ОРАЛДА «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 284 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Бүгін Оралда тоғыз қабатты екі үй қолданысқа берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шаһардың солтүстік-шығыс бөлігінен бой көтерген қос үйден 284 отбасы баспана алды. Тұрғындардың қуанышына облыс басшысы Ғали Есқалиев пен қала әкімі Абат Шыныбеков ортақтасып, 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесінде баспаналы болған отбасылардың қоныстарына құтты болсын айтып, шаңырақтарының балғындардың шатты күлкісіне толы болуын тіледі.
– Жаздың алғашқы күні 284 жерлесіміз үшін айтулы, ерекше күн болып отыр. Менің есебімше, осы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 400-дей бала Балаларды қорғау күнін жаңа пәтерде қарсы алмақ. Осы қуаныш ұзағынан болсын. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бірнеше жыл бұрын іске қосылған еді. Бірнеше жылдың ішінде аталған бағдарламаның тиімділігі анық байқалды. Мемлекет тарапынан баспанаға қол жеткізуде жеңілдетілген несие түрінде жеңілдік жасалуда. Сондай-ақ жер бөлініп, әр үйге инфрақұрылым тартылды. Бұл үйлердің нақты өзіндік құны – 1 шаршы метрі үшін 180 мың теңге. Ал бағдарлама аясында 1 шаршы метріне – 140 мың теңгеден есептелді. Яғни, мемлекет қазынасынан 40 мың теңгесі өтелуде. Бұл, әсіресе, табыс деңгейі төмен отбасылар үшін қолайлы. «Нұрлы жер» арқылы былтыр облыста 1080 пәтер тапсырылды. Биыл кемінде 1800 пәтер беріледі, яғни өткен жылғыдан 80 пайызға көбейтілмек. Екіншіден, мұндай жобалар елдімекендердің дамуына серпін береді. Бағдарлама аясында облыс орталығында ғана емес, аудан-ауылдарда да тұрғын үйлер салынуда, – деген Ғали Есқалиев қос үйдің құрылысын жүргізген компания басшыларына алғысын білдіріп, тұрғындарға пәтерлерінің кілттерін табыс етті.
Пайдалануға берілген екі үйдің құрылысын «СКФ Отделстрой» және «Болашақ-Т» ЖШС-лары жүргізген. Олардың бірі – 180, екіншісі – 104 пәтерлі. Бұлар – қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен беріліп отырған алғашқы үйлер.
Жалпы қаланың солтүстік-шығыс бөлігін игеру 2016 жылы басталған болатын. Магистралды инженерлік желілер тартылып, қазіргі уақытта автокөлік жолдарын салу, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа шағын ауданның аумағы – 108,6 гектарды құрайды. Бұл аумақта 30 көпқабатты үй салу жоспарланған. Бүгінде 10 нысанның құрылысы жүруде. Болашақта бұл аудана 12 мыңға жуық тұрғын қоныстанады деп күтілуде. Сондықтан мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік инфрақұрылымдар, спорттық, коммерциялық нысандар құрылысы да жоспарланған.
Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сегіз көпқабатты үй тапсырылады деп күтілуде. Демек , жыл аяғына дейін тағы 1355 отбасы өз баспаналарына қол жеткізеді.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу