ЕЛ ТАҒДЫРЫН ЕСІЛМЕН ТОҒЫСТЫРҒАН… жаңа фильм
Бүгін, Ел Тəуелсіздігінің 27 жылдық мерекесінде оралдықтар тағы бір тарихи туындыны көріп, бойға күш-қуат жинап, қыран құстай қайтадан қанаттанды. Ол – Ақан Сатаевтың жақында ғана жарыққа шыққан тың туындысы «Елбасы жолы. Астана» киносы болатын. Əлем жұртшылығын тамсандырған айбынды Астананың, еңселі Елорданың бұдан 20 жыл бұрын қалай қалыптасқаны, елінің ертеңін ойлап, құс ұйқылы күй кешкен ҚР Президенті Нұрсұлтан Əбішұлының табандылығы, қайсарлық пен жігерлілігі, алған бетінен қайтпайтын батырлығы арқау болған бұл фильм көрерменді ойландырмай, толғандырмай, сүйсіндірмей қоймады. Елім деп еміренген үлкен-кішіге, жастарға, өскелең ұрпаққа ұшқыр ой салған тамаша туындыны ардагерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, зиялы қауыммен бірге облыс əкімі Алтай Көлгінов те көріп шықты.
«Елбасы жолы. Астана» фильміндегі Кемеңгер Көшбасшымыз, Ұлт мақтанышы Нұрсұлтан Əбішұлының рөлін театр тарланы, танымал актер Мұрат Ахманов айнытпай, шынайы сомдаған екен. Ақ Жайықтағы облыстық қазақ драма театрына да табиғи талантымен өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мұрат Ахмановқа, Сара Алпысқызының рөлін сомдаған жерлесіміз, сұлу актрисамыз Гүлнəр Жақыповаға жəне аяулы Əбіш Кекілбаевтың бейнесін толқын қара шашымен көз алдымызға əкелген Боранбай Молдабаевқа зал толы көрермен тəнті болды. Осы үш актер де бүгінде Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының дамуына, мəдениетінің гүлденуіне зор үлес қосқан болатын.
Жалпы, Ақан Сатаевтың шеберлігі, ізденісі айқын көрніс тапқан «Елбасы жолы. Астана» атты жаңа көркем туындысы бүгінде əлемге əйгілі, көп ұлтты Қазақстанды ғана емес, төрткүл дүниені тамсандырған көрікті, келбетті Астананың Отанымыздың жүрегі – Елордаға айналуында кездескен қиындықтарды, нарықтың өтпелі тұстарын, өсу жолдарын, зəулім құрлыстардың қалай бой көтергенін баяндайды. Көшбасшымыздың сарабдал саясатына, бақытқа бастайтын жолына көлденеңнен тұра қалатын кертақыс жандар кездеседі. Алайда, олардың қараниет пейілдері Астананың өркендеуіне, экономикасы мен мәдениетінің қарыштап дами беруіне еш кедергі бола алмайды.
«Қайткен күнде де менің тағдырым, елімнің тағдыры Есілдің жағасымен үндеседі, жайнай түседі деп кереуетте қалың ой құшағында қалғып кеткен Елбасымыздың түсіне аяулы анасы еніп, «Балам, көздеген мақсатыңнан тайма, жолыңнан қалма, бастаған ісіңді тастама» деп аян береді. Сүт кенжесі келіп «əкешім» деп оятқанда ғана Елбасы көзін ашып, қайтадан атқа қонады. Сөйтіп, діттеген мақсатына жеткен Кемеңгер Көшбасшымыз асқақ армандарға барша қазақстандықтарды жеткізеді. 20 жылдың аясында алып қалаға айналған Астанамыз дәл қазір жасампаздық пен бейбітшіліктің ақ көгершіндерін ашық аспан көгіне ұшырып, Көк Туы шарықтай түсуде.
Осы бір тарихи əрі мағынасы терең фильмді алғаш рет Тəуелсіздік күні «Сinema Park» залында көрген оралдықтардың қуанышында шек болмады. Көрермен қауым «Елбасы жолы. Астанадай» шынайы туындылардың өнер тарландарының жүрегінен туа беруін, ел арасына тарала беруін ақ ниеттерімен тіледі.
Мира ШҮЙІНШƏЛИЕВА,
Орал қаласы
Пікір үстеу