ҰБТ ТӨРТ РЕТ ӨТЕДІ
Биыл ҰБТ форматы бойынша өзгерістер болмайды. Тек, тестілеу жылына 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым-шілде және тамыз айларында өткізілмек.
Қаңтар, наурыз, тамыз айларында ҰБТ қатысқан талапкерлер сертификаттарымен тек ЖОО-ның ақылы бөлімдеріне ғана түсе алады.
Қаңтарда өтетін бірінші ҰБТ-ны ЖОО-на ақылы негізде қабылдауы үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушылары тапсыра алады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше бүгінде облыстағы мектептерден 1000-нан аса оқушы осы мерзімдегі ҰБТ-ны тапсыруға өтініш білдірген. Екіншіден, жоғары оқу орындарының күндізгі ақылы бөліміне бірінші академиялық кезеңінің аяқталуына дейін, яғни уақытша қабылданған студенттер тапсыра алады.
– ҰБТ-ға енгізілген өзгерістерге байланысты шекті балды жинай алмаған түлектер оқу орындарының бірінші курсына қабылданған болатын. Енді олардың ҰБТ-ны қайтадан тапсырып, оқуларын жалғастыруларына, яғни ресми тіркелулеріне мүмкіндік бар, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратқызы.
Үшіншіден, жоғары оқу орындарында ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін, білім беру бағдараламалар тобы бойынша білім алып жатқандар және білім бағдарламаларының басқа топтарына ауысуға ниеттілер тапсыра алады.
Келесі ҰБТ сынағы 24-29 наурыз аралығында өтеді. Бұл да орта білім беру ұйымдарының 11(12) сынып оқушыларының ЖОО-на ақылы негізде қабылдануы үшін өтеді.
ҰБТ-ны қаңтарда тапсырғандар негізгі ҰБТ-ны маусым айында да тапсыра алады және мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатыса алады. «Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау» бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Яғни бұл сынаққа республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен грант алуға немесе ЖОО-на ақылы негізде оқуға тапсыруға үмітті орта білім беру ұйымдарының биылғы түлектері, техникалық, кәсіби және орта білімнен кейінгі білім алғандар, өткен жылғы мектеп түлектері де қатыса алады. Қысқартылған мерзім бойынша республикалық және жергілікті бюджет есебінен оқу гранты қарастырылған жоғары білім бағдарламаларына түсуге ниетті техникалық, кәсіптік және орта мектеп түлектері де қатысады. Сондай-ақ халықаралық шәкірт алмасу бағдарламасы бойынша шетелде оқыған орта білім беру ұйымдарының түлектері, Қазақстан Республикасының азаматы емес, шетелде оқыған ұлты қазақ азаматтар республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінетін грантты алу конкурсына қатысу үшін осы ҰБТ-ға қатысады.
Төртінші ҰБТ 17-20 тамыз аралығында өтпек.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу