АДАСҚАН БҮЛДІРШІН АНАСЫМЕН ТАБЫСТЫ
Полиция қызметкері №5 аурухана маңайынан адасып жүрген кішкентай қыз баланы тауып алады.
Нақтырақ айтсақ, осы күні тәуліктік кезекшілікте жүрген полиция капитаны Тимур Мамбешов жан-жағына қарап, көзі мөлтілдеп, жыламсырай көше бойымен жүріп келе жатқан бүлдіршінді байқайды. «Үйің қай тұста?», «Ата-анаң қайда?» деген сұрақтарына нақты жауап ала алмайды. Жасы шамамен үш жаста болса керек. Үстіндегі киімдері жұқалау, жеңіл көйлек пен жеңілдеу кеудеше. Аяғында сүйретпе ғана.
Осылайша, адасып кетуі мүмкін деген оймен кішкентай қыз баланы Орал қаласының полиция басқармасына жеткізеді. Бұдан әрі ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Мадина Құспанова қыз баланы суретке түсіріп, ерікті жастарды тартып, түрлі әлеуметтік желілерге кішкентай қыздың жоғалғаны туралы мәліметтерді жүктейді. Инстаграмм парақшаларға да жолдайды. Екі сағаттан соң «102» нөміріне хабаласқан әйел адам баласын жоғалтқанын баяндайды. Осы сәтте, Мадина Құспанова мен кезекші мектеп инспекторы Тимур Мамбешов үш жасар қыздың анасын басқармаға шақырды.
Тәртіп сақшыларына мәлім болғаны, кішкентай қыз анасы 3 айлық бөпесін әлдилеп, аяғына шайқап ұйықтатып жатқан кезде, ойнап келемін деп тысқа шыққан. Жер үй ауласынан шығып, көршілердің бақтарын жағалап жүргенде өз үйінен адасқан. Кері бұрылғанда қайтар жолды таба алмайды. Содан аурухана жанынан кезекші мектеп инспекторына кезігеді.
Қыздың анасы тәртіп сақшыларына рахметін айтып, үйіне қайтты. Адасқан қыз бала өз отбасына және кішкене бауырына қайта қауышты.
Гүламан Исмагулова, Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері
Версия для печати
Пікір үстеу