ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫН ЧИПТЕУ ҚАЖЕТ
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте ит-мысықтарды тіркеуге қою бойынша атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Ветеринария басқармасы бұл жұмыспен 2019 жылдан беру айналысуда. С. Нұрмағамбетовтың айтуына қарағанда, үй жануарларын чиптау қажеттігі жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 51 230, Орал қаласы бойынша 27 970 жадынама таратылған, гараж кооперативтеріне, саяжай кооперативтерінің мүшелерімен кездесулер өтті. Сонымен қатар Оралдағы көшелер қиылысындағы LED экранға бейнеролик көрсетіліп, «Aqjaiyq» телеарнасына сюжет шығарылды. Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық округіндегі 282, Сырым ауданының Бұлан ауылдық округіндегі 66, Орал қаласында 615 иесі бар ит-мысыққа чип салынды. Орал қалалық ветстансасы 534, аудандық ветстансасалар 2030, жеке ветклиникалар 81 ит-мысықты тіркеп, есепке алды. Облыс бойынша 2645 иесі бар үй жануарлары есепке алынды. Оның ішінде 232 тұқымды ит-мысық тіркелді. Жадынамаларды алып, үй жануарларын тіркемеген 57 азаматқа шара алу жөнінде полиция басқармасына хаттар жолданды. Биылғы өткен мерзімде аталған бұзушылықтар бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабына сәйкес Орал қаласындағы 83 тұлғаға қатысты хаттама толтырылып, соның ішінде 3 тұлғаға 49 008 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыс әкімі тұрғындардың бұралқы иттердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отырғанын айта келе, ит-күшіктердің иелерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартты. «Иттердің құжаттары, чиптары болуы керек. Сол чиптар кімнің иті, ауру ма, сау ма деген барлық ақпаратты көрсетеді. Айыппұл шамасы қымбат. Стерилизация құны – 11000 теңге, кестіру – 5500 теңге, бұл жағдайы жоқ тұрғындарға қымбатқа түспей ме? – деді облыс әкімі. Бұл сұраққа басқарма басшысы: «Ең төменгі бағасы – осы, бұдан әрі азайту мүмкін емес. Өйткені итті 7 күн тамақтандырады, қызметкердің еңбегі, ота кезіндегі ине, спирт шығыны бар. Жеке клиникаларда 16 мыңнан басталады», – деп жауап берді.
– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты азайтудың бірден-бір жолы цифрландыру екенін айтқан болатын. Сондықтан цифрландыруды қолдап, әрі қарай жалғастырамыз. Ит-мысықты чиптау мәселесіне тұрғындар түсіністікпен қарау керек. Малға ветеринариялық анықтаманың артында «QR-коды» болуы тиіс,-деді Ғ. Есқалиев.
Версия для печати
Пікір үстеу