Есірткі затын жасырып, тасымалдаумен айналысқан
БҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бір апта ішінде екінші есірткі затын жасырушыны ұстады.
Орал қаласында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында есірткі затын жасырып, тасымалдаумен айналысқан 19 жасар жігіт анықталып, ұсталды. Ол өзі жедел уәкіл қызметкерлеріне есірткі заттарын жасыру координаталарын көрсеткен.
Тексеру барысында жалпы 27 орама табылып, тәркіленді. Ішіне ерекше иісті ақшыл түсті ұнтақ заты бар «зип-пакеттер» салынған. Жауап беру кезінде жігіт ақша табудың оңай жолын тапқанын түсіндіреді.
Алайда оның салдары туралы ойламаса керек. Айтпақшы, ол еш жерде жұмыс жасамайды және оқымайды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Мұндай қылмыс мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
Айта кету керек, жуырда Ақсай қаласында Бөрлі ауданының полиция қызметкерлері осыған ұқсас есірткі затын жасырумен айналысқан 18 жастағы жігітті ұстаған еді.
БҚО ПД баспасөз қызметі
Версия для печати