СЕЙІТҚАЛИЕВТЕР ӘУЛЕТІ – «АҚЖАЙЫҚ ӨҢІРІНІҢ ОҚЫРМАН ОТБАСЫ – 2019» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Халықаралық отбасы күніне орай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2019» облыстық байқауының бас жүлдесін бөкейордалық Сейітқалиевтер отбасы жеңіп алды.
Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен шараға аудандық деңгейдегі байқау жеңімпаздары қатысты. Байқауға қатысушылар жеке кітап қорларын таныстырып, үздік шығармалардан сахналық қойылымдар ұсынды. Әділқазылар алқасының төрайымы Сара Кенжебаеваның айтуынша, жастардың заманның ағысына қарай кітап таңдауы – руханиятымызды әлсіретіп бара жатқанын көрсетеді. Өйткені жастардың көбісі өзге тілдегі кітаптарға құмар. Байқау нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Жаңақала ауданынан келген Хамзиндер отбасы иеленсе, екінші орынды тасқалалық Залиевтар мен оралдық Есқалиевтер, Ақжайықтан келген Сәрсенғазиевтер, қаратөбелік Сәленовтер тең бөлісті. Бәйтерек ауданынан келген Бекеновтер отбасы бірінші орынға лайық деп танылса, бас жүлдені шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданынан ат терлетіп келген Сейітқалиевтер әулеті жеңіп алды.
Нұрлан ЕДІГЕНОВ
Бекен ҮТЕБӘЛІТЕГІ, зейнеткер:
– Біздер Бөкей Ордасы ауданының Бейсен ауылынан келдік. Әуелбастан топырағы құнарлы мекенде дүниеге келгендіктен, кітап әлеміне жақын болдық. Біздің заманымызда үйдің бір бұрышында кітап жинаулы тұратын. Сол кітаптар кейінгі ұрпаққа мұра болды. Немере-жиендерімді бос уақытында кітап оқытып немесе дастан жаттатамын. Бас жүлдені иелену – тамыры тереңге жайылған әулетіміз үшін үлкен жетістік.
Версия для печати
Пікір үстеу