ЕМДЕУДІҢ ЖАҢА ӘДІСІ
Туберкулез микробактериясын дүниежүзі халықтарының 1/3-і жұқтырған. Ал жыл сайын 8 ден 10 миллионға дейін адам туберкулез сырқатына шалдығып, оның 2 миллионы көз жұмады. Қазақстан Республикасы туберкулезбен ауыру көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Бір ғана БҚО бойынша қазіргі уақытта 704 адам туберкулездің белсенді формасымен ауырады. Соның ішінде 72%-ы, яғни 505-і туберкулездің мультирезистентті формасына шалдыққандар.
Мультирезистентті туберкулез – бұл ауру қоздырғышы туберкулезге қарсы қолданатын ең тиімді дәрілер изониазид пен рифампицинге төзімді, яғни резистентті болатын ерекше түрі. Қосымша негізгі қатардағы басқада дәрілерге төзімділік болуы мүмкін. Мультирезистентті туберкулез – бұлда туберкулез ауруы сияқты жұқпалы ауру. Айырмашылығы – туберкулез бактериялары туберкулезге қарсы қолданатын ең тиімді дәрілерге қарсы ерекше қорғаныс механизмдерін қалыптастырған. Мультирезистентті туберкулездің пайда болу себептері, туберкулезге қарсы диспансердің және алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің науқастың туберкулезге қарсы берілген дәрілерді қабылдау процесін қадағалауды өз деңгейінде орындамауы (науқастың дәріні жұтқанына дейін қадағалау), науқастың қолына бірнеше күнге дәрілерді беріп жіберу, өз бетінше емделу, дәрілерге жағымсыз әсерлері үшін негізсіз дәріні тоқтату,туберкулезге қарсы қолданатын дәрі сапасының төмендігі. Сонымен қатар, туберкулездің бұл түрі тұрақты мекен-жайы жоқтар, нашақорлар және маскүнемдер арасында жиі кездеседі.
Мультирезистентті туберкулезді анықтаудың бүгінде бірнеше тәсілдері бар. «Л/Йенсен» тәсілі 2 ай көлемінде, «Bactek» тәсілі 14-40 күн аралығында, «G-Xpert» тәсілі 2 сағата анықтайды.
Мультирезистентті туберкулезді анықтау және емдеу күрделі, ауқымды қаражатты, күш – қуатты, ұзақ уақытты талап етеді. Туберкулезге қарсы негізгі топтағы дәрілерді қолдана бастаған кезде туберкулез бактериялары оларға сезімтал болды, яғни осы дәрілердің әсерінен олар жойылатын. Адамдардың жіберген көптеген қателіктерінің нәтижесінде, кейде осы уақытқа дейін сол қателіктердің (дәрілерді қабылдауға үзілістер, ем кестесі мен дәрілердің мөлшерін сақтамау, дәрілермен қамтамасыз етудегі ретсіздіктер) түзетілмеуінің салдарынан қарапайым туберкулез бактериялары өз қасиеттерін өзгертіп, осы дәрілерге қарсы арнайы қорғаныс механизмдерін қалыптастырады.
Мультирезистентті туберкулездің емі ұзақ мерзімді толық курсы бойы бақылауда болуы керек, яғни медицина қызметкерлері науқастардың дәрілерді жұтуын үнемі тікелей бақылауы керек. Бұл нәтижелі емнің негізгі шарты, өйткені көптеген адамдар дәрілерді уақытылы қабылдауды ұмытып кетеді, кейде тіпті қабылдағысы келмейді. Мультирезистентті туберкулездің емі 2 жылға дейін созылады. Тек осы уақыт ішінде ғана барлық мультирезистентті туберкулез микробактериялары жойылады. Емі жүйесіз, бақылаусыз және қате жүргізілсе, мультирезистентті туберкулез жазылмас дертке айналады.
2003 жылдан бастап Қазақстанда туберкулездің мультирезистентті формасын емдеудің жаңа схемасы енгізді. 20-24 ай бойы емделетін науқастар күн сайын 15-18 дәріге дейін қабылдайды. Бұл туберкулезге қарсы препараттардың жағымсыз қасиеттері де көп. Пациенттер буын аурына, диспепсиялық бұзылыстарға, мазасыздық пен ашушаңдыққа, есту мен көрудің нашарлауына шағымданып жатады. Туберкулездің мұндай формасымен ауыратын науқастардың аурудан сауығу көрсеткіші төмен. Өйткені ем ұзақ уақыт пен шыдамдылықты қажет еткендіктен, көптеген науқастар амбулаторлық жағдайда емді үзіп жатады.
2018 жылдан бастап Қазақстанда туберкулездің мультирезистентті формасын емдеудің жаңа әдісі бастау алмақшы. Бұл бағдарлама бойынша науқастар бұрынғыдай 20-24 ай емес, 9-12 ай ғана емделетін болады. Демек, емделу ұзақтығы екі есеге қысқарады деген сөз. Бұған дейін Бангладеш, Камерун, Нигер, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде қолданылып, тексерулердің нәтижесі бойынша аталмыш ем схемасының сауығу көрсеткіші айтарлықтай жоғары болған.
Бірақ, қысқа режимді емге кез-келген науқастың алынбайтынын ескерген жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша қысқартылған режимде төмендегі категорияға жататын науқастар емделетін болады:
- Мультирезистентті туберкулезбен алғаш рет сырқаттанғандар;
- Мультирезистентті туберкулезбен қатынаста болған 18 ге толмаған балалар;
- Аталмыш схемамен емделуге келісімін берген пациенттер;
- Қолданылатын барлық препаратқа сезімталдығы сақталған науқастар.
Сонымен қатар, жаңа ем схемасымен бірге туберкулезге қарсы жаңа препараттар да енгізілетін болды. Қолданылып жүрген пиразинамид, изониазид, этамбутол, протионамид секілді препараттармен бірге клофазимин, моксифлоксацин, бедаквилин және деламанид секілді жаңа дәрілер ем схемасына қосылды. Емнің толық курсы аяқталғанша науқастар медицина ұйымдарының үздіксіз бақылауында болады. Осылайша Қазақстанда белең алып келе жатырған мультирезистентті туберкулезден сауығу көрсеткішін жақсарту көзделуде.
Нұрлан ЗЕКЕШЕВ,
«Облыстық туберкулезге қарсы диспансер» ШЖҚ МКК Мультирезистентті туберкулез бөлімінің дәрігер-фтизиатры
Версия для печати
Пікір үстеу