ДАНАЛЫҚ ПЕН ДАРАЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ
Қазақ халқы ұстазыңды атаңнан да әзіз тұтуды баса айтады. Қандай да бір туыстық қатынас байланыстырмаса да, өмірлік тәжірибе сабақтарына баулушы ретінде ұстаз мерейі асқақ. Баланың бас ұстазы ата-ана болғанымен, әке-шешенің өзі баласын мұғалім атаулыға сеніп тапсырады. Адам баласының ең аяулы сәттерінің бірі студенттік шақта үлкен өмірдің шымылдығын осы маман иесімен бірлесе түреміз. Білім мен тәрбиенің жалауын желбіретуді осы «туыс емес туысымызбен» жалғастырамыз.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі өзіндік өміри тарихи парағымызды ашқан тұста біздің топқа профессор Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы тәлімгер-куратор ретінде белгіленді. Кейіннен Абат ағайымыз екінші әкеміздей ілім-білім теңізінде киелі ойымен жүйелі сүңгуге баулыған жанға айналды. Алғашқыда педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик ғылыми атағына, ғылыми дәрежесіне ие лауазымды топ жетекшімізге қарап сөйлеуге сескенетінбіз. Себебі көзқарасынан қаталдық, талапшылдық, қоңыр үнінен салмақтылық, сабырлылық сезілетін. Бағдарлай келе, ағамыздың даналық пен даралықтың үлгісін танытып үлгерген тұлғалылығын дереу ұғындық.
Абат Сатыбайұлы – біздің шығармашылық қабілетімізді жона білген, шыңдай білген білгір маман. Жанарымыздағы жарқылды байқап, орамды ой, орынды бағыт сілтеу арқылы бауырына тарта баули алды. Яғни, ұстазымыз өз шәкірттерін қоғамның бір кірпіші тұрғысында қалыптасуына жол ашқандай. Студенттік кезеңдегі қайталанбас, қимас жылдар барысында тәлімгер ұстазымыздың қамқорлығында болдық. Бір анығы, ол – кәнігі психолог жан. Жүзіңнен, сөзіңнен бәрін ұғып тұратын, соған сай өз ақыл-кеңесін төгетін. Дөп баса айтқандарының дәл келетіндігіне қайран қалатынбыз. Нағыз педагог тұлға жантану саласын терең меңгереді екен-ау!
Күнделікті қызметте ғана емес, жанұясындағы жарасымды сақтаған адам – бек азамат. Абат ағай Орал шаһарындағы өнегеден өрім өріп, сыйластықтың сән-салтанатын құрып отырған отбасы иесі. Жұбайы Диамара ханым да, ұл-қыздары да – білім-ғылым ғаламындағы жандар. Облысымыздың қай елді-мекені болмасын, ол кісілерді шұғылалы шаңырақтың озық үлгісі тұтып, төрге шақыруға құрақ ұша әзір тұрарына тәнтіміз.
Біз топта он сегіз қыз, екі ұл болдық. Білім ордасын бітіргенше кураторымыз міндет қылған сана мен сауаттылықтың ұршығын иірдік. Әркез қатесіз жазуымызды қадағалап, қайсар пікір айтуға қайрап отыратын. Университетпен қоштасар сәтте әбден бауыр басып, замандасқа айналған, алдын қия кеспейтін ұлағатты ұстазымыз атанған Абат Сатыбайұлын қимай еріксіз көз жасына ерік бергеніміз әлі есімізде… Адамның адамгершілігі жақсы ұстазынан емес пе. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, бүгінде жиырмамыз да жанымыз қалаған қызметтеміз.
Ағайымыздың жанында жүріп байқаған ұстазымыздың айрықша тұсын айтпай кетуге болмас. Ол – тәлімгер тұлғаның шешендік статусы. Өз кезегі келіп, сөз алғанда ұстаздың дуалы аузынан киелі сөздер тізбегі төгілгенде, аудитория ұйып тыңдай қалатын. Бұл қасиетін өз бойына жиып қана қоймай, шәкірттеріне дарытуды көздейтін. Алғашқы курстан-ақ шешендікке баулу мақсатындағы шеберлік сабақтарының тиегін ағытқан-ды. Күлліміз қосыла іздендік, алғашқыда тісіміз батпайтындай-ақ көрінді. Десек те, шешендіктанушы ұстазымыздың қолдауымен темірдей тәртіп сақтай отырып, тұлға болудың қыр-сырына қанықтық. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұйымшыл үздік топтың бірі болғанымызға көпшілік куә.
Атырау аймағында туғанмен, Оралдық ортада түлеген ол біз оқыған тұста филология факультетінің деканы, «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры болды. Ұстазымыздың жұмыс кабинетіне жиірек бас сұға жүріп, жарыққа шығарған талай күрделі еңбектеріне куә болдық. Ғалым ағамыздың журналистік зерттеулері, ғылыми монографиялары, сан алуан күрделі мәселелерді қозғаған ауқымды мақалалары, шешендік өнер хақындағы жинақтары, афоризмдердің басын біріктірген кітаптары және т.б. туындылары біз секілді шәкірттеріне ерекше серпін берді. Танымал тәлімгеріміздің ілім дүниелеріне қарай отырып, оқу-жазуға ниетіміз көл-көсірленетін. Ұстазымыздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы да адами болмысымыздың толысуына әсер етті. Еңбекке ерекше ынтызарлығы, жақсы шәкірт шығаруға ықыласы, тың деректерді іздеуде тыным таппауы – студенттермен қоса жас мамандарға көл-көсір өнеге боларлық.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген леппен ой өрер болсақ, әсіресе, ұстаз туралы әңгіме легі таусыла қоймас. Қорыта айтқанда, тәлімгеріміз профессор Абат Сатыбайұлы – мамандықтың төресін лайықты атқарып жүрген арда азамат, мәртебелі ұстаз. «Алты алаштың басын қоссаң да, төрдегі орын – ұстаздікі» демекші, педагог атаулыға құрмет қашан да биік. Біздіңше, Абат сынды ұстазымыз замананың заңғарына ұмтылған ұлт жастарына, үкілеген үміт көзі әр шәкіртке тау тұлға боп есептелмек.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2017 жылғы түлектері атынан
Нәзік Ғазез, университеттің II курс магистранты,
Мөлдір Латифова, облыстық радио редакторы
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылады
Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады
БҚО-да сұйытылған мұнай газымен қамту мәселесі тұрақты бақылауда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы: ашықтық, цифрландыру және қоғаммен әріптестік
Олжас Бектенов обсудил с руководством Air Products сотрудничество в сферах газохимии и промышленных технологий
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда
Оралда «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім комьюнити орталығы ашылды
Минобороны Казахстана обновило правила выплат военнослужащим: что изменилось
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабу: заң талабы және қауіпсіздік
«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты жаңа деңгейге көтерілуде
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форум аясында көрме ұйымдастырылды
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды

Кіру
Пікір үстеу