ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНЫНА ҚҰРМЕТ
Бүгін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретденов мерейлі 80 жасқа толып отырған ел ақсақалы Есет Қабдоллаұлын арнайы шақырып, ерекше құрмет көрсетті.
Жарқын өмірінің көбін ауылшаруашылығы саласына арнап, дархан дала төсінде төрт түлік малдың тұяғы дүбірлеп жүруіне өзінің сүбелі үлесін қосып, осы салада талай інілері мен ауыл азаматтарын тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен ел ағасы Есет Ғабдуллин бүгінде отбасымен Орал қаласында тұрады. Еліне ерте танылған ардақты азамат Бөкейорда ауданының тумасы. Көз ашқаннан кіндік қаны тамған жерінен жырақтамай, биік баспалдақтарға қарапайым еңбек ету жолымен көтеріліп, кейін білімін жетілдіріп, бойындағы жастық жалынын, күш-қайратын ауылдың өркендеуіне, шаруашылығының шалқып тұруына арнады. Есет ағаны сол үшін де ел-жұрты бағалайды. Қарапайым еңбектің майталманы санап, дәріптейді. Бүгінгі таңда маңдайы жұлдыздай жарқырап 80 жасқа толып отырған Есет Ғабдуллинге облыс басшылығы атынан зор қошеметтер көрсетіліп, құттықтау лебіздері ақ жауындай жан-жақтан төгілу үстінде. Соның бір дәлелі, аталмыш инспекция ұжымының да ел ақсақалын арнайы мекемеге шақырып, қазақы салт-дәстүрмен иығына шапан жауып, қошемет білдіруі.
– Есет Қабдоллаұлын өзіме ұстаз санаймын. Ауылшаруашылығы саласын ғана емес, ауылды көрейтіп, елді елдің қатарына қосудағы мол тәжірибесін өзіме үлгі тұтумен келемін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Аудан басқарған кездерімде Есет ағаның алдына барып, сәлемімді беріп, қайткенде ауылдың еңсесін биік ұстаймыз деген мақсатта дидарласып тұрушы едім. Өйткені ауылмен бірге тыныстап, саф ауасын жұтып, жусан шөбін иіскеп өскен Есет ағаның бергенінен елге берері әлі көп. Бүгін, ағамызды мерейлі жасымен құттықтап, ұжымымдағы жастарға үлгі тұтып, бөкейлік аға-апалардың да басын қосып, жерлестерім атынан да ыстық лебізімді жеткізуді мақсат тұттым. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын осындай игі жақсылар біздерге, елге, ертеңгі ұрпаққа ауадай қажет. «Сен нені білесің бала батыр?! Қариялар азайып бара жатыр» деген ақиық Мұқағалидың жыр жолдары «Еңбегіне қарай құрмет, жасына қарай ізет» деген мақал-мәтелді де еске түсіреді. Сондықтан Есет ағамызға жарқын өмір, ашық көңіл, зор денсаулық тілей отырып, иығына оюлы шапан жауып, алғыс хат табыстауыма рұқсат етіңіздер, – деді Лавр Рашидұлы.
Жылы жүздесуде осындай ақ тілекті Бөкейордасы ауданының құрметті азаматы, жеке кәсіпкер Нұрлыбек Бірманов, зейнеткер азамат Нұрлан Ізтілеуов, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы» БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырханов, БҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Сәния Хамзина тағы басқа да шақырулы қонақтар жалғастырып, Есет аға жайлы естеліктермен бөлісті. Атақты күйші, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев кеш иесіне арнап күмбірлете күй тартты. Бөкейордалық жерлестер де туған жерден түлеп ұшқан азаматпен емен-жарқын көрісіп, естелік суретке түсті. Кешті түйіндеген Есет Ғабдуллин мен Айгүл Есетқызы отбасы атынан жерлестері мен әріпестес игі-жақсыларға шынайы лебіздерін жеткізді.
М. ХАМЗАҚЫЗЫ,суретке түсірген Р. ХАЛЕЛОВ
Версия для печати
Пікір үстеу