес, көпшілік ортада көзге түскісі кеп тыраштанатын, денесіне жабыстырып футболка, бұтына шалбар немесе тар етек киіп келетін  келіншектер көп. Біреудің қазасына ортақтасып, көңіл айтып, жұбатудың орнына, қуанышқа бас қосуға асыққандай шкафтағы барын киіп келудің не жөні бар?!  Замандастарымның садақадағы киім үлгісін, өз-өзін ұстау мәселесін айтсам әңгіме көпке созылады. Үй иесі қимасынан айырылып жылап-сықтап отырса, біз дастархан толы  тағамға тойып алып, телефонға қадалып  әлеуметтік желілерді оқимыз. Ватсап жазамыз. Болмаса сыбырлап, жыбырлап ашық әңгіме айтуға көшеміз. Көңілді саябырсытар жұбату сөздерін тыңдамаймыз. Басымызға қайғылы күн тумайтындай өзімізді тойға келгендей шалт сезінеміз. Айтпақшы, осы Оралда үлкен бір азаматтың әкесі дүниеден озып, «Керемет» мейрамханасында жеті күндігіне Құран бағышталды. Сонда өз ортасына сыйлы, жастармен тығыз жұмыс жасайтын оқытушы апай аппақ жейде мен шалбар киіп келсін. Жаңа ғана айтып өткенімдей, жұп-жұқа ақ матаның ішінен іш киімдері мен мұндалап көрініп тұрды. Әр жағын өзіңіз түсіне беріңіз. «Апырмай, мұнысы несі. Осындай киіммен  студенттердің алдына шығып  дәріс оқиды-ау» деп қолымызды жүрек тұсына қададық.

Мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектер ескерсе…

Тағы бір жанды мысал. Жақында Орал қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті бір жиыны өтті.  Төрдегі мінбеге білдей бір бөлімді басқарып отырған мемлекеттік қызметкер көтерілді. Үстіне ақ жібектен кофта киіпті. Ал әр жағы… «Айта айта алтайды, Жамал апа қартайдының» кебін кидік. Зал толы белді-белді азаматтар. Солардың қақ алдында тұрып баяндамасын оқыды. «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салатын» есті халық емеспіз бе? Осындай сәтте ерлермен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген, ел-жұрт өзіне көз тоқтатып қарап отырған әйел заты, қыз-келіншектер ашық-шашық киінбеу керегін қалай ғана ойланбайды деп қыңжыласың.  Оларға ескертудің не қажеті бар? Айнаға қарап бет-әлпетін түзегенде қайда, қай жерге, кімдердің алдына не киім кию керегін білмейді емес, біледі ғой. Біз неге мұғалімдердің, мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы орнықты ортада жұмыс істейтін жандардың жазғы киім үлгісіне тоқталып отырмыз. Өйткені, жұрт алдында, елдің назарында жүретін көбіне осы саланың қыз-келіншектері. Үйде олардың да отағасы, ұлдары мен қыздары бар дегендей. Оның үстіне «Дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды».

Осыдан он шақты жыл бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінде «Басшысына қарап, хатшысын таны» деген мақалам шыққан еді. Алақанның үлкендігіндей сол мақаланың аяқ астынан үлкен сенсация туғызғаны бар. Себебі, аты-жөнін бүркелемеп жазсам да қандайма  мекеме басшысының қабылдау бөлмесінде телефонның құлағында ойнап отыратын хатшы бикештің киім киісін  басты нысанаға алған болатынмын. Кеудесі ашық-шашық, қысқа көйлек киіп бастықтың бөлмесіне шолжаңдап кіріп-шығатын хатшы сіңілеріміз арамызда қазірде жоқ емес, бар. Және көбейіп барады. Әсіресе, жастар практикасы арқылы жұмысқа алынған қыз балаларды шыбықтап жүріп үйретуге тура келеді. Ал олардың киім киісіне қарап сырттан келген жұртшылық көрсе қызар екен деп басшыны алдымен кінәлайды. «Басшысына қарап, хатшысын таны» деген мақала сол баяғы ар-абыройы  жоғары, ұяты бетінде қаймақтай қалқып тұратын қазақ халқының кешегі Қыз Жібек, Сұлушаш, Баян, Құртқаларынан тараған, хас сұлу әрі ақылды апаларымыздың жалғасы болар  қыз-келіншектерге  бағытталған әңгіме-тұғын. Дәл осы сын-ескертпеге мекемелерге барып, ел-жұрттың көз алдында жүретін журналист қыз-келіншектер де құлақ түрсе екен.

Міне, ағайын! «Айтылмаса сөз жетім.»  Жаз шығып, күн шыжып тұрғанымен айлар жылжып қоңыр күз де ыстық желді жауынымен алмастырар. Қазір ыстықты желеу етіп шешінсек те, шолтиып киінсек те «Адам көркі – шүберек» екенін есте ұстағанымыз абзал.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қоғам
Болашақты болжайтын карта
28 Наурыз 2024
31 0
Мезгіл мәселесі
Тасқын толастар емес!
28 Наурыз 2024
52 0
Мезгіл мәселесі
Жағдай мәз емес!..
28 Наурыз 2024
52 0
Мезгіл мәселесі
Арық салуға қомақты қаражат керек
27 Наурыз 2024
148 0
Қалалықтар қаперіне
Арнайы комиссия құрылады
27 Наурыз 2024
143 0
Мезгіл мәселесі
Тасқынның мән-жайын түсіндірді
27 Наурыз 2024
151 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқынының алдын алу шаралары пысықталды
26 Наурыз 2024
233 0
Табиғат
Экологиялық акциялар өтті
24 Наурыз 2024
492 0
Мереке
Жыл басы күнін атап өтті
23 Наурыз 2024
683 0
Құттықтаймыз!
80 отбасы баспаналы болды
21 Наурыз 2024
813 0
Мереке
Балаларға базарлық берілді
21 Наурыз 2024
824 0
Мереке
Жаңару күнін тойлады
20 Наурыз 2024
898 0
Қалалықтар қаперіне
«Ұршық пати» көрмесі өтті
16 Наурыз 2024
1302 0
Қалалықтар қаперіне
Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді
16 Наурыз 2024
1318 0
Табиғат
Салаладағы мәселелер талқыланды
15 Наурыз 2024
1396 0
Қалалықтар қаперіне
Жайық жұртымен кездесті
14 Наурыз 2024
1484 0
Білім
Дубналықтар КазИИТУ-ға келді
12 Наурыз 2024
1690 0
Қалалықтар қаперіне
Құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары!
12 Наурыз 2024
1689 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»