ОРАЛДА 3793 АЗАМАТ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Бұл туралы Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков «Жайық үні-Жизнь города» газетіне «Қаламыздың даму жолында әр оралдықтың еңбегі зор!» тақырыбында берген сұхбатында айтты.
– Қала кейінгі он жылда екі есе өсті. Қазір 350 мыңға жуық адам тұрады, олар аудан, ауылдардан көшіп келді. Біз олардың барлығын жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Биылғы жылдың 8 айында қала бойынша жұмысқа орналасу мәселесімен 7 689 адам жолығып, оның 2 142 жұмысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш берді және 3 793 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, – деді Абат Абайұлы.
Соның ішінде 1535 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 277 адам жастар практикасына, 1 383 адам қоғамдық жұмыстарға, 70 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 303 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған. 174 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар берілді. «Еңбек «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 22 адам несие алды. Олар жүк тасымалдау, арнайы техника сатып алу, азық-түлік дүкені, халал кафе, мерекелік безендіру, ағаш өңдеу бағыттарында өз істерін ашты.
– Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру – бұл жаңа жұмыс орындарын құрудың драйвері. Биыл Оралда жалпы құны 17,4 миллиард теңге болатын 42 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 924 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олардың ішінде жиһаз фабрикасының құрылысы, сүт зауытының құрылысы, ат спорты кешенінің құрылысы, панельді радиаторлар өндірісі, жылыжай кешенінің құрылысы, медициналық орталық, пластмасса қалдықтарын қайта өңдеу желісі, тауарларға арналған пластмасса қаптамалар өндірісі, демалыс базасы сияқты жобалар бар, – деп толықтырды қала басшысы.
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу