БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР АРДАГЕРЛЕРГЕ КОНЦЕРТ ҰСЫНДЫ
Бүгін БҚО Полиция департаментінің вокалды-аспаптар ансамблі Орал қаласында тұрып жатқан соғыс ардагерлері – отставкадағы милиция аға лейтенанты Меңжан Әбдрахманов пен оставкадағы подполковник Сағызбай Серекешовты Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтай барып, ардагерлер тұратын үйдің ауласында мерекелік концерт ұсынды. Полицейлердің өнерін көршілерімен бірге тамашалаған ардагерлер, сақшыларға ақ тілектерін жаудырды.
Көпқабатты үйлердің ауласына аспаптарын арқалай келген полицейлер соғыс жылдарында сарбаздарға майдан өмірінің қиыншылықтарын жеңуге көмектескен «Смуглянка», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Огонек», «Журавли», «Бери шинель, пошли домой» және «День Победы» әндерін тарту етті.
Қос ардагер де ішкі істер саласының ардагері екенін атап өткеніміз жөн.
Меңжан Әбдрахманов 1926 жылдың 18 қарашасында БҚО Жымпиты ауданында дүниеге келген. Соғыс кезінде 1943 жылдан бастап Забайкал фронтында 49 запастағы артиллериялық полкінде, 12-мергендік мектепте, 13-оқу автомобиль полкінде курсант болған. 1945-1950 жылдары 52-гвардиялық миномет полкінде, 452-зенит артиллериялық бригадасында жүргізуші болған. 1950 жылдан бастап БҚО Жымпиты аудандық милиция мектебінде милиционер, БҚО Жымпиты, Теректі, Приурал аудандық кеңестерінде жедел уәкіл, учаскелік жедел уәкіл болып қызмет еткен. 1965 жылы Орал облысы еңбекші депутаттарының Приурал аудандық кеңесі милиция бөлімінің учаскелік жедел уәкілі лауазымынан құрметті демалысқа шыққан. Отставкадағы милиция аға лейтенанты.
Ал Сағызбай Серекешов 1925 жылы Гурьев облысы, Мақат ауданының Сасық-Өзек ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Жұмысшы-шаруа Қызыл әскерлер қатарына шақырылған. 1943 жылы фронтқа жолданып, бірінші Украина фронтына қатысып, ауыр жарақат алады. 1944 жылы БҚО НКВД-ға жұмысқа орналасқан. 1955 жылдан бастап Қаратөбе, Жымпиты аудандық милиция бөлімдерінде әр түрлі лауазымдарда қызмет етіп, 1966 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққанға дейін Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитеті Қаратөбе ІІО бастығының орынбасары лауазымында қызмет еткен. 1978 жылы құрметті демалысқа шыққан. Оставкадағы милиция подполковнигі.
– Украина жеріндегі соғыста ауыр жарақат алдым. Менімен бірге майданға аттанған жолдастарым сол ұрыста көз жұмды. Сол ауыр жарақаттан кейін 77 жыл өмір сүремін деп ойламаған едім. Биыл 95-ке келдім. Немере-шөберелерімнің ортасында отырмын. Бұл тағдырдың маған үлкен сыйы деп білемін. Полиция департаменті қызметкерлері, басқа да сала өкілдері жағдайымды біліп, құрметтерін көрсетуде. Ризамын. Ел азаматтарының барлығына денсаулық, бақыт тілеймін, Қазақстан Республикасының жарқын келешегі үшін еңбек етулеріңізге тілектеспін, – деп ардагер Серекешов ақ батасын берді.
Бұл күні майдангерлерге сақшылармен қатар көршілері де сый-құрметтерін көрсетіп, Жеңіс үшін, бүгінгі бейбіт өмір үшін алғыс айтты.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
автордың суреттері
Версия для печати
Пікір үстеу