ТІЛ МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МӘРТЕБЕСІ
«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халықтары тілдері күніне арналған «Тіл – ұлт тұтастығының тұғыры» атты тілдер фестивалі өтті.
Дәстүрлі фестивальде студенттер әр ұлт өкілдерінің, мәселен үнді, әзербайжан, шешен, өзбек, украин, татар, орыс, түрік, кәріс, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттап, таныстырды. Шараны ашқан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяхов: – 1989 жылы 22 қыркүйекте тұңғыш рет қазақ елі үшін маңызы зор құжат – Тіл туралы Заң қабылданды. Заң аясында Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық тіл – орыс тілі болып бекітілді. Заңның қолданысқа енгеніне биыл – 30 жыл толып отыр. Бүгінде оқу орнында оннан аса ұлт өкілдерінің жастары татулығы жарасып, білім алуда. Тіл мәселесі – өзекті. Тілін жоғалтқан халық – болашағын да жоғалтады. Елімізде 130-дан аса ұлт пен ұлыстар берекелі тұрмыс кешуде. Халықтар достығын дамытып, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда бүгінгі шараның маңызы зор, – дей келіп баршаны «ҚазИИТУ» ғылым-кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовтың атынан мерекемен құттықтады. «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов ҚазИИТУ Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бөлігі екенін атап өтті. – Оқу орнындағы өте тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Мұнда достық, келісім, татулық, бірлік, сыйластық, түсіністік орнаған. Жақсы көңіл-күй дастарханнан басталады. Әр ұлт өкілдерінің ұлттық асханасына еніп, салт-дәстүріне бойлап, мәдениетін меңгерген студенттерге риза болып тұрмын. Мұндай жан-жақты, алғыр жастармен жұмыс істеу ұстаздарға да оңай, – дей бұл тұрғыда басшылықтың ұйымдастырушылық қасиеті жоғары екенін жеткізді. «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Аида Маратованың айтуынша, аталмыш фестиваль білім ордасында биыл тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр. Қазақстан халықтарының тілдері күні фестивалінің мақсаты – еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің бірлігін бекемдеу, олардың тілі мен дініне, дәстүріне құрметпен қарау. Фестиваль студенттердің күшімен дайындалған. Осы шараға дайындалу арқылы олар әр халықтың мәдениетін, тарихын зерттеуге қызығушылық танытқан. Жалпы оқу орнында мереке аясында 16-20 қыркүйек аралығында бұдан өзге де шаралар, яғни оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстелдер, байқаулар, кураторлық сағаттар, интеллектуальдық ойындар ұйымдастырылған. Байқау талантты студенттерді анықтауға да мүмкіндік береді. Бұл күні оқу орны ғимаратының ауласында ұлттар достастығы салтанат құрып, қызылды-жасылды киінген әр ұлт өкілдері әндерін әуелетіп, жарасымдылық пен достықты ту етті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу