ЕЛІН ҚОРҒАУ – ЕРГЕ СЕРТ, АСЫЛ МҰРАТ
Бүгін қаладағы 5517 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, Отанымыздың тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет атқарып жүрген жауынгерлерді мерекелерімен құттықтады.
– 1992 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елдік пен егемендігіміздің тірегі – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен Ұлттық ұланның негізі қаланды. Мемлекет тағдырының ең бір шешуші кезеңінде Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен қауіпсіздігіміз нығая түсті. Қарулы күштер сапында қызмет ету, әскери борышын өтеу жоғары мәртебе әрі асқан жауапкершілік. Сіздер мемлекетіміздің тәуелсіздігі, азаматтарымыздың конституциялық құқығы, қоғам құндылықтары мен қауіпсіздігінің және жайлы өмірінің кепілісіздер. Мысалы, осыдан 2 жыл бұрын Ұлттық Ұлан қатарындағы кіші сержант Берікжан Қалиев Ақтөбеде әскери борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапты. Бейбіт күнде бақилық болған оның есімі біздің есімізде мәңгі сақталады. Тағы бір мысал, ағымдағы жылдың 31 қаңтары күні Орал қаласында 5 жасар бала жоғалып кетті. Сержант Эльдар Жұмагелдин, қатардағы жауынгерлер Даниил Челнаков, Айбек Абдулаев пен кинолог маман Салауат Янсуфин сәбиді тауып, ата-анасына аман-есен табыстады. Бүгінгі күн – осындай батыл іс-әрекеттері арқылы отанымыздың тыныштығын, әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қорғаған өздеріңіздей азаматтарды ұлықтайтын күн. Кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, негізгі адами міндет – халыққа адал қызмет ету. Отан қорғаушылар күні – өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген азаматтар үшін ерекше мейрам. Біздің қаһарман бабаларымыз қашан да ержүрек, намысшыл, адал азамат тәрбиелеуді өздерінің қасиетті борышы санады. Сондықтан да, бұл мереке – қайсар мінезді батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрлерінің жалғасын тапқан күні. Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстан халқының және оның Қарулы Күштерінің абыройы мен даңқы арта берсін, – деген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Оралдағы ұлттық Ұланның қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау міндетін абыройлы атқарып жүрген бір топ әскери сала қызметкерлерінен І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын тапсырып, Алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде сөз алған «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев жыл өткен сайын елімізде жастарға патриоттық тәрбие беру ісі қанат жая бастағанын, әскери қызметкерлердің мәртебесі жоғарылап келе жатқанын атап өтті. Ұлы Отан соғысының ардагері, доғарыстағы капитан Меңжан Абдрахманов Отан алдындағы борышын қалтқысыз атқарып жүрген жауынгерлерге табыс тілеп, ақ тілегін жеткізді. Мерекелік шара барысында әскери бөлімнің сарбаздары сап түзеп, рота бойынша алаңда шеру жасады. Бұдан соң өңір басшысы әскери бөлімнің техникалары мен қару-жарақтарын көріп, жауынгерлер ботқасынан дәм татты. Ал 5517 әскери бөлімінің оркестрі патриоттық әуендер ойнап, алаңға жиналғандардың рухын оятты. Кеш соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасты.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу