«АҚЖАЙЫҚ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ЖАС АЯҚДОПШЫЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Орал қаласындағы «Ақжайық» стадионында футбол клубының орталығына жас ойыншыларды іріктеу өтті.
Іріктеуге «Ақжайық» футболшыларының қатарына енуге үмітті Орал қаласы мен аудандардан және Ақтөбе облысынан келген 497 жас қатысты. Әсіресе, Теректі, Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау аудандарынан келген балғындар көп. 2002-2009 жылғы балалардың ішінен қарым-қабілеттеріне қарай ең үздіктері команда сапына алынатын болғандықтан, әр бала бапкерлер көзіне түсу үшін барын салды. Футбол орталығының жетекшісі Виктор Каблов пен 14 бапкер әр баланың қабілетін жіті қадағалап, іріктеуді үлкен жауапкершілікпен өткізді.
Жүгіру, допты игеру, ұзындыққа секіру сияқты жаттығуларды орындап, футболшы болуға дайын екенін көрсете алған 98 жеткіншек команда сапына алынды. Бала саны көп болғандықтан 2005, 2007 жылғы жас футболшылар тестілеудің бірнеше кезеңінен өтті. Ал 2007 жылғы жеткіншектер арасынан әзірге 36 бала алынып отыр. Алдағы күндері бұл жастағы ойыншылар іріктеудің тағы бір сатысынан өтетін болады.
Футбол клубының баспасөз хатшысы Түгелбай Бисенннің айтуынша, 776 жас футболшы жаттығатын «Ақжайық» ФК футбол орталығының филиалдары Сырым, Теректі, Бөрлі, Бөкей Ордасы аудандарында жұмыс жасайды. Болашақта клуб басшылығы жас футболшылар санын 800-ден асырмақ ниетте. Сондай-ақ өңіріміздің басқа аудандарында да футбол үйірмелерін ашу жоспарлануда.
– 2013 жылдың ақпан айында құрылған футбол орталығының басты мақсаты – спортпен тұрақты шұғылданатын жастар санын арттырып, негізгі команда мен әр жастағы ел құрамаларына ойыншы дайындау. «Ақжайық» футбол орталығы жаттығатын ойыншылар саны жағынан басқа өңірлердегі орталықтардан әлдеқайда алда. Тіпті Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда орналасқан футбол орталықтары да осынша көп баланы футболға тарта алмай отыр. Бұл – Орал ғана емес, облыс футболын дамытуда жасалып жатқан үлкен іс, – дейді Түгелбай Бисен.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ,
Айбатырдың суреттері
Версия для печати
Пікір үстеу