ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА СЫЙ ЖАСАДЫ
Бүгін Орал қаласы әкімі Мұрат Мұқаев «Арба» тірек-қимыл қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау» қоғамдық ұйымы мүшелерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап барды.
Бірлестік 2009 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ұйымға 300-дей мүмкіндігі шектеулі жан мүше. Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар қатарында бұл бірлестіктің өзіндік орны бар. Белсенділіктері жоғары. Соңғы жылдары ұйым мүшелері кәсіпкерлікке бет бұрған. Мұрат Рахметұлы мүгедектер мәселесін шешуде бірлестік төрайымы Гүлмира Батпақұлованың еңбегін ерекше атап өтті.
– Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – әрқашан Мемлекет басшысының назарында. Биылдың өзінде облысымызда қоғамдық ұйымдарды қолдау мақсатында көптеген шаралар өткізілді. Биыл Жаңа жылды да біз ерекше форматта өткізуді ұйғарып, үкіметтік емес ұйымдарға сый жасаймыз деп шештік. Әкімдік тарапынан сіздермен байланысты нығайтуға дайынбыз. Осы мерекеде сіздерге ең бастысы денсаулық, жандарыңызға сергектік, ертеңгі күнге сенімдеріңіздің жоғалмауын тілеймін, – деген Мұрат Рахметұлы қоғамдық ұйымға арнаулы мерекелік сыйлықты табыс етті.
Бірлестік төрайымы Гүлмира Асқарқызы қала басшысына рахметін айтып, ұйымның белсенді мүшелерімен, жетістіктерімен таныстырды.
Бұдан әрі шаһар басшысы бірлестік өкілдерімен бірге ғимараттардың мүмкіндігі шекетулі жандар үшін қолжетімділігі, ғимараттарды бейімдеу жұмыстары және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылысы басталған мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік үйдің маңыздылығын талқылады.
Сонымен қатар Мұрат Рахметұлы «Ғибадат» ЖШС-ында болып, кәсіпорын қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Біржан Қожақов жетекшілік ететін ұжымда бүгінде 35 адам жұмыс жасайды. Олардың 21-і мүмкіндігі шектеулілер.
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласы әкімдігі Жаңа жылды тойлаудан бас тартып, оның орнына түрлі санаттағы жандарға сый жасау туралы шешім қабылдағанын жазған болатынбыз.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу