Әлібек СЕРҒАЛИЕВ: «Мақсатым – елдің шағымын жеткізу»
БҚО әкімдігінің қолдауымен 5 наурыз күні өңірде «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жыр аламанына еліміздің әр түкпірінен есімдері елге таныс 20 ақын жиналды. Сөз тарландары айтыстың басты тақырыбы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, «Жастар жылы» аясындағы жарқын болашақты жырларына арқау етті. Осы айтыста сөзге шеберлігімен қоса, ойы нақты әрі батыл Әлібекке көрермендердің ықыласы ерекше болғанын айту керек. Айтыс сахнасынан Әлібекті алғаш рет көріп тұрғандар да «бұл қай ақын, қайда жүр, бұрын неғып көрмегенбіз» деп таңқалысты. Бұл да жас әрі жігерлі, елі үшін шырылдайтын айтыскерлердің қатары жыл санап көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Әлібек бұл айтыста арнайы жүлдегерлердің қатарынан көрінді.
– Айтыста айта алмай қалдым-ау деген тұстарыңыз болды ма?
– Оралға айтыскер ретінде алғаш рет келуім. Той жүргізуші болғандықтан, бұл өңірде достарым көп. Олармен жақсы араласқаннан Оралдың өзекті мәселелерінен хабардармын. Ақынның басты мақсаты – елдің шағымын жоғарыға жеткізу. Бұл айтыста осы мақсатты өрем жеткенше орындадым деп санаймын. Оралда су тасқынының алдын алу өзекті болып отыр. Осы орайда:
Көктем келсе, Ресей ашып каналды,
Кейде әбігер қылад(ы) дейді адамды.
Құдай өзі жылда сақтап Оралды,
Путин ашып жібермесін Чаганды.
Қазақ ауыл, Құс фабрикасы, Зачаганск
Құдай өзі сақтап тұрсын далаңды, – деп халықтың тілегін жеткіздім.
– Айтыста жүргеніңізге қанша болды?
– Өнердегі жолымды айтыспен бастағанмын. Бірақ асабалыққа кетіп қалып, араға үш жыл салып, қайта оралып отырмын. Осы айтыс менің оралуымның тұсаукесері іспеттес.
– Жайықтағы аруларға тілегіңіз қандай?
– Сөз айтса көкшетаулық балаларың,
Білемін Ақ Жайықтай дала барын
Сол Жайықта сұлулар мекендеген,
Білемін Орал дейтін қала барын.
Келе жатқан мейраммен құттықтаймын,
Жайықтың қыздары мен аналарын,
Сендерге ең керемет тілек айтам,
Қазағымның көбейтсін балаларын!
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу