ОРАЛДА ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ БАСПАНА САЛЫНАДЫ
27 наурыз күні Орал қалалық полиция басқармасында БҚО полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңесші органның отырысы өтті. Отырысқа БҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағдар Әбуов және басқарма бастықтары, консультативтік кеңесші органның белсенді мүшелері мен Орал қ.ПБ басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Отырыста алғаш сөз алған кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын көпшілікке насихаттау, құқықтық мемлекетті нығайту мен рөлін арттыру, халықтың, қоғамның негізгі ойларын бірге шешу мақсатында облыс көлемінде біркелкі іс-шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Бұдан кейін отырыстың күн тәртібінде қаралатын екі сұрақтың өзектілігіне тоқталып, отырысқа жиналғандарды еркін пікір алмасуға, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Орал қ.ПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров «Орал қ.ПБ-дағы заңдылық пен қызметтік тәртіптің жай-күйі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы» баяндама жасады.
Ішкі істер органындағы негізгі басым бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты болдырмау үшін нақты шаралар да қабылдануда.
Жыл басынан бері Орал қаласының полиция басқармасына 14 үміткер қабылданған. 13 жас маман ҚР ІІМ жоғары оқу орынын тәмамдаған, біреуі алғашқы даярлық курсын бітірген. Жас мамандар бойында таңдаған мамандығына деген мақтаныш сезімін ояту мен тұлға болып қалыптасуына, қызметтегі ортаға үйлесіп еңбекке араласуына әлбетте, тәлімгерлер бекітілетіні белгілі. Осы жас мамандардың барлығына кәсіби шеберлігі шыңдалған, тәжірибелі қызметкерлерден тәлімгерлер тағайындалды. Бір кабинетте, бір топта қызмет атқаруына басшылық тарапынан қолайлы жағдай жасалған. 2019 жылдың алғашқы 3 айында 13 қызметкер қызметтен шығарылған, оның 8-і өзінің қалауымен, 3 қызметкер қысқартылған, теріс қылығымен 1 қызметкер жұмыстан шығарылған. Жалпы, жеке құрамның 12 пайызы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұдан өзге басқарма бастығының орынбасары Наурызбай Қайыршаұлы апта сайын ұдайы түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында шолулардың жеке құрамға жеткізілетінін баяндады. Өзгелерге сабақ болып, қателіктерін қайталамасын деген мақсатта жыл басынан бері 2 ашық сот отырысы өткізіліп, құзырлы мекеме, департамент басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы 29 қаңтарда Абай полиция бөлімінің акт залында кездесу өтіп, оған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының қызметкері Ерқанат Ерланұлы қатысты.
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы №102 қаулысымен бекітілген 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының 39-тармағына сәйкес құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам, оның ішінде «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында қоғамдық іс-шаралар өткізуді қамтамасыз ету деп көрсетілген. Осы бағытты ұстанған Орал қаласы полиция басқармасының басшы құрамы 2019 жылғы ақпанның сегізінде басқарманың акт залында «Парасыз болашаққа бірге» тақырыбымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұбаныш Аманқос Сағынұлы, «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының ресми өкілі Азамат Махамбетұлы Нысанбаев, Орал қ.ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Нұрлан Абылайұлы Бисенов және басқарманың жеке құрамы толықтай қатысты. Кездесулер барысында жеке құрамға заң алдында жауапталған қызметкерлерге шыққан үкімдер мен ұсталуы туралы роликтер көрсетілген еді.
2018 жылдың алғашқы 3 айында 4 қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал 2019 жылғы 3 айда мұндай фактілерге жол берілген жоқ.
Жеке құрамның жол-көлік оқиғаларына жол бермеуі, жол ережелерінің сақталуын тексеру мақсатында кадр жұмысы бөлімінің жауапты қызметкерлері жыл басынан бері 7 рейд өткізіп, оның барысында бірде-бір теріс факті тіркелмеген.
Басқарманың 1-қабатында фронт кеңсе ашылды, оған келген азаматтар өз сұрақтарына нақты әрі шапшаң жауап алуға мол мүмкіндіктері бар.
Басқармадағы жеке құрам арасындағы тәртіптің жай-күйі туралы ақпарат баяндаған полиция полковнигі Наурызбай Қайыршаұлы ұсыныстарды да атап өтті. Әдеп кодексін оқыту бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылып, жеке құрамның полицейлік, тәлімгерлік, офицерлік, ардагерлер кеңестерімен бірлесіп жұмыстануын, полиция имиджін көтеру, полиция қызметін халыққа жақындату мақсатында жұмыстың күшейтілуін алдағы күндердің еншісіне қалдырды.
Осы ретте БҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағдар Әбуов полиция қызметкерлерінің азаматтармен сыпайы және ілтипатты қарым-қатынас жасап, мәдеиетті сөйлеуге көңіл бөлінуін талап етті. Ал консультативтік кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов полиция жұмысын халыққа жариялау мақсатында ақпараттардың уақтылы әрі шынайы берілуін, заң аясында жұмыстануға шақырды. Консультативтік кеңесші органның мүшесі Асыланбек Ғұбашев алдағы күндері өтетін кезектен тыс аттестацияға бақылаушы ретінде қоғамдық құрылымдардың тартылуын өз ұсынысы ретінде жеткізді.
Келесі кезекте «Полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін атқарылған бірқатар іс-шаралар туралы» БҚО ПД кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция полковигі Мырзахан Батырқұлов баяндады.
Осы күнге дейін 104 қызметкер ипотека арқылы үй алып, 111 қызметкер әр түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамтамасыз етілген. Жалдамалы үйде тұратын қызметкерлер тексеріліп, 2 қызметкердің отбасына баспанасы өтеусіз жекешелендірілген. Полиция қызметкерлеріне баспана тұрғызу мақсатында «Солтүстік-Шығыс» ауданнан жер телімі қарастырылған. Уақытпен санаспай қызметтерін мінсіз атқаруы үшін тәртіп сақшыларына ең бастысы баспанасы болуы тиіс. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әркез саптан табылатын тәртіп сақшыларының баспаналарының болуы туралы отырысқа қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.
Отырыс барысында әрбір баяндамашыға консультативтік кеңесші орган мүшелері сұрақтарын қойып, нақты жауаптар қайтарылды.
Қазыбай Бозымов тәртіп сақшыларының ел игілігі жолындағы қызметін жариялау мен халыққа жақындату мақсатында ынтымақты жұмыстануға шақырды.
Отырыс соңында Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағдар Әбуов БҚО Полиция департаменті жанындағы Консультативтік кеңесші органның қызметіне белсенді қатысқаны үшін БҚО ПД ККО төрағасы Қазыбай Бозымовқа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-майоры Е.З. Тұрғымбаевтың Грамотасын табыстады.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Версия для печати
Пікір үстеу