ДЕБАТ ТУРНИРІ мәреге жетті
Өткен аптада, яғни 9 сәуір күні Орал қаласы әкімінің кубогы үшін мектеп оқушылары арасында дебат ойыны өткізілді. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған турнирдің ашылуына қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов пен Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Оралда дебат қозғалысы қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта қаладағы 50 мектеп пен екі қосымша білім беру ұйымында дебат клубтары құрылған. Белсенді оқушылар клуб мүшелігіне қабылданып, спикерлері түрлі турнирлерде ұтымды ой-пікірлері мен идеялар ұсынып, көзге түсіп келеді. Нәтижесі де жоғары. Облыстық, республикалық дебат ойындарына қатысу арқылы деңгейлерін көтеріп, жүлделі орындарды, үздіктер номинацияларды иеленуде. Әкім кубогы үшін ұйымдастырылған турнирге мектептер мен оқушылар сарайы атынан шыққан жалпы 10 фракция қатысты. Қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов дебат турнирінің маңыздылығын атап, қозғалысты дамытуда жас жеткіншектерге сенім білдірді.
– Ашық ой алаңына қызығушылық танытқан жасөспірімдердің қатары артқаны қуантады. Дебат қоғамда орын алған өзекті мәселелерді, болып жатқан кейбір жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы, сыни ойлау, жүйелеу дағдыларын жетілдіреді. Өз позицияларын сақтап, оны нақты дәлелдермен жеткізу, идея ұсыну – білім мен тапқырлықты қажет етеді. Сондықтан көбірек оқу, ақпараттар ағынын сыни қабылдау мен ұстанымды дәлелді қорғауға деген ұмтылыс маңызды. Өңірде дебаттық қозғалыс 2000 жылдардан бастап дамыды. Яғни, «Ақиқат» пікірталас клубы ашылды. Сол кездің өзінде Оралдың жастары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, республикадағы пікірсайысшылардың алды болды. Осы қозғалыстың одан әрі дамуына сіздер де үлес қосады деп сенемін. Білім бөліміне немесе қала әкімдігіне ұсыныстарыңызды білдіруге болады. Жақсы идеялар болса біз қабылдауға дайынбыз, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.
Турнирдің ашылу салтанатында дебаттық қозғалыстың үздік спикерлері ашық алаңда еркін форматтағы ұшқыр ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Оқушылар сарайының дебат қозғалысының жұмысы таныстырылды.
Ал әкім кубогын сарапқа салған турнир америкалық парламенттік форматта өтті. Қатысушы фракциялар «Бұл палата «Қазақстан халқына» қорына жиналған қаржыны пайдаланудың тиімді механизмін ұсынады», «Бұл палата ҚР азаматтығын алу талаптарын күшейту керек деп есептейді», «Бұл палата Әлем елдері арасындағы Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әкелер басты зиянын көрсетеді», «Бұл палата Бірінші экономика сосын саясат деп есептейді», «Бұл палата БҚО дебатын дамытудың тиімді механизмін ұсынады», «Бұл палата пікірсайысшы оқушыларды қолдауға арналған жаңа бағдарлама ұсынады», «Бұл палата қазіргі қоғамда «Ұлттық құндылық» жойылып бара жатыр деп есептейді» секілді қарарлары дискуссия жасап, өз ұстанымдарын нақты аргументтер арқылы жеткізе алды.
Турнир нәтижесінде №41 мектеп-лиицейдің «Аралас» фракциясы Әкім кубогын жеңіп алды. №42 «Ақ ниет» гимназиясының «Ақниет» фракциясы – екінші, Оқушылар сарайының «Оқушылар сарайы» фракциясы – үшінші орынды иеленді. Турнирдегі жақсы ойыны үшін №49 мектептің «Дарабоз» фракциясына «Үздік талпыныс» аталымы берілді.
Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі
Версия для печати
Пікір үстеу