ЛИРИКАЛЫҚ ӘНДЕРДІҢ ШЕБЕРІ АҚ ЖАЙЫҚҚА КЕЛЕДІ
Қазақтың талантты, дарынды әншісі, даусы мен ән салу мәнері тым ерекше, жүрегі нәзік жан Индира Расылхан Жамбыл облысы Көлтоған ауылының тумасы. Жасынан өнерге құштар болған жанары қарақаттай қара қыз Қаратау қаласында білім алып, 1996 жылы Тараздағы музыкалық колледжді грантпен және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Музыкалық білім» мамандығы бойынша бітірген.

Индира алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы музыкалық мектептен оқытушы болып бастады. 2015 жылдан бастап күні бүгінге дейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттеріне музыкалық дәріс (вокал) беріп келеді.
2016 жылы «Индира Расылхан» жеке өнер мектебін ашып, мәдениет пен өнерді дамытуда бірнеше бағытта жұмыс жасап, талантты шәкірттерді өнерге баулуда. Республикалық конкурстардың жеңімпазы, Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінің Бас жүлдегері (1997). Алматы қаласында «Томирис» ансамблінің солисі болып жұмысқа шақырылып бірнеше жылдар қызмет атқарды.

2004 жылы алғашқы клипті «Сезім сыры» әніне түсіріп, 2005 жылы «Қимаймын» ән альбомы жарық көрді. Кейін «Сағыныш», «Ғажайып түс», «Жас қайың» және тағыда басқа әндеріне клиптер түсірілді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың» өлеңіне жазылған ән арқылы Индираның ешкімге ұқсамайтын вокальдық шеберлігі мен ерекше даусын көрермендер тіптен мойындады.
Өзінің табиғи талантымен 2008 жылы Алматы қаласында алғашқы жеке концертін өткізді. 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін еліміздің барлық өңірлерінде гастрольдік сапарларда болып, жеке концерттік бағдарламасын ұсынып, қазақы әндерді насихаттап жүр.
Индира Расылхан туған жер туралы және сырлы сезімге толы лирикалық әндердің шебер орындаушысы. Әрқашан үлкен ізденісте жүріп, жаңа шығармалармен репертуарын толықтырып отырады.
Республикалық деңгейдегі «Жұлдызды дода», «Жұлдызды айтыс», «Маған арман», «Бенефис шоу», «Таңшолпан», «Жұлдызды шаңырақта», «Қызық times» т.б. бағдарламаларға түскен.
– Орал қаласына гастрөлдік сапармен келген сайын студент жастармен кездесіп, шеберлік сыныбын өткіземін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жас әншісі Аяна Қажымованың концертіне әнші–ұстаз ретінде арнайы шақыртумен қатысып, батамды бердім. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Жаңақала, Бөкейорда, Казталов аудандарын аралап, ел-жұртқа лекция-концертімді ұсындым. Жасөспірімдердің жазғы демалысында шеберлік сыныбынан дәріс беремін. Алдымды көрген әр өңірдегі шәкірттерім байқауларға қатысарда менімен хабарласып, ақыл-кеңесіме жүгінеді. Ақ Жайық өңірі – киелі мекен. Өткен жылдары ұлым Асыланды да Оралға арнайы алып келіп таныстырдым. Осы Жайықтағы зиялы қауыммен, әріптестеріммен жақсы сыйласамын. 2018 жылы республикалық «Сағындырған әндер-ай» бағдарламасында жерлестеріңіз Еркін Өтегеновпен бірге ән орындадым. Бұйырса, ертең сәуірде болатын концертімде Еркін ініммен және Жаңылсын сіңіліммен, шәкіртім Аянамен дуэт орындаймын. Сәтін салса, сәуірдің алғашқы жұлдызында Ақжайық ауданында, үші күні Орал шаһарында, төртінде Ақсай қаласында жеке шығармашылық концертімді беремін. Бұл жолғы репертуарымда Ж.Кеңесовтің, Ә.Бейсеуовтың, Н.Әлімжанның, Б.Қасымовтың, М.Ынтықбаевтың әндерін көрерменге тарту етемін, – дейді Индира әнші.
Отбасында керемет ұл-қыздарының анасы, отағасының асыл жары, халықтың сүйікті әншісі Индира Расылханның таяуда Ақ Жайықта өтетін жеке концертіне асығыңыз, ағайын!
Нұрай ҚАЙЫРОВА
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Олжас Бектенов обсудил с руководством Air Products сотрудничество в сферах газохимии и промышленных технологий
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда
Оралда «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім комьюнити орталығы ашылды
Минобороны Казахстана обновило правила выплат военнослужащим: что изменилось
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабу: заң талабы және қауіпсіздік
«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты жаңа деңгейге көтерілуде
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форум аясында көрме ұйымдастырылды
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды
Президент Касым-Жомарт Токаев провел заседание Совета глав государств – учредителей Международного фонда спасения Арала

Кіру
Пікір үстеу