ТӨТЕНШЕЛІКТЕР 5 АЙЛЫҚ СӘБИГЕ КӨМЕКТЕСТІ
Батыс Қазақстан облысында бір тәулік ішінде қар құрсауынан 94 адам құтқарылды. 22 адам эвакуацияланды. 25 көлік таза жолға шығарылған. Бұл жағдайлар Бәйтерек, Сырым, Шыңғырлау аудандарында тіркелді.
Қардың көп түсуіне байланысты кейбір елдімекендерге баратын жолды қар басып, қатынасты қиындатты. Мәселен, 21 ақпан күні түскі 12.05-те БҚО ТЖД бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының «112» нөмріне Бәйтерек ауданының Шалғай ауылы Набережная көшесі 6-үй, 1-пәтер тұрғыны хабарласып, бес айлық сәбиінің ауырып тұрғанын және жолды қар басып қалғандықтан, ауруханаға жеткізу қиындық тудырып тұрғанын айтып, көмек сұрайды. Шақыртуға орай ТЖД жедел құтқару жасағы елдімекенге жетіп, 1990 жылғы Ю.И.Кашманова мен 2018 жылғы ұлы И.В.Кашмановты Бәйтерек аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Қазір сәбидің саулығы дәрігерлердің бақылауында.
Сондай-ақ Шыңғырлау ауданы «Ақсай-Шыңғырлау» автожолының 64 шақырымы, Ақсай ауылынан 2 шақырымдай жерде ТЖД және жергілікті атқару органы, «Дорромсервис» ЖШС қызметркерлері қалың қарға кептеліп қалған 22 жеңіл көлік пен 2 жолаушылар Газелін тазартылған жолға шығаруға көмектесті. Көліктердің салондарында жалпы 91 адам болған.
22 ақпанға қараған түні 1.14-те төтеншеліктер Сырым ауданы «Жымпиты-Ақсай» автожолының 11 шақырымында қар құрсауында қалған жеңіл көлікті шығарды. Көлікте үш адам болған, оның екеуі жүкті келіншектер. Таңғы 5.00 шамасында Шыңғырлау ауданы «Шыңғырлау-Ардақ» автокөлік жолының 20 шақырымы, Қызылкөл ауылынан 15 шақырымдай жерде 6 жеңіл автокөлік пен 1 «УАЗ» маркілі жолаушылар көлігі қарға батып қалған. Құтқарушылардың және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің күшімен 20 адам эвакуацияланды. Олардың екеуі – бала.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 903 адам құтқарылып, 204 адам эвакуациялынған. 405 техника қар құрсауынан шығарылған.
Версия для печати
Пікір үстеу