ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРДЕ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТЕДІ
Сенбі, 26 қаңтар күні Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтеді. Әйел адамдардың онкогинекологтар қабылдауында болып, тегін кеңес алуына мүмкіндік бар. Қабылдау 9.00-ден 15.00-ге дейін жүргізіледі.
Бүгіннен бастап елімізде жатыр мойны ісігі туралы ақпараттандыру апталығы басталды. Ақпараттандыру апталығы жыл сайын барлық елде өткізіледі. Өйткені жатыр мойнының қатерлі ісігі әлем бойынша өзекті мәселе. Жыл сайын дүние жүзінде жарты миллион әйел осы аурумен ауырып, салдарынан 288 мыңы көз жұмады екен.
Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Ерлан Тоқсанов айтып өткендей, бұл адамның папиллома вирусының таралуынан болатын ауру. Көбіне жыныс жолдары арқылы таралады. Вирустың 100-ден аса типі бар. Соның 30-ға жуығы жыныс жолдары арқылы беріледі екен. 99,7 пайызында жатыр мойны ісігі анықталады. Нәзік жандылардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі, ерте кездегі жүктілік, 16 жасқа дейін босану, жыныс жолдары арқылы берілетін арурлардың асқынуы және жыныс жолдарында болатын басқа да аурулар жатыр мойны обырының пайда болуына әкелуі мүмкін. Темекі шегетін және бес жылдан артық гормондық контрацептивтерді қолданып жүрген әйелдердің де сырқаттану қаупі жоғары.
Облыстық онкологиялық диспансер директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Нұрлан Тлемісовтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 1800-1900 әйелден осы ауру анықталады. 500-600 әйел аурудың асқынуынан көз жұмып отыр. Батыс Қазақстан облысында жатыр мойны ісігімен есепке алынғандар көбейіп келеді. Бұл скрининг арқылы аурудың ерте сатысында анықталуымен байланысты екенін атап өткен жөн. Мәселен, 2016 жылы өңірде 57 жағдай тіркелсе, өткен жылдың қорытындысында 90-нан астам әйелден ауру анықталған. Өлім жағдайы азаюда.
Дәрігердің айтуынша, скринингтік тексерулер арқылы ерте сатысында анықтау – дертті уақытылы емдеудің бірден-бір жолы. Енгізілген өзгерістерге байланысты жас ерекшелігіне байланысты жатыр мойны обырына тексерілетін әйелдер көбейді. Бұған дейін жыл сайын облысымызда 15 мың әйел тексеріліп жүрген болса, ол 2,5 есеге ұлғайып отыр. Яғни өткен жылы 39,5 мың әйел тексерілген.
Онкогинеколог-дәрігер Асылзат Жақыпова адам папиллома вирусының 16 және 18 типтері 100 пайыз жатыр мойны қатерлі ісігінің ерте туындауына әкелетінін атап айтты. Тексеру нәтижесі оң болған жағдайда әйелдер алты ай сайын аспапты және лабораториялық тексерлерден өтуі тиіс. Қазіргі кезде әлем бойынша адам папилломасы вирусына қарсы Сervarix және Gardasil вакциналары қолданылады. Осы екі вакцина да 11-25 жас аралығында жасалуы керек. 26 жастан кейін тиімділігі жоқ. Яғни, қыз бала жыныстық қатынасқа түспес бұрын жасалғаны дұрыс. Екі вакцина да алғаш рет 2007 жылдан бастап Австралияда қолданыла бастаған. Содан бері ол елде әйелдердің жыныстық ауруы 70 пайызға төмендеген. Қазақстан бойынша 2013 жылы Атырау, Павлодар, Алматы облыстары мен Астана қаласынан 11-12 жастағы 1000-нан аса қыз балаға вакцина жасалған. Оралдықтарға да вакцинаны қолдану ұсынылуда.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Айгүл Байбатшаева шетелде белсенді қолданылатын адам папилломасы вирусына қарсы (ВПЧ) вакцинаға тапсырыс берілетінін жеткізді.
Пап-тест жатыр мойны қатерлі ісігін анықтаудағы маңызды әдіс. Жатыр мойнынан жағынды алу белігілі ем қолданылмаса уақыт өте келе қатерлі ісікке айналуы мүмкін атипиялық жасушаны анықтауға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде жүйелі жүргізіліп келе жатқан скринингтік тексерулер аурудың жаңа жағдайларының екі есеге дейін азаюына мүмкіндік берген. Демек біздің елде де скринингтік тексерулердің жолға қойылуы жоғары деңгейге қол жеткізуге сеп болары анық.
Жатыр мойнындағы қатерлі ісік – әйелдер үшін төбеден жай түскендей сезіледі. Дегенмен, жаңадан пайда болған ісік бірден ұлғайып кетпейтінін ескерсек, бұл аурудан айығуға мүмкіндік мол. Егер науқас ертерек диагностика жасатып, өз еркі, қалауымен тексерілетін болса, нәтиже де жақсы болып, ем де мемлекетке арзанға түсіп, ауырған әйелдің жүйкесіне де күш түспей, онда бұл аурудан қашуға, тіпті ауырмауға да болады.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу