РЕСЕЙЛІК САЗГЕР ИГОРЬ КРУТОЙ ЕРЖАНДЫ ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ
Ержан Максим ресейлік танымал композитор Игорь Крутойдың музыкалық академиясында өнерін шыңдамақ. Бұл туралы жас дарын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Осыдан екі апта бұрын «Голос. Дети» байқауынан кейін елге оралған кезде Ержан Максим өзіне Игорь Крутойдан ұсыныс болса, Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуге көшуге де ниеті бар екенін айтқан болатын. Ержанның арманы алдамапты. Қазіргі уақытта Мәскеуде жүрген ол ҚР-ның мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың ықпалымен Игорь Крутоймен жүздескен. Ержанды тыңдаған И.Крутой оны өзінің музыкалық академиясына оқуға шақырыпты.
«Достар, Мәскеуге жасаған сапарым сәтті болды. Неге дейсіз ғой, мен ең алдымен, еліміздің аптал азаматы Иманғали Нұрғалиұлымен кездестім. Сол кездесуіміздің нәтижесі ретінде көптен бері армандап жүрген атақты композитор, продюсер Игорь Крутоймен таныстым. Мені студияда тыңдаған маэстро мені ұнатып, өзінің музыкалық академиясына шақырды. Мен қуана келістім. Енді достар, күзден бастап сол жерде вокал бағыты бойынша өнерімді шыңдайтын боламын. Әрине, мұның барлығы Иманғали ағамыздың арқасы деп білемін. Осындай азаматтардың арқасында шығармашылығым жалғасып, жемісін беретініне сенімім мол» деп жазды Ержан.
Айта кетейік, Ержан Максим биыл Ресейлік «Голос.Дети» тележобасында екінші орын алған болатын. Алайда, жұртшылық қорытынды әділетсіз болғанын, қазақстандық дарын Ержанның жеңіске лайық екенін айтып, пікірлерін білдірді. Әсіресе, ресейлік белгілі әртістер қазақстандық балғынға қолдауларын жеткізіп, оны нағыз жеңімпаз деп қабылдайтындарын айтқан. Бұл пікірге отандық жұлдыздар да, жанкүйерлер де қосылды.
Версия для печати
Пікір үстеу