8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
21 Наурыз 2021 2591 0
Қоғам

АЛЬФИЯНЫҢ ҚҰРТТАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі пайда болды. Талғамға, дәміне қарап таңдай бер. Бірақ, нағыз табиғи дәмі бар құрттың орны бөлек. Әдетте ауылдағы апаларымыз жасап, ауылдың дәмі ретінде қаладағы ағайындарға беріп жіберетіні санамызға сіңіп қалған. Бүгінде дәл осы ақ құртты Альфия есімді қала тұрғыны үйінен дайындайды. Әрі құрт арқылы отбасының несібесін еселеп отыр. Шикі сүттен құртты дайындауға дейінгі еңбек ерекше бағалауға тұрарлық. Осы ретте үйіне арнайы барып, Альфия апамыздың күнделікті тірлігімен таныстық.

Ауылда өскен әр бала үшін құрт таңсық болған емес. Өйткені, әр үй мал ұстап, сүт сауып, құрт дайындайтын. Ал қазір ауылдағы әр үйде құрт жасалады деп айта алмаймыз, өкінішке орай. Бүгінде сол құрттың дәмін аңсайтын, сағынатын болдық. Тіптен әр данасын 50-100 теңгеден сатып алып, ұртымызға тығуға асығамыз.

Ерлі-зайыпты Қанағат пен Альфия қаланың ортасында тұрып-ақ сүт өнімдерін үйден дайындап жүрген жандардың бірі. Бұл істі олар бірер жыл бұрын ғана бастады. Отағасы Қанағат осы кезге дейін Чинарев кен орнында жұмыс жасаған. Альфия ханымның негізгі мамандығы – тігінші. «Диана» тігін фабрикасында жұмыс жасапты. Одан соң өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, орталық базарда сауда нүктесін ашқан. 20 жылға жуық уақыт саудада жүрген. Дегенмен, осыдан екі жылдай бұрын кәсібін тоқтату туралы шешім қабылдайды. Өйткені кейінгі жылдары бәз баяғыдай қызу сауда азайды. Алайда, дайын тұрған жұмыс жоқ, біраз уақыт жұмыссыз отыруына тура келді. Осындай күндердің бірінде үйіне келген отбасылық досы «құрт дайындап, саттыққа шығар. Бұл іс сенің қолыңнан келеді» деп ой салады. Достарының идеясымен Альфия тәуекел деп қолға алмаққа бекінді. Жолдасы да қолдай кетті.

Әрине, қала ортасында мал ұстау қисынға келмейді, мүмкін де емес. Сондықтан олар қала іргесіндегі шаруа қожалықтарынан күнара сүт сатып алады. Тәуекелмен бастаған іс әп дегеннен ізге түсті. Өнімдерді көтерме бағада сатып алатындар да табыла кетті. Әйтсе де, құрт дайындау қаншама еңбекті қажет ететіні әмбеге аян. Қанағат пен Альфия үшін де таң бозара атысымен күн батқанға дейін машақат тірлік. Қожалықтарға барып, 200 литрлік бөшкелермен сүтті алып келуден бастап, оны ысырапсыз ұқсатқанша тыным жоқ. Алғашқы кездері 50 литр сүтпен бастаған болса, қазір күніне 200-300 литр көлемінде сүт алып жүр.

– Сүтті арнаулы құрылғылармен сауатындардан ғана аламын. Мен үшін сүттің  иіссіз, таза болуы маңызды. Дайындалған өнімдерді алатын кезде тұтынушыларымның арасында қалай сауылғанына мән беріп сұрайтындары бар. Иіс сүттен байқалмағанымен, қаймағында өзгеше дәмнің болуымен білінеді. Әкелген сүтті сеператордан тартамыз. Өзім Тасқаланың қызымын, жолдасым – жымпитылық. Ауылда сиыр сауғаныммен, сеператор тартып көрмегенмін. Осы істі бастап, сеператор сатып алғанда қалай тартатынын да білмедік, үйлесе алмадық. Анама хабарластым, ол келіп орнатып берді. Есімі – Нұрғаным. Тасқаланың Атамекен ауылында тұрады. Осы кезге дейін сиырын сауып, сүт тартып, дастарханды ақтан үзбеген жан. Анам құрып бергеннен бастап, меңгеріп алдық. Үш сеператорымыз бар. Жолдасым екеуміз кезектесіп тартамыз. Қаймағынан ажыратылған сүтті суы тез бөлінуі үшін жеңіл қайнатып, әбден сорыққанша сүземіз. Содан кейін құрт жасауға кірісеміз. Бастапқыда тек құрт жасадым. Қазір басқа да сүт өнімдері бар. Қыс кезінде құртты азайтып, көбіне қаймақ, май, сүзбе өткіземін, – деп айтып берді Альфия ханым.

Иә, сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ережелер мен тәртіпті оның ішінде уақытты сақтау керек. Бұл ретте  бес қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-ана осы перзенттерінен қолғабыс көріп отыр. Үлкен қызы Айнұр – тұрмыста болса, екінші қыз Альбина – студент, Анель мен Жанель мектепте оқиды. Кішкентай Айым балабақша жасында. Сабақтарынан қолдары қалт еткенде қыздар ата-аналарына көмектеседі. Аналары тұзын қосып, дәмін келтіріп, дайындап берген сүзбені бірі өлшеп, екіншісі пішінін келтіріп дөңгелетіп шығады. Әр құрт 70 грамның мөлшерінде болады екен.

– Қыста кептіру қиын. Үйдің температурасында тұрады, оған көп уақыт кетеді. Сондықтан желдеткішті пайдаланып жүрміз. Жаз шығысымен аула құрт кептіретін торларға толады. Ол кезде сүзбені сатуды тоқтатып, тек құртты ғана дайындайтын боламын, – дейді еңбекқор жан.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кейінгі уақытта микс аталатын түрлі дәмдегі құрттар пайда болды. Бұрыш, райхан дәмінде қызылды-жасылды құрттар – ұлттық дәмнің заманға сай бейімделуі, сұранысты арттыру мақсатында жасалып жатқаны деп қабылдағанымыз жөн шығар?! Осы ретте Альфия ханымнан дайындап жатқан құрттарының дәміне жаңашылдықты енгізуге көзқарасын сұрадық.

– Ақ құртымның өзі өтімді болып тұр қазір. Әрине, жасауға болады жаңа дәмдермен. Бірақ, сүт керек. Мен қаңтар айында 800 литрге дейін сүт алған кездерім болған. Ал қазір азайды, бір жағынан қымбаттап кетті. Сүт қымбаттағанымен, өнімдердің  бағасын сол қалпында ұстап тұрмын. Сүт сататындар табылса, басқа да түрлерін тынбай дайындауға бармын.  Алып отырған сүттің  мөлшері түскен тапсырыстарды өтеуден ғана артылмай тұр. Сондай-ақ қазір бәрі үйдегі ас бөлмеде дайындалуда. Алдағы уақытта ауладан бөлек сарай салып, өнім дайындауды толықтай сол жерге көшіру қажет деген ойда отырмыз, – деді Альфия ханым.

Айласын асыратындар бүгінде сүзбеге ұн қосып та дайындап жүр. Тістегенде үгітіле түсетін мұндай құрттардың дәмі де сүйкімсіз. Бұл мәселеде біздің кейіпкеріміз сүзбеге тұздан басқа ештеңе қоспайтынын, қасиетті дәмнің құнарының сақталуына  мән беретінін жеткізді. Сапаның  болуы – тұтынушылардың тұрақты болуына және сұраныстың арта түсуіне  де оң ықпал етеді.

Айта кетейік, Альфия апамыздың аппақ құрттары оралдықтардың ғана емес, Атырау, Ақтау халқының ерекше сұранысында. Сондай-ақ өзіміздің өңірдегі ауылдардың да тұрғындары тапсырыспен сүзбе, май сұратып жатқанын құлағымыз шалды. Әрине, таң қалғанымызды жасыруға болмас. Өйткені ауылда отырып, табиғи сүт өнімін қаладан алдырту алаңдатпай қоймады…

Десек те, ең бастысы адал жолмен, таза еңбекпен ырыс-несібесін тауып отырған қарапайым отбасының ісіне береке тіледік.

Эльмира НҰҒМАНОВА,

zhaikuni.kz

P.S. Халқымызда сүттен жасалатын ұлттық тағамдардың түрлері көп. Құрт жасау да сол сүт өнімдерінің бір түрі. Құрт – ақуызға бай, құнарлы тағам. Құрамында кальций, А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері бар екендігі ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Тіптен логопед мамандар жас баланың қатты құртты тістеп, құрт соруы арқылы тісінің түбі мен қызылиегінің  бекитінін айтады. Ауыз қуысы, бетінің бұлшықеті қозғалып, артикуляцияның болуы баланың дыбыстарды анық айтуына септігін тигізеді екен.

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Елді мекен тұрғындары баспанамен қамтылуда
17 Мамыр 2024
81 0
Қалалықтар қаперіне
Жедел-профилактикалық іс-шара өтуде
15 Мамыр 2024
283 0
Мәдениет
БҚАТУ-дың студенттік театры бар
15 Мамыр 2024
287 0
Мәдениет
Сабаздың рухын жаңғыртты!
11 Мамыр 2024
744 0
Қалалықтар қаперіне
Үйлердің құрылысын жеделдетуді тапсырды
09 Мамыр 2024
814 0
Құттықтаймыз!
Жеңіс күнімен құттықтады
09 Мамыр 2024
832 0
Қалалықтар қаперіне
Саяжай тұрғындары үйлеріне орала бастады
09 Мамыр 2024
854 0
Бәрекелді!
Жоғары әскери шен берілді
09 Мамыр 2024
873 0
Еске алу
Батырлар рухына тағзым етті
05 Мамыр 2024
1242 0
Қалалықтар қаперіне
Бірді-бірге соғыстырып, күнәға батпайтын!
03 Мамыр 2024
1369 0
Қалалықтар қаперіне
«Қазавтожолдың» техникалары өз облысына қайтты
03 Мамыр 2024
1401 0
Қалалықтар қаперіне
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
30 Сәуір 2024
1676 0
Қоғам
Қаржылық сауаттылық қажет пе?
30 Сәуір 2024
1688 0
Оқиға
Тұрғын үй өртенді
29 Сәуір 2024
1816 0
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
2108 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
2207 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»