МЕРДІГЕРЛЕР ЖҰМЫСЫ СЫНҒА АЛЫНДЫ
Облыс әкімі Ғали Есқалиев қаланың абаттандырылуын қадағалау барысында өткен рейдте бірқатар коммуналдық қызметтер мен күре жолдың құрылысын жауапкершілігіне алған жауапсыз мердігерлердің жұмысын сынға алды.

Алдымен өңір басшысы аялдаған Назарбаев даңғылындағы кейбір ғимараттардың қасбетінің сұрықсыздығы бірден көзге ілікті. Қабырғалары қара балшыққа малынған ғимараттың иесі де беймәлім. Осы орайда облыс әкімі «Жайық Таза Қала» коммуналдық мекемесі директоры Ринат Нұрғалиевке алдағы ұлттық мерекеміз – Наурызға дейін қала тазалығын қалыпқа келтіруді қатаң тапсырды.
Көктем мезгілінде құрылыс алаңдарындағы ауыр жүк техникаларының тас жолдарды ластайтыны жөнінде де айтылып жүрген болатын. Бұл мәселе әсіресе, Саратов тас жолы бойында салынып жатқан көпқабатты үйлерге қатысты. Рейд барысында өңір басшысы аталмыш аудандағы құрылыс нысандарын аралап, келеңсіз жайттарға куә болды. Себебі, құрылыс алаңдарындағы жүк көліктері дөңгелектері лас күйінде тәуір жолдарды бүлдіруде. Бұл жерлерде арнайы техникаларды жуатын орын қарастырылмаған, құрылыс қалдықтары бейберекет шашылып жатыр. Өңір басшысы бұдан бұлай негізгі тас жолдарды ластаған жүк көліктерінің жүргізушілеріне айыппұл салынатынын ескертті.
Өңір басшысының айтуынша, нысандарды жоспарсыз тексеруге тұрғындардың өтініш-шағымдары түрткі болған. Жолдардың сапасыздығы жөнінде де халық жиі шағынады. Тіптен, жақын арада құрылысы біткен жолдардың да сапасы мәз емес, жаяу жүргіншілер жолдарының да төсемтасы шашылып, қармен бірге еріп жатыр. Бұған дәлел, облыс басшысы бетке алған ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын Әлия Молдағұлова көшесі. Аталған күре жолдың құрылысы өткен жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ салғырт жасалған жұмысты тапсырыс беруші мекеме қабылдамаған. Бұл жобаға 300 млн.-нан астам қаржы бағытталып отыр. Алайда мердігер компания «Бірлік» ЖШС басшысы Виссарион Цой тарапынан нормативтік талаптар мүлдем сақталмаған. – Мемлекеттің қаржысы мақсатты жұмсалуы тиіс. Сапасына толық көз жетпей, мердігерден құрылысты қабылдамау қажет. Ендігәрі бұл компанияға бақылау қатаң болады. Өйткені аталмыш серіктестік жұмыстарына жұртшылықтан уәжі көп, – деген Ғали Нәжімеденұлы мердігерлер өз міндеттерін талапқа сай атқаруы тиіс екенін жеткізді.
– Тазалық пен тәртіп ең әуелі, тұрғындардың өзінен басталады. Сол себепті әр тұрғын қала тазалығына бейжай қарамай, абаттандыруға қатысты олқылықтарды байқаса, дереу коммуналдық қызметтің бірыңғай 109 нөміріне, Орал қалалық әкімдігінің инстаграмм парақшасына фото, бейнежазба жібергені жөн. Қазіргі көктемгі мезгілде, қаланың санитарлық тазалығы маңызды. Биыл көктем ерте келді. Сол себепті наурыздың 5-інен бастап мамырдың 14-іне дейін тазалық айлығы болып бекітілді, – деді қала әкімі Абат Шыныбеков журналистерге берген сұқбатында.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА



Соңғы жаңалықтар
Референдум Қазақстандағы демократиялық процестердің одан әрі дамуына жасалған маңызды қадам – ШЫҰ байқаушылары
Ақ жаулықты әжелер мен абзал ағалар – азаматтық белсенділік үлгісі
Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары өз таңдауларын жасады
Оралда Наурыз мерекесіне орай «Ақжайық» әжелер ансамблі өнер көрсетті
Продовольственные ярмарки проходят возле участков для голосования в ЗКО
В Уральске свой гражданский долг исполнил ветеран Великой Отечественной войны Вениамин Скаленко
Қаратөбе ауданындағы референдум учаскелерінде дауыс берушілер арасында садақ атудан сайыс өткізілді
Батыс Қазақстан облысында республикалық референдум күні сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күй қалыптасуда.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді
Представители этнокультурных объединений Западно-Казахстанской области призвали голосовать на референдуме
Оралдағы №230 референдум учаскесінде балаларға арналған аквагрим ұйымдастырылды

Кіру
Пікір үстеу