ОРАЛ ҚАЛАСЫ МЕН ТӨРТ АУДАНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Бүгін БҚО мәслихатының кезекті 25 сессиясында 2019 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен нақтыланған бюджет 173,3 млрд. теңгені құрады.
2019 жылға арналған бюджет Елбасы тапсырмасына сәйкес негізгі стратегиялық мәселелерді шешуге бағытталады. Республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трасферттер 18,8 млрд. теңгені құраса, салықтар бойынша қосымша түсімдер 3,9 млрд. теңге. Бюджет жобасын Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.
Бюджет қаржысы бірінші кезекте «Nur Otan» партиясының 18-ші съезінде Елбасы берген тапсырма бойынша 1 маусымнан бастап білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт салалары қызметкерлерінің І-ден VІІІ-ге дейінгі разрядтағы жұмысшылардың және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің төменгі буынының жалақысын көтеруге бағытталмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 6,8 млрд. теңге бөлініп отыр. Аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға және салуға 2,4 млрд. теңге қарастырылуда. 1,2 млрд. теңге «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елдімекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыруға және дамытуға жұмсалады. Аталған жоба шеңберінде Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылында жарықтандыру құрылысы, №1 орта мектебі мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимараттарын күрделі жөндеу, Тәуелсіздік, Щурихин, Меңдәлиев, Қазақстан көшелері жолдарын күрделі жөндеу, Тасқала ауданы Тасқала ауылындағы Қ.Сәтбаев орта мектебі мен С.Жақсығұлов орта мектебіне күрделі жөндеу және Теректі ауданындағы Федоров ауылында Абай, Центральная, Достық көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілмек.
Бюджеттің негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік саланы қолдау. Бұл салаға 5,2 млрд. теңге бағытталып отыр. Оның 3,5 млрд. теңгесі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге және жастар практикасы мен жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар ұсынуға беріледі. Білім саласына – 1,5 млрд. теңге қаралған. Оған мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім тапсырысын орналастыруға, жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты облыс мектептеріне кітаптар және оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға жұмсалмақ. Мәдениет, спорт саласына – 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлінуде.
Облыста ауылдық елдімекендерді сумен және газбен жабдықтау жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген.
– Ақжайық, Теректі, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау, Бәйтерек, аудандарының тоғыз елдімекенін сумен жабдықтау және Орал қаласының бір нысанының су бұру жүйелерін дамытуға – 1,6 млрд. теңге және Қазталов ауданының тоғыз ауылды елдімекенін газбен жабдықтау желілері құрылысын жалғастыруға 458 млн. теңге бөлінуде, – деп толықтырды Қайсар Зәкірұлы.
Ал жол құрылысын жақсарту үшін Орал қаласы мен төрт ауданның жолдарын күрделі жөндеуге қосымша 3,5 млрд. теңге бағытталады. Сырым ауданы бойынша Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолының 149-159, 139-149 шақырымдары аралығын күрделі жөндеу, Жаңақала ауданы бойынша Чапай-Жаңақала-Сайқын автожолының 113-тен 130-шы шақырымына дейінгі бөлігі бойынша орташа жөндеу жалғасады. Бәйтерек ауданында Үлкен Шаған-Преметный автожолының 32-42 шақырымы аралығын жөндеу жалғасып, Переметныйда ауылішілік жолдарды күрделі және орташа жөндеу басталады. Теректі ауданының Федоров ауылында Горький, Юбилейный көшелерін күрделі жөндеу жалғасады. Орал қаласында Т.Масин көшесінен Пугачевқа дейінгі М.Жүнісов көшесі, Айталиев көшесінен Ружейниковаға дейінгі Жамбыл көшесі, Д.Нұрпейісова мен Жайық көшесіне дейінгі Елизаров көшесі, Сарайшық көшесінен Пугачев көшесіне дейінгі Қ.Аманжолов көшесі, Сарайшықтан Ақмурзин көшесіне дейінгі Самарская көшесі және 8 март көшесінің Д.Нұрпейісова мен Пугачев көшесі аралығы бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Орал қаласы мен Ақсай қаласындағы жол құрылысы үшін қосымша 590 млн. теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Оған Зашаған кентіндегі Балауса шағынауданындағы жол құрылысы жалғастырылып, Сарытау шағынауданы және Согласия көшесінен Алаш көшесіне дейінгі Светлая көшесінің автожолы мен Бөрлінің Ақсай қаласында 14 көшенің жол құрылысы басталады. Бұдан бөлек Деркөлдің «Сарыарқа» шағынауданында кварталішілік жол төсеу және ағын сулар үшін арықтар салуды бастау жоспарланған.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу