ОРАЛДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Бүгін Орал қаласында жалпықалалық сенбілік өтті. Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік ұйымдардың ұжымдары, шаһар тұрғындары, еріктілер белсене атсалысты.
Санитарлық-экологиялық тазалық айлығы аясындағы жалпықалалық сенбілік аясында көшелерді тазалау, ағаш түптерін әктеу, жаңа тал-теректерді түптендіру жүргізілді.
Сенбілікке қала аумағындағы кәсіпорын ұжымдары белсенділік танытты. Олардың қатарында «Аққайнар» АҚ, «Зенит» зауыты, «СтеклоСервис» ЖШС, «Алтындар» дүкендер желісі және басқа да ұжымдар бар. Мәселен, «Аққайнар» АҚ қызметкерлері Ә.Молдағұлова көшесінің бойын, зениттіктер Сарайшық көшесінде тазалық жүргізді.
– Біздің айналамыздың тазалығы – біздің келбетіміз. Әр уақыт зауыт маңына тазалық жүргізіп тұрамыз. Бүгін жалпықалалық сенбілікті қолдап, 30 шақты қызметкеріміз шықты. Олардың дені – зауыттың тынысына белсене қатысып жүрген жастар. «Тазалық ластамаған жерде болады» деген бар. Қалалықтарды тазалықты сақтауға, туған қаламызды ластамауға шақырамын және ұл-қыздарын да бала кездерінен туған жердің тазалығына жауапты екендіктерін сезіндіріп тәрбиелесе деген тілегім бар, – дейді зауыттың бас инженерінің орынбасары Серік Дәулетияров.
Спорт саласы қызметкерлері қала аумағындағы спорт алаңдарын жазғы маусымға дайындауды жүргізді.
Сондай-ақ көпқабатты үйлердің тұрғындары да бүгінгі сенбілікте аулаларын жинап, айналаны ретке келтірді. ПИК-тердің ұйымдастыруымен Ружейников көшесінің, 4-үй мекенжайының Зашаған кентіндегі Б.Жәнекешев көшесі, 4-үй тұрғындары тазалық жүргізумен қатар ауладағы тал-теректің түптерін қопсытып, әктеп және жаңадан алма ағашының көшеттерін отырғызды.
Десе де қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев пәтер иелері кооперативтері мен гараж кооперативтеріне тазалық шараларын ұйымдастыруда әлі де белсенділік қажеттігін атап өтті.
Сенбілік аясында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жауапты сала мамандарымен бірге қала көшелерін аралап, қаланың санитарлық тазалығын тексерді. Қаланы аралау барысында санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін бірқатар нысандардың иелерімен тілдесіп, оларға кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін ескертті. Ғимараттар алдын тазалау, қасбеттерін реттеу, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар құзырлы бөлімдер мен коммуналдық мекемелер басшыларына қала көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту, алаңдарға көшеттер отырғызу, жалпы қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу