ЕҢБЕГІМЕН ШЫҢДАЛҒАН ҰЛАҒАТТЫ БАСШЫ
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі әрі білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар баршылық. Соның бірі – «Халықаралық Цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің» директоры Хайруллина Гүлжан Бақытқызы.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған, ел-жұрттың көзіне ерте түскен Гүлжан Бақытқызы жайлы «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің оқытушы-ғалымдары мен студенттері, жалпы ұжымы ерекше ілтипатпен, зор мақтанышпен айта алады. Ғибратты өмірінің қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келе жатқан Гүлжан Хайруллина өз ісіне шын берілген жан. Ол шәкірттерінің жанына нұр құя білетін ұстаз. Оның өмір жолы ҚазИИТУ-лық жастар мен әріптестеріне де үлгі-өнеге.
Талай дүлділдер мен танымал тұлғалар туып-өскен Бөкейорда ауданы Сайқын ауылының тумасы Гүлжан Бақытқызы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты филология факультетінің 1992 жылғы түлегі. Бала күнінен талпынған арман-мұраттарына жету жолында аянбай күресіп, мектеп партасынан шыққан бойда жоғары білім алуға ұмтылып, мақсатына бір табан жақындаған Гүлжан балдәурен шағы өткен, өсіп-өркендеген қазақтың батыры – Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепте педагогикалық еңбек жолын бастады. Нарықтың өтпелі тұсында қолына күректей диплом алып, туған ауылына қайтадан оралған қарлығаштай жас маманды сол кездегі мектеп директоры Сабыров Нұрлан Меңешұлы жылы қабақпен, зор қуанышпен қарсы алды. Туған жеріндегі білім ұясының он жыл бойы партасында отырған Гүлжан Хайруллина аталмыш институттан алған білімін іс жүзінде дәлелдеп үлгерді. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» мектептегі шәкірттердің санасына білім мен тәлім-тәрбие беруде еш аянып қалған жоқ. Жас маман ретінде өзін жан-жақты көрсете білген Гүлжан Хайруллина жерлестерінің, ата-аналардың, әріптестерінің үмітін ақтап, азғантай уақыттың ішінде М.Мәметова атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, ақиқатты бетке айтатын, әділдікті ғана жаны сүйетін, тура мінезді мұғалім Сайқын ауылында жүрген кезінде болашағынан зор үміт күттірген болатын. Екі тілге де жетік, бойында батылдық және патриоттық сезімі күшті жас маман бала тәрбиесіндегі қиындықтарға қарсы тұра білді. Өз ортасында жақсы қырынан көрінген ол заман талабынан қалмай дамыды. Жетілді. Өндірісте өз кәсібі бойынша білімін одан әрі тереңдетіп, қоғамда мәдениеттілігін өсіре түсті. Осы бағытты ұстанған Гүлжан еңбек жолын шыңдау мақсатында Орал қаласының №38 мектеп-гимназиясына қадам басты. Қаланың қақ ортасындағы жаңадан ашылған қазақ мектебіне табан тіреу кез-келген ұстаздан білімге қоса, мол тәжірибені, балалармен үйдегі ата-анасы секілді жұмыс істеуді талап ететін. Осы орайда ештеңеден қаймықпаған ол Досқалиева Баян Мектепқызымен бірге қызмет атқарып, қоян-қолтық жұмыс істей білді. Ұстаздардың ұстазы атанған Баян Мектепқызынан тәлім алу арқылы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-гимназиясында 10 жылдай директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. «Батыстың қос шынары» атанған қос бірдей Батыр апаларымыздың атындағы мектепте Гүлжан Хайруллинаның қолтаңбасы мен ізгілікті игі-істері әлі күнге дейін жарқырап жатыр десек, артық айтқаным емес. Осы екі бірдей білім ұясында ұстаз әрі басшы болып жетілген Гүлжан ханым шәкірттер арасынан талай жас көшбасшыларды, болашақ жастарды тәрбиелеп шығарды.
Мақаланың толық нұсқасын «Жайық үні» газетінің 7 наурыз күнгі №9 санынан оқи аласыздар.
Версия для печати
Пікір үстеу